Қайырымды қала бақытқа ұмтылады

0 359

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» дей отыра, тарихи сананы жаңғырту үшін, ең алдымен, ұлт қаһармандарын үлгі тұтуға, олардың өнегелі өмірі мен артына қалдырған құнды еңбектерін елге, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды тапсырған болатын.Әбу Насыр әл-Фараби – түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Әбу Насыр әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындар­мен, қайраткер­лермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады.
Болашақ ғалым алғашқы сауатын туған жерінде өз тілінде ашса да, 12-16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім іздеп Бағдатқа кетеді. Әбу Насыр әл-Фарабидің жас кезінен Бағдатқа баруының мынадай екі сыры бар. Біріншіден, сол кездегі Бағдат халифатын басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болған.
Екіншіден, Бағдат шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша жағдай жасаған. Бағдатта «Баит әл-хакма» атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған. Алғашқы кезде Әбу Насыр әл-Фараби өзін ақын, әнші, күйші ретінде танытып, одан соң ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларын оқу арқылы күрделі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға кіріскен. Фарабидің алғашқы ұстаздары Иса пайғамбарды «құдайдың баласы» демей, «пайғамбар» деп таныған несториандық христиандар болған. Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан осылар еді. Әбу Насыр әл-Фараби ­дүниетанымы – екі әлемнің: көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен грек-рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі.
Әбу Насыр әл-Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе, математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды. «Ғылымдар тізбегі» деген еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі: 1) тіл білімі және оның тараулары; 2) логика және оның тараулары; 3) математика және оның тараулары; 4) физика және оның тарау­лары, метафизика және оның тараулары; 5) азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы. Ғалым бұл ғылымдардың бәрінің пәнін анықтап, қысқаша мазмұнына тоқталады. «Ғылымдардың шығуы» деп аталатын трактатында математиканың шығу тегі мен себептерін ашуға ­тырысады. «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме» деп аталатын еңбегінде матем-ның методол. мәселелері жөнінде құнды-құнды пікірлер айт­қан. Ол ұзақ уақыт мінсіз, мүлтіксіз ­саналып келген Евклид «Негіздерін» сынау­ға, өңдеуге, түзетуге болатынын іс жүзінде көрсетіп, математиктерге дұрыс жол сілтеген. Әбу Насыр әл-Фараби математиканың филосо­фия іргетасын қаласумен қатар, оны табиғат құбылыстарын зерттеуге батыл қолданудың қажеттігін іс жүзінде танытты. Әбу Насыр әл-­Фараби пікірінше, математика анық, ақиқат білімді береді және басқа ғылымдардың дамуына күшті ықпал жасайды. «Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс» деп аталатын ­еңбегінде ол ғылыми астрологияны астрономиядан бөліп қарап, Аристотельдің логикалық шығармаларында айтылған қағидалар мен жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, белгісіз, кездейсоқ құбылыстарды алдын ала болжауға болатынын немесе болмайтынын ажыратуға тырысады. Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл пікірлерінің кейіннен ықтималдар теориясының философия, логикалық ­негіздерін қалыптастыруда маңызы зор болды.
Физика саласындағы Әбу Насыр әл-Фарабидің көрнек­ті еңбегі «Вакуум туралы» деп аталады. Мұнда ол вакуум жоқ екенін ежелгі гректерде сирек кездесетін тәжірибеге сүйен­ген логикалық қорытындылар арқылы дәлелдеуге тырысқан. Әбу Насыр әл-Фараби бұл еңбегінде вакуум мәселесінен басқа да физиканың әртүрлі мәселелерін қарастырып, сол кездегі ғылымның дәрежесіне сай өз шешімдерін дұрыс тапқан (дененің жылудан ұлғаюы не кішіреюі, түсірілген кернеу­ге, қысымға байланысты ауа көлемінің ұлғаю немесе кішірею заңдылықтары, ауаға түсірілген кернеудің берілуі, т.б.). Әбу Насыр әл-Фараби химия, медицина, география, минерология т.б. жаратылыстану ғылымдары бойынша да шығармалар жазған. Әбу Насыр әл-Фараби медицина саласында «Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат», «Жануарлар ағзалары», «Темперамент туралы» т.б. еңбектер жазған, онда негізінен медицинаның ­теория мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады. Әбу ­Насыр әл-Фарабидің философия және натурфилософия еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады.
Әбу Насыр әл-Фарабидің әлеуметтік-экономикалық көзқарастары «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», ­«Мемлекеттік қызметкердің афоризмдері», т.б. еңбектерінде көрініс тапты. Ғалымның пікірінше, адамзат қоғамының қалыптасу жағдайы – материалдық қажеттіліктерге байланыс­ты, ал адамдардың бірігу себебі адамның табиғатына байланысты болады.
әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы трактатында былай дейді: «Адам толығымен дамып жетілуі үшін көптеген нәрселерден тәуелді болады. Яғни ол өзіне қажет нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды. Сондықтан, адам өзінен басқа адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және адам қоғамда ғана толық жетіліп, бақытқа ­қол жеткізе алады» деп тұжырымдайды. Сөйтіп, қоғамның әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажеттіні тауып беретін ­болады дейді. әл-Фараби адам қоғамдастығын екіге бөліп көрсетеді: толық қоғам және толық емес қоғам. Толық қоғамдастықтың өзін үшке бөліп көрсетеді: үлкен, орташа және кіші. Үлкен қоғамдастық оның пікірінше, барлық жер бетін мекендеуші адамдардың жалпы қоғамдастығы. Орташа қоғамдастық деп белгілі бір халық ретіндегі қоғамдастықты айтады да, кіші қоғам ол белгілі бір қала дейді.
Толық емес қоғамдас­тықты әл-Фараби төртке бөліп көрсеткен. Олар – квартал, көше, үй, ауыл. Ауыл қала құрамына кірмегенімен, ол – қалаға қызмет көрсетіп отыратын толық емес қоғам. Жоғары деңгейдегі даму мен игілікке адам ең бірінші қалада ғана қол жеткізе алады делінеді. ­Кез келген қалада бақытқа ­қол жеткізу үшін, адам барлық нәрсеге шын көңіл білдіріп, шынайы таңдау жасап, ­талаптану қажет дейді. Әрбір тұрғыны бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесетін қала қайырымды қала деп түсіндіріледі. Және онда қайырымды қоғам да, қайы­рымды халықта болады дейді. «Адамдар­ды бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық». әл-Фараби жеке ізгілікті адамгершілікпен байланыс­тырады, ол адам игілігіне септігін тигізетін қызмет нысаны түрінде көрінеді.
Мемлекеттің экономикалық мақсаттылығын талқылай отырып, ойшыл мемлекет басшысының қызметін анықтайды: тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыру, оларды жаулардан қорғау, өзін ­тек ең қажеттімен шектеу.
әл-Фарабидің айтуынша, қайырымды қала адамның сау әрі мінсіз денесіне ұқсас келеді делінеді. Яғни, оның әрбір мүшесі денсау­лықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді дейді. Алайда адам денесіндегі органдар бір-бірінен табиғаты, атқаратын қызметіне байланысты айырмашылық жасайтыны ­сияқты, қала тұрғындарының да қызметі мен қоғамдағы орны бойынша бір-бірінен айыр­машылығы болады. Қаланың басшысы өзінен сатысы төмендегілерге белгілі бір істер­дің атқарылуын талап етеді, ­ал талап етілгендер өз кезе­гінде өздерінен кейінгілерден талап етеді, сөйтіп, ешкімнен талап ете алмайтындар ең төменгі сатыға да жетеді. әл-Фараби бұл еңбегінде қала тұрғындарын бес топқа бөледі: ең құрметті адамдар, шешендер, өлшеу­шілер, жауынгерлер және байлар. Ең құрметті адамдар – ақылдылар, пайымдағыш адамдар, маңызды істерде беделге ие болғандар. Екінші топтағы шешендерге – діни қызметкерлер, ақындар, музыканттар, хатшылар, шығармашылық жұмыспен айналысатындар. Өлшеушілерге есепшілер, дәрігерлер, астролог, математиктер, оқытушылар жатады дейді. Ал байларға егіншілер, мал өсірушілер, саудагерлер, қолөнершілерді жатқызады. әл-Фараби қайырымды қаланы басқаратын адам­да алты түрлі қасиет болуы керек деп есептейді. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенімділік, ойлау қабілетінің жоғары болуы, соғыс өнерін жетік білуі, денсаулығының мықты болуы. әл-Фараби қаланы әкім ғана емес, оны билеудің алқалық түрін де жоққа шығармайды.
Ойшыл адамдарды басқару туралы ілім ретінде ­«полития» идеясын ұсынды. әл-Фараби Таяу Шығыс және Орталық Азияның ғылыми әдебиеттерінде ең алғаш басқару процесін күрделі, көп қырлы процесс ретінде көрсетуге тырысты.
әл-Фараби мемлекет саясатының басты мақсаты адамдарды бақытқа жеткізу, игілікпен жеткізу деп санайды. Ол «бақыт дегеніміз – игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең ­үлкені, ең жетілгені» деп атап көрсетеді және әр адамның оған толық құқығы бар дейді. Ал ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұрғындарының ғана мүмкіндігі бар, сондықтан да қайырымды билеушілер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатындығын айтады. Мұндай ­қалалардың басқа қалалардан ерекшелігі және негізгі белгісі жоғарғы тәртіп пен оның тұрғындарының ­мәдениеттілігі, сыпайыгершілігі және билеушілерінің қайырымдылығы, ақыл ­парасаты.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты осы жылдың мәдени шараларының ­бастамасы болып әл-­Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті. Мерейтойды мерекелеудің басты мақсаты – әл-Фараби мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру. Әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау.

Гүлмира АНДАБАЕВА,
э.ғ.к.
Ғалия ДАУЛИЕВА,
э.ғ.к.
Ильяс КУЛИЕВ,
аға оқытушы, ­әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық ­университетінің

экономика кафедрасының доценттері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 10 =