Қала көркі – көк желек

Бүкіләлемдік Тазалық күні аясында Есіл өзенінің маңындағы саябақта ағаш егу рәсімі өтті.

0 41

«Бір тал кессең – он тал ек» деген тәмсіл қалай тауып айтылған. Өйткені кез келген қаланың көркі – ағаш, көк желек. Ағаш көбейсе, жасыл-желекке оранған орта қалыптасады. Қуанарлық жайт, өткен сенбіде елордалықтар 700-ден аса тал егіп, әрі сауапты әрі пайдалы іске жұдырықтай жұмылды. Жаһандық деңгейдегі Тазалық күніне осылайша өз үлесін қосты.

Шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осындай экологиялық күндерді өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол жаһандық климаттың жылыну қаупіне байланысты ағашты жүйелі түрде отырғызу керектігін айтты.
«Бізге Президенттің бастамасы аясында еліміздің орман қорына 2 млрд ағаш және елді мекендер мен қалаларда 15 млн ағаш отыр­ғызу керек. Бұл – өте ауқымды және маңызды шара. Еліміздің орман қорын ұлғайтып, азаматтарға жайлылық сыйлау үшін көгалдандырумен көбірек айналысқан жөн. Сондықтан елордамыз Нұр-Сұлтанда жақсы бастама қолға алынып жатыр. Осы бастаманы өңірлердің де қолдағаны маңызды» деді М.Әшімбаев.
Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Алматы ауданындағы саябақта 700 ағаш отырғызылады.
«Қазіргі уақытта 300 мың ағаш отырғызылды. Бірақ біз жылына кем дегенде 500 мың ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Президент өзінің Жолдауында экологияны таза ұстаудың қаншалықты маңызды екенін айтты. Бізді волонтерлердің белсенді қатысуы қуантады. Азаматтық қоғамның да бұл шараға көмектесіп жатқанын көріп отырмыз. Экология мәселесі – азаматтардың денсаулығының мәселесі. Карантин кезінде саябақтар мен гүлбақтарда тұрғындар үшін таза ауамен тыныстау маңызды. Қоғамдық кеңістіктер де сұранысқа ие. Бұл жер де көпшілік жиналатын орынға айналады. Бұған дейін бұл орын бос жатқан. Қазір ағаш-талдар отырғызылып, балалар мен ересектердің спортпен жаттығатын алаңы салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл жер қаладағы әдемі орынның бірі болады. Мұнымен тоқтамаймыз. Бұл – экологиялық күннің бастамасы. Осы жұмысты елорданың барлық ауданында жалғастыратын боламыз» деді Алтай Көлгінов.
Аталған саябақтың құрылысы мен абаттандыру жұмысы келесі жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарлануда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =