ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ІЗГІ ҚАСИЕТ

0 283

ZAH_4827

Астана қаласы әкімдігінің ғимаратында мүгедек балаларды тәрбиелейтін елордалық 16 отбасыға ақшалай сертификаттар тапсырылды.

Осымен бесінші жыл қатарынан өткізіліп отырған дәстүрлі қайы­рым­дылық шара барысында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаева елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін қайырымдылық акциялардан жиналған қаржы «Бәйтерек» қайырымдылық қорының есеп-шотына түсетінін және бұл қор 2008 жылы әкімдіктің бастамасымен құрылғанын жеткізді. Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш акция құрылған кезден бері 86 адам ақшалай  сертификаттар алған. Оларға Қытай, Ресей, Израиль, Гер­мания мемлекеттерінде жоғары бі­лікті медициналық көмек алулары үшін  88 000 000 теңге жұмсалған. Ал 27 желтоқсанда «Көрме» ор­та­­лы­ғында Жаңажылдық бал ұйым­дас­тырудан түскен 15 500 000 теңге мүмкіндігі шектеулі 16 баланың еміне жұмсалмақшы.

Тумысынан мүмкiндiгi шектеулi сәбидi өсiрiп, тәрбиелеу кез келген ата-анаға оңай емес. Әрине, мемлекет тарапынан мұндай мү­гедек балаларға жәрдемақы төле­нiп отырады. Дегенмен, ол бала­ның толыққанды емделуiне жетпей жататыны шындық. Жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қажет ететін әрі жедел операцияға мұқтаж балаларға осындай қайырымдылық шараны ұйымдастырып, мүмкіндік туғызғандары үшін барлық ата-аналардың атынан «Астанадағы мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қамқа Жасанова шексіз ризашылығын жеткізді.

Шараны ұйымдастырушылар осынау игі істің алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =