ҚАЙЫРЫМЫ МОЛ БАЛ-МАСКАРАД

0 158

1Ертең сағат 19.00-де Астана қаласында VI Қысқы қайырымдылық бал-маскарады өтеді. Ізгі шарадан түскен қаражат елордадағы балалар үйлері мен аз қамтамасыз етілген отбасы жеткіншектері үшін білім беру бағдарламаларын қолдауға жұмсалатынын айтады ұйымдастырушылар.

Қайырымдылық-мерекелік кеште әлемдік эстрада жұл­дыздары өнер көрсетпек. Айталық, сlassical crossover жанрында орындаушы Арина Домски, классикалық аккордеоншы, халықаралық байқаулардың жүлдегері Ксения Сидорова шараның маңызын арттыра  түседі. Бал-маскарадты белгілі тележүргізушісі Айгүл Мүкей мен ресейлік қоюшы-режиссер Магомед Чегер жүргізбекші.

Басқосуда картиналар мен өнер бұйымдарының аукционы өткізіліп, бағалы  сыйлықтар ұтысқа қойылады. Атап айтқанда, «Chantacler» зергерлік үйінің, «Pasha» зергерлік және сағат салонының қымбат әшекейлері, «Чехов» мейрамханасының, «Sisters», «Toniand Guy» сұлулық салондарының сертификаттары ойнатылады.

Астанадағы айрықша кешті полонез, вена вальсі, рэгтайм, ирланд кейли бал билерін орындаушы дебютанттар ашады, олар бұл билерді бірнеше апта бойы дайындады.

Қайырымдылық шарасын «Radisson Hotel Astana» қонақ үйі, халықаралық «Алтын Қыран», «Болашақ» қорлары, «Қазкоммерцбанк» АҚ, «Наира» баспаханасы ұйымдастыруда және «Нұр Отан» партиясы мен «Best for Kids» қоғамдық қорының  еріктілері қолдау білдірмек.

Айта кетерлігі, былтыр өткен V Қысқы қайырымдылық балынан жалпы сомасы 12 410 000 теңге түскен. Оның  11 210 000 теңгесі «SOS Астана» балалар ауылының қажетіне жұмсалды. Оның 4 134 421 теңгесіне балалар ауылының екі үйі күрделі жөндеуден өтті, 4 015 579 теңгесіне жазғы концерт алаңы салынды, 3 060 000 теңгесі Балалар ауылының 10 тәрбиеленушісінің оқу ақысына аударылды.
1 200 000 теңгеге  мүмкіндігі шектеулі балалар үшін 10 арнау­лы кресло-орындық сатып алынды.

Асхат Райқұл

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 1 =