ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫНА АТСАЛЫСТЫ

0 141

Қасиетті Рамазан айында «Мейірімді жүрек» атты қайырымдылық шарасының шеңберінде қалалық мәслихат депутаттары қайырымдылық ұйымдары мен меценаттармен бірігіп, әртүрлі ауруларға шалдыққан балаларға көмек көрсетті.

zhunusov-kopirovat

№ 10 қалалық емханада Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекесіне орай өткен шараға 30 мүмкіндігі шектеу­лі бала шақырылды. Оларға түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды. Осы күні сыйлықсыз кеткен бала болған жоқ. Сыйлықтарды қалалық мәслихат депутаты Саят Батпенов пен «МегумиСтройСервис» ЖШС бас директоры Шынар Болсамбекова ұсынып, таратты. Аталмыш емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Бибіжан Мамаева өз тарапынан қайырымды жандарға алғысын жеткізді.

Бұл мерекеге қатыса алмаған мүгедек балалар да қалалық мәслихаттың қолдауынсыз қалмады. Депутаттар олардың үйлеріне сыйлықтар мен тәттілерді жіберді.Сал ауруына шалдыққан Нұрсұлтан Кәкімовке қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов қаржылай көмек берді. Бұған қоса, баланың еміне қажет дәрі-дәрмек алып берді.

Қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина №5 қалалық емхананың №1 отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Майра Бабажанова және учаскелік мейірбике Жұлдыз Досмұхамедовамен бірге ауыр дертке шалдыққан бес жасар Юра Савосиннің үйіне барып, баланың жағдайын білді. Жай келмей, Юраның тәні сауығуына, ақыл ойының дамуына септігін тигізетін конструкторды сыйлады. Сондай-ақ, осындай сыйлықты Даун ауруына шалдыққан 13 жасар Өмірзақ Бекетовке де табыстады.

Жуырда жеті жасар Динара Болатбектің миына ота жасалды. Баланың анасы үш баламен бірге саяжайлардың бірінде тұрып жатыр. Үш баланың екеуі мүгедек, сондықтан ана балалар уақытында ем алып жүрсін деп Астанаға көшуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда ауру балалар «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының есебінен ем алуда. Алайда оларға емді үзбеу керек. Осыған қаныққан мәслихат депутаты Аман Аюпов материалдық көмек көрсетіп, дамыту ойындарын сыйлады. Сонымен бірге, балалардың анасына «Бейімдеу орталығы» ЖШС-на баруға кеңес берді. Аталмыш орталық мемлекеттік тапсырыс негізінде балаларды емдей алады.

Жансабек Жанатов велосипед туралы көп армандады. Оның бұл арманын мәслихат депутаты Сәрсембек Жүнісов жүзеге асырды.  Депутат Мирас Шекенов Темірлан Қошановқа қымбат болғанымен бірге сирек кездесетін дәрілерді сатып берді, ал Есенжол Бекішев Айару Рақымбердиеваның еміне қажет көмек берді. Мадияр Мұсаев, Айару Сайлаубекова, Нұргелді Сайлаубек, Әлішер Байшоланов сынды ауру балаларға депутаттар Гайдар Қасенов, Сергей Солодовников және Рамзия Умербаева көмектесті. «Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясы аясында қалалық мәслихат депутаттары жарымжан жандарға жәрдемдесуді жалғастыруда.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + 6 =