©2020 Астана Ақшамы
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ІЗГІ ҚАСИЕТ
Кеше Астана қаласы әкімдігінің ғимаратында дәстүрлі қайырымдылық акциясы аясында мүгедек балаларды тәрбиелейтiн елордалық 27 отбасыға ақшалай сертификаттар тапсырылды.
Тумысынан мүмкiндiгi шектеулi сәбидi өсiрiп, тәрбиелеу кез келген ата-анаға оңай емес. Әрине, мемлекет тарапынан мұндай мүгедек балаларға жәрдемақы төленiп отырады. Дегенмен, ол баланың толыққанды емделуiне жетпей жататыны шындық. Осыған орай, қала басшылығы Астана күнiн мерекелеуден түскен қаржыны қайырымдылыққа, нақтырақ айтсақ мүмкіндігі шектеулі бүлдiршiндердің денсаулығын оңалтуға жұмсауды дәстүрге айналдырған болатын. Ол биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Қайырымдылық жасау – бұл кез келген қоғамның басты мiндетi екенін ескере келе, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін қайырымдылық акциялардан жиналған қаржылардың «Бәйтерек» қайырымдылық қорының есеп-шотына түсетінін жеткізді. Бұл қор 2008 жылы әкімдіктің бастамасымен құрылған болатын.
«Астанадағы мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қамқа Жасанованың айтуынша, бүгінгі күні қаламызда 18 жасқа дейінгі 1400-ден астам мүгедек бала тіркелсе, олардың 600-і қор есебінде тұр. Осы балалардың 65-і көмекке өте мұқтаждар қатарында.
Биыл қорға 15 миллион 500 мың теңге жиналды. Аталған қаражат қымбат емделуді қажет ететін мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасыларға берілді. Енді олар еліміздің іргелі клиникаларында ғана емес, сондай-ақ Қытай, Ресей секілді басқа да мемлекеттерде медициналық көмек ала алады.
Кез келген жерден ем алуға әрі жедел операцияға мұқтаж мүгедек балаларға осындай мүмкіндік туғызғандары үшін мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар шараны ұйымдастырушыларға шексіз ризашылықтарын білдірді. Ал, ұйымдастырушылар болса осынау игі істің алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.
Гүлбаршын
ӨКЕШҚЫЗЫ