Қала атаулары қалай өзгерді?

1 331

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың атын өзгерту саясаты жалғасатынын жариялады. Бұған негіз Оңтүстік Қазақстан атауын Түркістан деп өзгертуден басталды. Әрине, Біз Президентіміздің бастамаларын толық қолдаймыз, себебі онда өздерін еліміздің шынайы азаматтары деп санайтын бүкіл қоғамның пікірі мен тілектері дәл көрсетіледі.

ПЕТРОПАВЛ

Неге Петропавл қаласын – Қызылжар, Солтүстік Қазақстан облысын Қызылжар облысы деп ауыстыру керек? Солтүстік Қазақстан облысын және оның орталығын Қызылжар облысы және Қызылжар қаласы деп қайта атау қажеттігі бұрыннан пісіп-жетілген мәселе болып табылады.
Бірінші. Петропавл қаласы орналасқан бұл жер ежелден «Қызылжар» деп аталған. Бұл тіпті жаңа уақыттағы басылымдарда және Ресей мұрағаттарында жазылған (РФ ММ, ф. 5677, т. 6, і. 427).
Екінші. Петропавл – бұл өткен ғасырларда Ресей империясының қазақ жерінде салған әскери бекінісі. Бұл бекініс 1752 жылы патша өкіметінің қазақтардың жоңғарлармен болған қиян-кескі шайқастарының кезінде Қазақ хандығының солтүстік бөлігіндегі 250 верстке дейін Ескі Есіл шебін салу арқылы пайда болды. Ресей империясы Сенатының 26 жылғы 1752 наурыздағы Жарлығымен Қазақ жерінде 11 жаңа бекіністің, 33 редуттың және 42 маяктың құрылысы басталды. Сол кезде Петропавл бекінісі пайда болды. XIX ғасырдың танымал ресейлік зерттеушісі Н.Петропавловскийдің айтуынша, «Қорған, Ишим: Түкала округтерінде (қазіргі уақытта бұл аумақ Қазіргі Қорған, Түмен және Омбы облыстарының оңтүстік бөлігінің құрамына кіреді) шаруалардың қырғыздармен (қазақтар) күресі жүріп жатты. Соңғы уақытқа дейін олар өз иелерінің құқықтарын қорғады…» (Петропавловский Н. Есіл мен Тобыл бойынша: Батыс Сібірдің шаруа өмірін саяхат пен зерттеуден / / 33СО РГО. – Омбы, 1886. – К. 8. – Вып. 1. – Б.16).
Үшінші. 1925 жылы орыс большевиктері бұл қаланы Қызылжар деп өзгертті. 1925 жылдың 18 шілдесінде Ақмола губерниялық атқару комитеті Президиумының Іс басқарушысы Н.Курочкиннің (ол кезде губерниялық орталық Петропавл қаласы болған) қолы қойылған қаланы Қызыл-Жар деп қайта атау туралы шын мәніндегі тарихи қаулы шықты: «Қалаға әулие Петр мен Павелдің құрметіне атау берілуіне байланысты және бұл атау уақыт рухына сай келмейтіні сөзсіз және қаланың өзінің революциялық өткені бар Қазақ Республикасының губерниялық орталығы ретіндегі маңызын назарға ала отырып, ҚазОАК алдында Петропавловск қаласын Қызыл-Жар қаласына (орыс тіліне аударғанда «Красный Яр») қайта атау туралы қаулы қабылданып, қолдау хат жіберілді (РФ ММ, Ф. 5677, І. 6, Т. 427). Ең қызығы: ҚазОАК төрағасы Мыңбаев пен хатшы Аралбаев 1925 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен және 22 қыркүйектегі шешімімен бұл бастаманы қолдайды, себебі: 1) әулиелер Петр мен Павелдің құрметіне қойылған қаланың атауы жұмысшы табының атеистік санасына жауап бермейді. 2) «Қызыл-Жар исстари» атауы жергілікті қазақ халқының арасында орын ала бастаған (РФ ММ, Ф. 5677, І. 6, Т. 427).
Айтпақшы, сол жылы Петропавлдың орнына Қызыл-Жар қаласы белгіленген республикалық және облыстық карта да шығып үлгерді. Қызыл-Жар қаласының қала тұрғындары мен провинциялық тұрғындар тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ. И.Голощекиннің билікке келуімен барлық игі бастамалар тоқтатылды.
Биыл біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Әрине, біз автономиялық және сол кезде орталыққа бағынышты болған республиканың тәжірибесін қайталауымыз керек.
Төртінші. Петропавл қаласының атауы таза діни сипатта болғандықтан, бұл біздің мемлекетіміздің зайырлы сипатына мүлдем сәйкес келмейді. Сонымен қатар, бізде халықтың 80 пайызы мұсылман және олар ертең республиканың басқа қалаларынан мұсылман атауларын алып жүруді талап етуі мүмкін.
Бесінші. Солтүстік Қазақстан облысының атауына келер болсақ, бұл атау – 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бері бізге қатысы жоқ кеңестік жүйенің қалдығы. Тіпті Ресей империясы ешқандай шаблонсыз-ақ Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу және Сырдария сияқты облыстардың аттарын берді.
Алтыншы. Көршілес тәуелсіз мемлекеттерде де облыстардың ұқсас шаблондық атаулары жоқ. Тіпті сол Ресейде тәуелсіздік жылдарында өзінің кейбір қалалары мен облыстарының атауларын өзгертті.
Жетінші. Қала атын өзгерту арқылы біз мемлекеттердің шекараларын, тарихи оқиғалар мен фактілерді өз бетінше түсіндіретін әртүрлі мемлекеттердегі кейбір жоғары лауазымды мырзалардың негізсіз және арандатушылық мәлімдемелерінің алдын алатын едік.

Зиябек КАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының директоры, тарих ғылымының докторы

 ПАВЛОДАР

Павлодар қаласының тарихына үңілсек, патша өкіметі ХVІІІ ғасырдың ортасында қазақ жерін иелену үшін қорған болатын әскери бекіністерін салуымен жаңа тарихы басталады. Осы ғасырдың елуінші жылдарында Ертіс шебі салынып бітіп, ұзындығы Омбыдан оңтүстік-шығысқа қарай Ертісті жағалай, Қытаймен шекарадағы Урыль селосына дейін жалғасып жатты. Ұзындығы 1684 верст қашықтықты қамтыған аймақта Ресей империясы 5 бекініс, 10 форпост, 29 далалық бекет және 35 белгі-мұнаралар салды деп жазады зерттеушілер. Бекіністердің арақашықтығы 220-236 шақырым болса, форпостар мен дала бекіністерінің арақашықтығы 14-27 шақырым болды дейді.
Қазіргі қаланың орнында алдымен 1720 жылы отаршылар Коряковский деп аталатын форпост салады. Бұл Ертіс бекініс шебінің бір бөлігі болатын. Іргесіндегі тұзды көлдің атымен аталған деседі. Бір деректе көлді Коряков деген көпес иемденіп, оның табанындағы тұзды Орал мен Сібірге сатып байыған деседі. XVIII ғасырдың екінші жартысында бекіністің әскери-стартегиялық маңызы жойылып, казактардың станицасының бірі болып, Сібірдегі тұз өндіретін ірі орталыққа айналады. Өлкетанушы Эрнест Соколкиннің айтуынша, 1860 жылы староста Алексей Полуянов бастаған станицаның көпестері Омбы губернаторына арызданып, Коряковскийді қалаға айналдыруын сұрайды. Көпестер қалалықтарға берілетін жеңілдіктерді ойлап, Ертістің суын да еркін игеруге құзырет алады. Көпестер губернатормен саудаласып жүргенде 1860 жылы император Александр II әйелі сегізінші ұлын туып, атын Павел қояды. Осыны оң жамбасына сайлаған саудагерлер қаланың жаңа туған нәрестеге сый ретінде Павлодар деп атайды. Патша жарлығы 1861 жылы 4 сәуірде шығады. Ол Ресей империясы заңдарының толық жинағында жарияланған.
Кейбір зерттеушілер, тіпті осы қаланың тұрғындары да қаланың атауы император Павл I-дің құрметіне деп айтып жүр. Мына құжат мұны жоққа шығарады. Ал бала Павел кім болған?
Ұлы кінәз Александр Михайловичтің естелігінде: «ол жақсы билейтін, беті жылтыраған әйелдерге өтімді болатын. Кавалерияның офицері шеніндегі мұңсыз өміріне толық қанағаттанатын. Павел ешқашан жауапты қызмет атқармаған» деп жазып қалдырған. Патшазада Павел 1889 жылы грек ханзадасы Георг I-дің 19 жасар қызына үйленеді. Алайда екі жылдан кейін әйелі екінші баласының үстінен қайтыс болады. Сонымен бір жасар қызы Мария мен жаңа туған ұлы Дмитрий анасыз қалып, оларды Мәскеу губернаторы, Павелдің үлкен ағасы Сергей Александрович өз тәрбиесіне алады.
Көп ұзамай Павел Ольга Пистолькорс деген гвардия офицерінің үш балалы әйелімен көңіл қосады. 1896 жылы олардың Владимир деген ортақ ұлы дүниеге келеді. Олар 1902 жылы Италия қаласы Ливорнода құпия некелесіп, бастары дауға қалады. Бұл кезде тақта отырған Николай II бұл некеге қарсы болып, Павелді барлық шен-шекпенінен айырып, Ресейге келуге тыйым салады.
Ресей империясының заңы бойынша морганатикалық некеден туған балалар әкесінің атын алуға құқысы жоқ. Сол себепті Павелдің ұрпақтары Владимир мен одан кейін туған екі қызы өмір бойына Палей деген атпен өткен. Патшаның аяғына жығылып кешірім сұраған Павел 12 жылдан кейін Ресейге келеді.
1919 жылдың 29 қаңтарында большевиктер Павел Александровичті тұтқынға алып, Санк-Петербургтегі Петропавл қорғанына жеткізіледі. Мұнда оның немере бауырлары – кінәздар Дмитрий Константинович, Николай Михайлович пен Георгий Михайлович отырған екен. 30 қаңтарда түнгі сағат үште солдаттар оларды жалаңаш күйінде Монета сарайына алып барады. Павел Александрович туберкулёзбен ауырып, тіпті жүре алмайтын халде еді. Ату жазасын орындайтын жерге оны зембілмен жеткізеді. Төртеуін де атып, өздеріне дейін 13 мүрде жатқан бауырластар зиратында көміледі.
Одан бері империяның басын жұтқан большевиктер де тоз-тозы шығып, он бес елді уысында ұстап отырған Кеңес Одағы да құлады. Бәрі өзгерді. Тек өлерінде тәнін жабатын жыртық көйлек те бұйырмаған патша баласы –Павелге сыйға берілген қала сол атауы әлі өзгерген жоқ.
Деректерге жүгінсек, бұл өңірде IX-XII ғасырларда Имакия (кейбір дереккөздерде Қимақия болыпты. Бұл ортағасырлық жоғалып кеткен түркілік Қимақ қағанатының астанасы екен. Орыс империясының боданына дейін еркін жайлаған қазақтың құт мекенін ойып алып, қала салып, ат төбеліндей аз көпестер жиналып, өз мүддесі үшін патшаның баласына сыйға атаса, уақыт пен заманға сай атау беретін кез енді келген сияқты.
Қызылорда
«Сыр – Алаштың анасы» деп алғаш рет Елбасы Қызылордаға келген бір сапарында ертеден келе жатқан сөзді еске салып еді. Анасы дейтіндей бар. Қилы заманда құшағына тығылатын Сыр бойының қазақ тарихында орны бөлек. Бұл жер оғыз дәуірінде – Жанкент, Ақорда заманында – Сығанақ, қызылдар кезінде Қызылорда болып, республикамыздың астанасы болып салтанат құрған. Әргі тарихтан алсақ, Ұлы Жібек жолының тоғысқан тоғыз тарауында орналасқан Сырдың бойындағы Сауран, Сығанақ, Өзгент, Баршынкент, Асанас, Жент, Құмқала, Аққорған елді мекендері бұл елдің көне тарихынан сыр шертеді.
Өзен Сыр, қаласың-ау ендi менен,
Күдер үзiп отырмын
мен де сенен,
Ендi маған сен қоныс бола
алмайсың,
Үстiңе орыс келген от кемемен, – деп ақын жырлағандай, бұл жерге бодандық орыстың от кемесімен бірге келген еді.
Қызылорда бодандыққа мойынсұнған халықтың алғашқы қарсылығын көрсеткен жер деуге болады. Өздеріңізге белгілі, патшалық империя қазақты бұратана халық деп қараған. Сан жылдар бойы қалыптасқан тарихи атауын да айтқызбай, «киргиз-кайсак» деп келген. 1925 жылы бүкіл Қазақстан еңбекшілерінің басын қосқан Қырғыз АССР кеңестерінің V съезінде «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» деп аталсын» деген тарихи қаулы қабылдады. Осыған сай, съезд «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп атауға, астанасы Ақмешітті Қызылорда деп алмастыруға тарихи шешім қабылдайды.
Тарихы тереңнен тартылған сулы, нулы мекенді 1818 жылы Қоқан хандығы қоластына алып, Сырдария бойына салған алғашқы қорғанын Ақмешіт деп атады. Алайда Қоқанды тізе бүктіруді діттеген Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский 1853 жылы әскерімен қамалға басып кіріп, оңтүстікке жол ашады. Ақмешіт атауы губернатордың қолайына келмей, Перовск атандырып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт болады.
Осыдан біраз жыл бұрын қазақ қоғамына танымал әулеттің өкілі, мәдениеттанушы Сәуле Қожықовамен кездесіп, бір деректі анықтап едік. Онда режиссер Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы басылған екен. Қазақша мағынасы мынадай: «Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан неге бұлай болған деп сұрадық. Бұл – қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл», демек большевиктерге ұнайды, ал «орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсы¬ныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады» деген дерек жазылған.
Қызылорда қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңінде өзіндік орнын алып, қазақ руханиятының астанасы болды.
Бүгінде «ордасын» «қызылдың» мағынасы басып тұрған қала атауы большевиктердің бояуынан арылуы тиіс деп ойлаймыз. Бұл туралы қалалықтардың ойын жеткізген азаматтардың пікірлері орталық басылымдарда жарияланып жатыр. Байқағанымыз, жаңаша атауға ықтиярлы. Өйткені ежелгі қаланың тарихын қызылдардан бастаған қиянат-ақ…

  1. Рахметолла :

    Өте керемет айтылған! Жарайсыз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − fourteen =