«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала басшысы жұмысты күшейтуді тапсырды

0 101

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қалалық әкімдіктің кезекті мәжілісінде тиісті ведомстволардың басшыларына әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруді белгіленген мерзімінен кешіктірмеуді тапсырды, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайты.

Әкімдік отырысында 2019-2020 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық туралы қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек мәлімдеді. Оның айтуынша, қаланың энергетикалық жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Биыл ұзындығы 3,9 шақырым болатын жылумен қамту желілерін күрделі жөндеу және 28570 шақырымдық электр желілерін ретке келтіру жоспарлануда. «2019-2020 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық және оны өткізуге қатысты қалалық штаб құрылды. Аудан әкімдері аудандық штабтар құрып, қыс мезгілінде тұрғындардан келіп түскен өтініштерді тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ПИК және басқа да мәселелер бойынша жылу беруге қатысты талдау жасау қажет» деді Арман Тұрлыбек. Тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы мәселелері бойынша әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов баяндады. Қалада 228 компания тұрғын үй салумен айналысады. «Біздің талдауымызша, бұзылу қаупі бар проблемалық нысандар бар. Бұл – 336 мың шаршы метр немесе елорданың түрлі аудандарындағы 24 ТК. Біз оларды ерекше бақылау­ға аламыз. Биыл біз тапсыруды жоспарлап отырған 4 әлеуметтік нысан бойынша да қауіп төніп тұр. Бұл – № 31 көшесінің оңтүстігіне қарай, Нұра-Есіл арнасының шығысына қарай орналасқан 1200 орындық мектеп. Нысан дайын, қасбет жұмыстары жүргізілуде. Қазір мектепке апарар жол да жоқ, сондай-ақ инженерлік желілер де тартылмаған. Біз мектепті салғанмен, оған апаратын жолдар мен желілерді де қоса салу керек» деді ол. Бақыт Сұлтанов Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшинге қысқа мерзімде инфрақұрылымды жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. «Шілде-тамыз айларында мұғалімдер жұмыс істеп, жаңа оқу жылына дайындалуы тиіс. Нысан шілде айында инженерлік желілермен бірге тапсырылуы тиіс» деп атап өтті қала әкімі. Нұрлан Нұркеновтің ақпараты бойынша қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 102 әлеуметтік және мәдени нысан, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 29 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл – 19 мектеп пен оларға жапсарлас ғимараттар, бір балабақша. Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгін 083, 086, 094, 095 медициналық анықтамалар, ауруханалық парақтар мен медициналық кітапшалар медициналық ақпараттық жүйеде тіркеліп, барлық қалалық медициналық ұйым­дарда беріледі. «Қазіргі уақытта аталған мәселені мемлекеттік тапсырыс алатын жеке медициналық ұйымдар арасында жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қатаң есептілік бланкілерінде мөрсіз уақытша еңбекке жарамсыздық парағын беру үшін елордалық денсаулық сақтау саласында пилоттық жобаны жүргізу мүмкіндігін қарас­тыруда. Бұл шара бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді» деді ол. Сондай-ақ, басқарма басшысы қалалық медицина саласындағы мәліметтерді жиналып, талдау жүргізілетін бірыңғай ситуациялық орталықтың жұмысы туралы айтты. Осы ретте Бақыт Сұлтанов ана өліміне қатысты мәселелерге сапалы талдау қажеттігін атап өтті. «Жүкті әйелдерді алдын ала шақыру, оларды есепке қою, үнемі қоңырау шалу қажет. Заманауи медицина саласындағы жобаларды жалғастыру маңызды» деді қала әкімі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды