ҚАЛА БАЛАСЫ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?

0 143

ERA_5284

Енді бірер аптадан кейін кезекті оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шығады. Елордалық өрендер үшін биылғы демалыс қандай қызықтарымен өтпек? Бұл туралы қалалық Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің жетекші маманы Әсем Үсенова айтып берді.

– Оқушылардың жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өткізу үшін қандай шаралар әзірленіп отыр?

– Биыл 9-шы және 11-ші сыныптарда оқитын балалардан басқа оқушылардың 98 пайызын жазғы демалыстың барлық түрімен қамту жоспарланып отыр. Жаз­дың алғашқы күндерінде 3 сауықтыру орталығы жұмысын бастайды. Атап айтқанда, «Боровичок» (2 маусымнан бастап), «Арман» және «Батыр» (9 маусымнан бастап). Бұған қоса, мектептердің жанынан 2 маусым мен 13 шілде аралығында 68 лагерь және 66 «Дидарлы жаз» спорттық ойын-сауық алаңы және «Айбынды маусым» әскери спорттық алаңы мен жазғы демалыс академиясы құрылмақшы.

– Бұл лагерлерге жолдаманы кім береді?

– Балаларын демалыс лагеріне жі­бергісі келген ата-ана баласы оқитын мектепке хабарласып, барлық мәліметті білуге болады. Жолдама тек мектеп арқылы беріледі.

– Лагерлер ақылы болар?

– Ия, мектепішілік лагерлерге 10 күн бойы демалу – 3 000-4 000 теңге аралығын құрайды. Бұл балаларды та­мақтандырумен айналысатын мердігер кәсіпорны белгілеген бағаға байланысты. Барлық лагерлерде әлеу­меттік жағдайы аз қамтылған отба­сылардың балалары және жетім балалар тегін демалады.

– Ал оқушылардың шығарма­шы­лы­ғын, ой танымын арттыруға ба­ғытталған қандай да бір үйірмелер ұйым­дастырылған ба?

– Әрине, онсыз болмайды ғой. Қалада 2 маусымнан 11 шілдеге дейін Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Жазғы шығармашылық мектебі» ашылады. Балалар осы мектепке барып, шығармашылығын шыңдайды. Зияткерлік қабілеттерін арттырып, ой-ұсыныстарын ортақ талқылай алады. Жазғы мектеп ауысым бойынша жұмыс істейді. Әр ауысымға 12 күннен келеді. Осы уақыт ішінде балалар демалысын қызықты өткізіп қана қоймай, қарым-қабілетін ой-өрісін де дамыта алады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + fourteen =