«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда 78 пайызға орталық жылумен қамтылып отыр

0 109

Өткен жылдың соңында «Нұр-Сұлтан қаласын 2030 жылға дейін жылумен жабдықтау сыз­басы» бағдарламасы бекітілді. Қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының тапсырысымен әзірленген бұл құжатта қаланы жылу энергиясымен қамту жүйесін дамытудың жеті нұсқасы ұсынылды. Мұнда отын түрлері, орнатылатын қондырғылар типі және жылу көздерінің құрамы бойынша айыр­машылықтар бар.Экологиялық және экономикалық тұр­ғыдан алғанда негізгі отын ретінде табиғи газды пайдаланып, 3-ЖЭО құрылысының екінші кезегін кеңейтуді қарастыратын нұсқа ең тиімді болып белгіленді. Мұның ішіне 2030 жылға дейін қаланың сол жағалауындағы жаңа тұтынушыларды жылумен қамту үшін шаһардың оңтүстік бөлігінде бу-газ қондырғысын салу кіреді.
Жалпы елордада 2025 жылға дейін жылу энергиясын көбейту үшін 2-ЖЭО-дағы №7 стансадағы турбоагрегатты және №8 стансадағы қазандық агрегатын пайдалануға беру қарастырылып отыр. 2021 жылы 1-ЖЭО-ны қайта құрып, станса жұмысын газға ауыстыру көзделуде.
Сондай-ақ келесі жылы 2-ЖЭО-ны да қайта құрып, су жылыту қазандықтарының көмірмен жұмыс істеу мүмкіндігін сақтап, табиғи газға көшіру, 3-ЖЭО құрылысының бірінші кезегін пайдалануға беріп, су жылыту қазандықтарын газға көшіру жоспарланып отыр. Ал 3-ЖЭО-ның екінші кезегінің құрылысы 2024 жылы аяқталмақ. Ол табиғи газда жұмыс істейтін болады.
Қазіргі кезде қаланың орталық жылу жүйе­сіне екі ірі компания қызмет көрсетеді. Олар шаһарды 78 пайызға орталық жылумен қамтып отыр. Соның бірі «Астана Энергия» АҚ құрамына 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО кіреді. «Пригородный», «Промышленный», «Железнодорожный», «Мичурино», «Интернациональный» тұрғын алаптарына жылу тарататын қазандықтар да аталмыш компанияға қарайды. Ал «Астана Жылутранзит» АҚ орталық жылу жүйесі аумағындағы желілердің жұмысын қамтамасыз етеді. Оның жалпы ұзындығы – 737 шақырым.
Жаңа сызба бойынша орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында орналасқан автономды қазандықтарды жауып, тұтынушыларды орталық жылу жүйесіне қосу, ал осы аймаққа кірмейтіндерді газға ауыстыру ұсынылған. Қорытындысында 53 қазандық жабылады, 135-і газға көшіріледі және 26 жаңа автономды қазандық салынады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды