Қала деген – қамалдар емес, адамдар

0 250

Егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы алтын әріппен жазылған ақжолтай оқиғаның бірегейі жаңа астанамыздың салынғаны болса керек. Бұл жоба, бұл көш ұлттың мерейін ұлықтады, халықтың рухын көтерді.Уақыт – бәріне сыншы, уақыт – бәріне төреші. Осыдан 22 жыл бұрынғы күндерді еске алсақ, байырғы Ақмола бүгінгідей астана болады дегенге біріміз сеніп, біріміз күмән келтіргеніміз де айдай ақиқат еді. Алайда жыл санап тарих қатпарына айналып бара жатқан сол жылдар Қазақстан елі үшін, қазақ халқы үшін ғасырға татитын тарихи оқиғалармен өрнектелді.
Сонау 1994 жылдың 6 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті ­Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясында мемлекет астанасын Арқа төсіне, атап айтқанда, Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысын ортаға салғанда, бұл ұсыныстың жүзеге асатынын дәл сол кезде көпшілік тереңінен ұғына қоймағаны сөзсіз. Дегенмен, Елбасының көрегендігі мен табандылығы ел мүддесімен үндесіп жатқанын түйсінгендер қатары көп кешікпей көбейе берді. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсаны күні ақ түйе­нің қарны жарылғандай оқиғаға куә болдық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдіктің келешегіне жасаған тарихи шешімі, яғни, мемлекеттің астанасын көшіру туралы бастамасы дәл осы күннен бастап ресми жағдайда жүзеге аса бастады. Алдымен Президент резиденциясын салу қолға алынды. Облыс­тық әкімдіктің ғимараты, бұрынғы Кеңестер үйі айналдырған алты айда қайта жарақтандырылып, Мемлекет басшысының жұмыс орнына айналып шыға келді. Ал оның жанындағы он тоғыз қабатты ғимарат Парламент үйі болып жасалып жатты. Есілдің сол жағалауында Үкімет, министрліктер үйлерінің де қазықтары қадалып жатты.
Ел үшін бір жағынан стратегиялық, бір жағынан ұлттық мүдделерді, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жаңғыртуды жүзеге асыратын осы ғаламат жобаның авторы өзі болғандықтан, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астанаға бірінші болып өзі келген еді. Елбасының бұл қадамы пессимистердің күмәнін күлдей ұшырды.
Сөйтіп, белгіленген уақытта, яғни 1997 жылдың 10 желтоқсан күні, Сарыарқаның сарышұнақ аязы буып тұрған сәтте Мемлекеттік ту, Елтаңба эталондары, Президент штандарты жаңа елордаға әкелінді. Өз көзіммен көрген осы бір тарихи шараның әрбір сәті жадымда жатталып тұр. Орталық алаңға жиналып жатқан жұртшылық арасында еңкейген қариядан бастап, кішкентай балалар да жүрді. «Сарыарқа» күйі­нің күмбірлеп тұрғаны әлі есімнен шықпайды.
Бір сәтте Президент резиденциясынан ­Нұрсұлтан Назарбаев бастап Парламент және Үкімет мүшелері шықты. Жас мемлекетіміздің жасампаз басшылары мінберге көтерілгенде қалың жұрт қуана қол соғып, зор қошеметін білдірген. Елбасы осы бір тарихи сәттің үстінде елжіреп сөйледі. Осы сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның астанасы ресми түрде Ақмола қаласы болатынын жария етті. Осылайша қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Ұлт рухын сілкіндірген ұлы көш басталды.
Екі ғасырдың тоғысында орын алған қиындықтарға қарамастан мемлекеттің жаңа астанасын айқындаған Қазақстанға сол кезде бүкіл әлем қауымдас­тығы түрлі қөзқараспен қарағаны да жасырын емес. Бірақ жас мемлекеттің кемел келешегі, ұлттың баянды болашағы үшін осындай қадам жасауға бекінген Нұрсұлтан ­Назарбаев алған бағытынан айнымады. Тәуекелге бел буып, жаңа астананы, жас қаланы салуға бел шешіп кірісіп кетті.
Осылайша, 300-ге жетер-жетпес тұрғыны бар Ақмолаға ел ағылды, жұрт жиналды. Әсіресе, жастар жағы жаңа астанаға қарқындап келе бастады. Дәл бүгінгі таңда елорда тұрғындары 1 миллион 200 мың адамға жетіп отыр. Қаланың аумағы бұрын 300 мың шаршы метр жерді алып жатса, бүгінде бұл көрсеткіш үш есеге дейін ұлғайған. Бір ғана мысал айтсақ, бұрынғы қалада жылына шамамен 4 мыңға жуық сәби дүниеге келетін болса, қазіргі кезде 25 мың астаналықтың кіндігі кесіледі екен. Қазір бұл қалада 100-ге жуық мемлекеттік балабақша, 237 жеке балабақша бар.
«Қала деген – қамалдар емес, адамдар» дегендей, Елбасы мемлекет басшысы ретінде бұл қаланың қарқынды дамитынын алдын ала болжап, алғашқы құрылыстардың басында өзі болып, әрбір салынатын жаңа нысанның архитектуралық-жобалық жұмыстарына назар аударды. Түсіне білсек, қала салу деген тәуекелді қарекет, бұл – жүздеген, миллиондаған адамның келешегіне өзгеріс әкелетін үлкен құбылыс. Осы орайда сәулет өнерінде аты аңызға айналған архитектор Зураб Церетели «…Ресейде батпақ ішінде Санкт-Петербургті орнатқан 1-ші Петр болды, ал Қазақстанның құба дүз даласына жаңа қала салған Назарбаев. Көру бар да, көрсету бар. Түсіну бар да, көз жеткізу бар. Жаңа астананың орнын, бедер-белгісін таңдаған кезде қасында болған едім, өз елінің мәдениетін, өнерін, үрдісін жаңа ғасырға бағыттаған ірі тұлғалар осындай-ақ болар деп, тәубаладым» деген сөзі осындайда ойға келеді. Шын мәнінде Нұрсұлтан Назарбаев үлкен тәуекелге барғаны сөзсіз еді. Өйткені 90-шы жылдары астана салмақ емес, бұрынғы одақтас елдердің көпшілігінде «ұлы күйреуден» кейін елдің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін тұрақтандырудың өзі оңайға соқпай жатқан кезі болатын. Алайда қазақ көшбасшысы алған бетінен қайтпады, тек келешекке көз тікті. Қазақ елінің жаңа астанасын салуға дүниежүзінің назарын аудартты. Қолда барды мүмкіндігінше пайдалана отырып, шетел инвесторларын да қызықтырып тарта білді.
Деректер мен дәйектерді сөйлетсек, астана салына бастаған алғашқы бес жыл ішінде қала экономикасына салынған инвестицияның көлемі 2,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Әрине, мұның басым бөлігі құрылыс саласына жұмсалды. Отандық және шетелдік инвестицияның көрсеткіші жыл өткен сайын көбейіп, соның нәтижесінде мыңдаған адамдарға жаңа үйлер салынып, қаланың инфрақұрылымдары заман талабына қарай жаңғырды, жаңарды. Әлемдік сәулет өнерінің үздік үлгілерімен үкіленген зәулім ғимараттар бірінен соң бірі бой көтеріп жатты. «Ақорда», Парламент және Үкімет үйі, Тәуелсіздік сарайы, «Бәйтерек» монумент-кешені, «Қазақ елі» алаңы, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Астаналық Цирк», «Қазақстан» концерт залы, «Астана Опера» теа­тры, Әзірет Сұлтан, «Нұр Астана» мешіттері, «Астана Арена», «Сарыарқа», «Алау», «Барыс Арена» спорт кешендері, «Хан Шатыр», «Керуен», «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталықтары, «Абу Даби Плаза», «Астана ЭКСПО» секілді нысандар бүгінде елордамыздың сәулеті мен дәулетін айшықтап тұр.
Иә, бүгінгі Нұр-Сұлтан бар қазақтың бас қаласы ғана болып қоймай, Орталық Азиядағы саяси-экономикалық, мәдени-рухани тұрғыдан стратегиялық орталыққа да айналып отыр. Елордамызда Елбасымыздың бастамасымен әлемнің маңдайалды сая­саткерлері мен кәсіпкерлері, ғалымдары мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен форумдар халықаралық қоғамдас­тықтың жоғары бағасын алғанын талай жаздық.
Құдайға шүкір, кезінде біреуге жалған болған, біреу­ге арман болған Астана бүгінгі таңда халықаралық қауымдастық таныған, мойындаған қалаға айналды. Елбасымыздың асқақ мақсаты орындалды. Астанамыз жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеп, барша қазақстандықтардың бас ордасына айналды. Астаналықтар саны миллионнан асып жығылды. Сондықтан да біз бүгін Қазақстанның дамуына серпін берген жаңа елордамыздың авторына ризашылық сезіммен «Астана – Елбасының ерлігі» деп айтамыз. Елорда мен Елбасы егіз ұғымға айналды. Ел үшін де, Елбасы үшін де, елорда үшін де марқайып жүретін болдық.
Олай болса, арман қала, байтақ қала, асқақтай бер демекпіз. Ұлы дала ұлтының тарихына «Елорда салған – ер қазақ» болып жазылған ­Нұрсұлтан Әбішұлы мен еліміздің жүрегіне айналған елордамыздың мерейлері үстем бола бергей! Елбасы бір сөзінде «Жаңа астана – ежелгі қазақ жерінің төрі» деген еді. Олай болса, біз жаңа астананың тұрғыны ретінде бұл тарихи оқиға үшін мақтануымыз керек. Жай мақтанып қана қоймай, астаналық деген абыройлы атаққа сай болғанымыз абзал. Астаналық менталитетімізді қалыптастырғанымыз жөн. Туған қаламның төл мерекесі – елорда күні жақындаған сайын осындай көңіл-күйге бөленемін.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =