«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала ағашы тамырын қайдан тартады?

0 180

Алдағы желтоқсан айында өтетін Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясының қарауына елордадағы экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселесі шығарылады. Осыған орай мәслихат депутаттары бірнеше нысанды аралап шықты. Олардың қатарында қоқыс өңдеу зауыты, оған жақын орналасқан экологиялық полигон және «Астана – Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамына қарасты №1 тәлімбақ болды.

ҚОҚЫС ӨҢДЕУ ҚУАТЫ АРТАДЫ
Депутаттар алдымен қоқыс өңдеу зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл кәсіпорын жұмысы жылдар бойы маңдымай қойды. Былтыр «KazRecycleService» ЖШС тиісті шаруаны қолға алды.
«2016 жылдың шілдесінде жұмысымызды бастадық. Зауыт күніне 800 тонна қоқыс қабылдайды. Негізінен, қуаты 1200 тоннаға жетеді. Қазіргі таңда сұрыптау, өндірістік, экомақта цехтары жұмыс істеп жатыр. Пиролиз цехын жаңа жылдан кейін толық қуатына іске қоспақпыз. Жұмысшылардың саны – 200. Бүгіндері пластикті, поли­этиленді өңдейміз. Одан соң қағазды өңдеп, ғимараттарды жылытуға арналған экомақтаны шығарамыз» дейді компания бас директорының көмекшісі Қанат Байымбетов.
Салыстырмалы түрде алғанда, былтыр тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қуаты 5 пайыздан аспайтын. Бүгіндері бұл көрсеткіш 15 пайызға жетті. Зауыт басшылығының сөзінше, 2020 жылы оны 75 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

ЖАҒАР МАЙДАН ОТЫН ӨНДІРІЛЕДІ
Сондай-ақ, 1,5 гектар аумаққа жылыжай салу да жоспарда бар. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Латвия және Түркия мамандары тартылмақ. Жылыжайда қызанақ пен гүлдер өсірілмек.
Толықтай автоматтандырылған пиролиз цехына орнатылған қондырғыларды Украина технологиясымен Астанадағы «Синтез» кәсіпорны жасады. Мұнда өңдеуге келмейтін пластик, полиэтилен күйдіріледі. Бұған қоса, пайдаланылған жағар май өңделеді. Одан қазандықтарға арналған отын шығады.
Зауыттағы өзекті мәселелердің бірі – сумен қамтамасыз ету. Оның себебі, қазіргі таңда кәсіпорынға су тасушы көлікпен жеткізіліп жүр. Бұл жайт цехтардың өнімділігін біраз тежеп тұр.
Кәсіпорынның жанында орналасқан экологиялық полигонға былтыр қаладан шығатын қалдықтардың 95 пайызы көмілді. Биыл бұл көрсеткіш 85 пайызға төмендеді. Ал 2020 жылға қарай оны 25 пайызға дейін азайту көзделіп отыр. Ол үшін қоқысты өңдеу қуаты артуы тиіс.
Депутаттар экополигонға да барды. Полигон қос қапталға бөлінген. Оның бір жағына тұрмыстық қалдықтар көмілсе, екінші жағына құрылыс қалдықтары көміледі.
«Тұрмыстық қалдықтар аумағындағы бірінші ұяшық толып қалды. 2006 жылы салынған ол 3 миллион тоннаға арналған еді. Сол себептен жанында 2 миллион тонна қоқысты көмуге жететін екінші ұяшық салынып жатыр. Жылына 300 мың тоннадай көметін болсақ, бұл ұяшық жеті жылда толады. Бұл аумаққа, негізінен, 1974 жылы қоқыс полигоны салынған. Бірақ қалдықтарды көметін технология сақталмады. Біз тиісті талаптарды сақтап отырмыз. Негізінен, шетелде халыққа қоқысты әкеліп, тапсырғаны үшін ақша төленеді. Ал бізде керісінше, халықтан алынады. Бұл мәселені де реттеуге тиістіміз» дейді экополигон директоры Дулат Өскенбаев.

 

БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫ ЖАЙНАТТЫ
Астанадан Қарағандыға апаратын күре жолдан шеткерірек №1 тәлімбақ орналасқан. Астанаға әкелініп, отырғызылатын ағаштар мен көшеттер сол жерде өсіріліп, бапталған. Мәселен, қалаға сән беріп тұрған Ботаникалық бақтағы ағаштардың 98 пайызы осы тәлімбақтан алынған.
Тәлімбақтың жалпы ауданы 349,5 гектарды алып жатыр. Мұнда ағаштар мен көшеттердің 50-ден астам тұқымы өседі. Олардың арасында үйеңкінің, теректің, шыршаның, алманың, шегіршіннің түр-түрі, қайың, қызыл шетен, емен, қарағай, жөке, шаған, т.б. ағаштар бар.
«Ісіміз қыс түсіп, жер қатқанша тоқтамайды. Ағаштарды өсіріп, баптау оңай жұмыс емес. Бір жерге отырғызғаннан кейін орынның үш-төрт рет ауыстыруымызға тура келеді. Қазылып алынып, Астанаға жөнелтілген ағаштардың орнын да бос қалдырмауға тиістіміз. Әйтпесе, қорымыз таусылады. Жердің құнарын арттыру жұмысы да бар. Ағаштар жапырағын жайғанда, бір-біріне жақындап кетеді. Бұл – өте зиянды. Сондықтан араларын ашуды да жасаймыз» дейді тәлімбақтың басқарушысы, осы жерде отыз жылдан астам тапжылмай жұмыс істеп келе жатқан Геннадий Ли.
Оның айтуынша, көп ағаш түрлері өте баяу өседі. Мысалы, шырша 5 жылда 20 сантиметрге ғана жетеді. Осыдан он жылдай бұрын Астанаға кәдімгі жапырақты ағаштарды жөнелтуді азайтып, оның орнына қылқан жапырақтыларды көбейту шешілді. Сондықтан шыршалар көп егілді. Мұнда ағаштарды қамыспен баулау да жасалады екен. Оның себебі, маңайындағы көп қоян ағаштарға «жаудай тиіп» кеміріп тастайды.

ТӘЛІМБАҚ ТҮЙТКІЛДЕРІ
Тәлімбақта бұл күндері тоқсан адам жұмыс істейді. Арнаулы техниканың саны – 12. Мұнда да су мәселесі бар. Ағаштарды суару үшін су тасушы көлік келеді.
«Тәлімбақта жолдар жоқ. Арнаулы техника да жетіспейді. Бар техниканың көбі де ескірген. Біреуі бұзылатын болса, еңбек өнімділігі төмендейді. Техниканы жөндейтін жылы бокстар да жоқ. Құрал-саймандар да қымбат. Бізді қаржыландыру ұлғайтылса деген тілегіміз бар» дейді «Астана – Көгалдандыру құрылысы» АҚ басқарма төрағасы Әділхан Әбілдинов.
Кәсіпорындарды аралау қорытындылары, анықталған түйткілдер енді Астана қалалық мәслихатының алдағы кезекті сессиясында қаралады.

P.S: Кеше Астана қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының қоғамдық тыңдаулары өтті. Онда қала аудандарындағы учаскелік инспекторлардың қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қорғау жайы қаралды. Бұл туралы газеттің келесі нөмірінен толығырақ білесіздер.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды