«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала көркі – көпір

0 65

«Жол инфрақұрылымы» деген атауын бүгінде «автомобиль көлігі желісі» ұғымымен қатар түсінеміз. Яғни жол десек, ар жағында көлік қозғалысына арналған инженерлік құрылымдарды, көлік құралдары, жолдар және жасанды құрылымдар, сонымен қатар жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, т. б. ескеріледі. Дамыған инфрақұрылым – әлеуметтік даму деңгейінің көрсеткіші.

IMG_1336

Ауылдағылар қалаға көшіп, қаладағылар астанаға ағылып, елорданың іргесі кеңейіп келеді. Орталыққа қарай ағылған іргелес елді мекен тұрғындары да орталыққа қарай ағылып, күнкөрісін табады. Өйткені адамға қолайлы орта қалада жасалып, сауда, демалыс орындары қалаларда жасақталып, қалалық болмасыңа да қоймайды. Бұл – жалпыәлемдік үрдіс. Әлемдегідей кенттену үрдісі елімізде де жүріп жатыр. Әлемнің көптеген елдерінде қалалардың санына қоса тұрғындары да, миллиондаған адамдардың күнделікті мәжбүрлі көші-қоны өсуде. Алыс жерлер жаяуға жеткізбейді. Адам баласының төрт дөңгелекті көлікке отыруының жаңа дәуірінің басты шарты осында жатыр. Осыған сәйкес, жолдар ұзарып, көліктердің үздіксіз қозғалысы үшін қара жердің бетіне асфальт құйылып, бетон плиталарымен қапталып, жердің де тынысы тарылып, жұтар ауаның да құрамы өзгеріп барады. Жол бойы да күрделене бастады. Кептеліс, жол-көлік оқиғаларының жоғары қаупі адамдар мен көліктердің арасын шиеленістіріп жіберді. Жүздеген жан ажалын осы жол бойында тауып жатыр. Қалалардың көлік проблемаларының тағы бір жағымсыз факторы – адамдардың жұмысына басқа да қажетті жеріне күнделікті сапарлары үшін жолдың бойында уақытын жоғалтуы. Тіпті «үй-жұмыс» бағытын алғанның өзінде, қарбалас кезді айтпағанның өзінде көлікті тұраққа «байлап» жүргенше де алтын уақыты сырғып кетеді. Адамның тек уақыты емес, күш-қуатын да сарп етіп, өзіне ғана емес, елге және қоғамға үлкен экономикалық зиян келтіруде. Сонда да елге ел қосылып, кент аумағы ұлғайған сайын олардың көлікке деген қажеттілігі артып қоймай, қала аумағының одан да кеңеюіне әкелді, бұл тағы да көліктер санын көбейтуді және т. б. талап етеді. Ұшы-қиыры жоқ мәселе бітпейтіндей көрінсе де, шығар жол әрқашан да бар. Кең асфальтталған көшелерді төсеу, көлік өткелдерін және көп деңгейлі жол айырықтарын салу айтарлықтай жол бейнетін жеңілдетеді. Мысалы, Лос-Анджелесте көлік құралдары мен жол айырықтары қала аумағының үштен екісін алып жатыр. Сонымен қатар көлік ағыны мен олардың тұрақтары жаяу жүргіншілер үшін еңсеру қиын кеңістіктер жасайды, оларды жерасты тоннельдері арқылы жиі кесіп өтуге тура келеді. Қалалардағы бұл тоннельдердің желісі өсіп, кейде күрделі жерасты лабиринттерін құрайды. Мәскеуде қазірдің өзінде осындай 200-ден астам жерасты өткелдері бар екен және олардың саны өсуде. Көптеген еуропалық қалаларда тоннельдердің бұл жерасты желісі одан да кеңейе түсті, дүкендермен жабдықталған және шын мәнінде адамдардың екінші бір мекеніне айналғандай.

Урбанизация бойынша Жапония әлемде бірінші орынға шықты. Халықтың 76 пайызынан астамы қалаларда тұрады. Жан басына шаққандағы көлік саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Бұл елде орта есеппен бір отбасына 1,13 көліктен келеді екен. Автомобиль – Жапониядағы негізгі көлік түрі. Ал жолдарының ұзындығы бойынша әлемде АҚШ, Үндістан, Бразилия және Қытай сияқты алпауыттардан кейін бесінші орында тұр. Елдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1,203 млн км. Бұл елдердің тәжірибесі дамып келе жатқан мемлекеттердің алдағы алар межесі болатыны белгілі.

Еуропа елдерінің, Оңтүстік Америка, АҚШ және Канаданың тәжірибесі көрсеткендей, 1000 тұрғынға 800-1000 көліктен келетініне қарамастан, көлік-жол мәселелерін шешудің жолы бар. Мұндай шешімнің негізі – қаланы қала маңындағы жолдар желісімен байланыстыру және қала бойынша көлік қозғалысының үлкен көлемін қамтамасыз етуде негізгі көлік жұмысын орындайтын көшеден тыс жоғары жылдамдықты автомобиль жолдарын құру. Бұл іс жүзінде кептеліс жойылып, қозғалыс жылдамдығы мен қозғалыс қауіпсіздігін арттырады.

Әрине, мамандар мұндай күрделі жүйені қысқа мерзімде салу мүмкін еместігін алға тарта отырып, оны стратегиялық мақсат ретінде қарастыру, қалалардың бас жоспарының жобаларында қабылдануы тиіс екендігін айтады.

Еліміздің бас қаласының күретамырын құрайтын жолдардың ұзындығы 1102 шақырымға созылып, мыңнан аса көшені құрайды. 25 жаяу және автомобиль көпірі, 8 көлік айырығы, 11 жол өтпесі, 9 жерасты және 4 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі бар. 2023 жылға дейін қалада 121 шақырым жол, 3 көпір, екі жол айырығы, 1 жол өтпесі және 1 тоннель салу жоспарлануда.

Көпірлер әрқашан адамның өмір сүру кеңістігін кеңейтуге қызмет етті. Алғашқы көпірлерді ағаштан салып, оның үстімен жүріп өтіп, көрші елдерге тез жетті, олармен тұрақты байланыс орнатып, соған сәйкес сауда мен көлік жүйесі дамыды. Америка құрлығында инктер тайпасы арқаннан есіп те көпір салыпты. Бұл аспалы көпірлердің ең қарапайым түрі болса, уақыт өте келе техникалық прогрестің дамуымен күрделі дизайндағы көпірлер пайда бола бастады. Кейінірек дамыған елдерде құрыштан, болаттан соқты. Оның арасында көпірдің тіректері тастан жасалды. Көпірлер де көп түрлі. Теміржол, автомобиль, жаяу, арнайы көпірлер болып бөлінеді. Ұзындығына қарай шағын (25 м-ге дейін), орташа (25-тен 100 м-ге дейін), үлкен (100-ден 500 м-ге дейін немесе ұзындығынан ұзынырақ) болып бөлінеді. Биіктіктері де көпірдің бір сипатын ашады. Өзен-судың ернеуіне қарай жоғары, төмен және су астында деп те айтылады.

Қалалардың дамуы, экономикасы көпфункционалды көпірлердің басты артықшылығын айқындайды. Ірі қалалардың орталықтарында кеңістіктің тапшылығы және ғимараттардың тығыз орналасуы, көшелерде ағылған машиналардың саны жол айырықтарын, жүргіншілер көпірі мен көлік жолдарын салу қажеттігін тудырады. Көш ілгері кетуде. Бүгінде көпірлердің кеңістігін де тұрғындар үшін тиімді пайлану жолы қарастырылуда.

Ең үлкен қалаларда жерасты кеңістігі белсенді: жерасты автотұрақтары, инженерлік құрылыстар, инженерлік желілер және т. б. Көпір ғимаратының артықшылығы – тіректің іргетасына арналған жерасты кеңістігінің шағын көлемі.

Жүйедегі көпфункционалды көпірлерді салудың әлемдік тәжірибесі қаланың дамуы әртүрлі. Екі қабатты көпір салынып, сауда алаңымен қатар жасалған. Ғимараттың бір бөлігі ретінде көпірлер, бақылау палубасы ретінде көпір бар («Око» көпірі, Тяньцзинь, Қытай), көліктік және сәндік, мүсін көпірі («Пуэнтос-Каскара» көпірі, Мадрид), инженерлік құрылымдармен біріктірілген көпірлер де бар.

Қаншама адамның алтын уақытын үнемдеп, алысты жақындататын көпір салу – ең сауапты әрі аса қажетті іс. Көпір салу көнеден келе жатса да, бүгінде оны жобалау және салу жоғары біліктілікті, айтарлықтай шығын мен орасан зор еңбекті талап етеді. Алайда көпір құрылысына салынған ақша адал, барлық инвестиция әрқашан ақталған. Сондықтан да көпір салу – қала тірлігінің ажырамас бөлігі, қаланың бір басынан екінші шетіне дейін жылдам жеткізетін ең тиімді байланыс құралы.

Ал Есілдің екі жағына орналасқан елорданың қала тірлігінде оның маңызы да ерекше. Мұндағы көпірлер эстакадалық және ванттық деген түрлерімен тұрғызылған. Бұл көпір құрылысының түрі көлік пен жаяу қозғалысты жеңілдетуге көмектеседі. Ал қаладағы аспалы көпірлер көрнекілігі мен үйлесімді көркімен көз қуантады. «Тұлпар» автомобиль көпірі, Есіл өзенінен кесіп өтіп, Сарыарқа мен Тұран даңғылдарын ұштастырып тұр. «Қараөткел», «Беласар», «Арқар» көпірлері ескі қала мен жаңа қаланың өткеліне айналған.

Жол-көлік инфрақұрылымы тек жолдарды төсеп қана емес, көпірлер салып, ескісін жөндеуде. Бөгенбай батыр даңғылының бойымен жүріп келе жатқанда халық «горбатый мост» атап кеткен көпірдің құрылысын аяқтау осы жылдың үлесінде. Өткен жылдың соңғы айларында Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпірдің құрылысы басталды. Бұл көпір Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауы арасында көлік кептелісін жеңілдетуге әсер ететін болады. Ұлы дала көшесінің бойында, жаңа теміржол вокзалына бара жатқан жолда да жаңа көпір салынуда.

Қалада әлі де жол айырықтары мен көпірлер салынуы тиіс. Осыдан он жыл бұрын қалада 200 мыңға жуық көлік ресми түрде тіркелген болса, өткен жылда 380 мың көлік ресми тіркелген. Әлі де көбейеді. Бұдан бөлек, басқа өңірлерден, облысқа қарасты қала маңындағы елді мекендердің иелігіндегі тіркелмеген транзиттік көліктер де бар. Егер жақын келешектегі кенттену үрдісін ескеріп, қала тұрғындарының табиғи өсімін қаперге алсақ, елордаға жаңа жолдар мен автомобиль көпірі ауадай қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды