Қайырлы қадамдарым басталған

0 117

Мен үшін «Астана ақшамы» газетінің орны бөлек. Алғаш қаламымды ұштап, кәсібімді шыңдап, журналис­тикадағы томағамды сыпырған басылым – бұл. Ресми еңбек жолым да осы газеттен басталған. Журналист ретіндегі алғашқы қаламақымды да, алғашқы еңбек­ақымды да «Ақшамнан» алыппын.

Газетте табан аудармай он бес жыл бойы жұмыс істедім. Менің бұл «тұрақтылығыма» өзге әріптестерім таңғалып жүретін. «Осы сен «Ақшамнан» біржола зейнеткерлікке шығатын шығарсың» дейтін. Ал менің басылымда ұзақ уақыт бойы қызмет етуімнің құпиясы – газет ұжымындағы аураның жайлылығында, бір-бірінің жақсылығына сүйсініп, қуанышына ортақтаса білетін әріптестерімнің мықтылығында еді. Газетте кәсіби журналистиканың мектебін қалыптастырып, талай мықты шәкірт тәрбиелеген басшылықтың өзі неге тұрады! Өз басым «Ақшамда» жүріп-ақ талай мектептің шетін көрдім. Бізге басшылық етіп, журналистік кәсібімізге шамшырақ болған, бағыт-бағдар көрсеткен Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Бауыржан Омаров, Талғат Батырхан, Мақсот Ізімұлы сынды ағаларымнан көп нәрсе үйрендік. Журналистика әлемінде дара қолтаңбасы бар осындай тұлғалардың тәрбиесін алғанымды әлі күнге мақтан тұтамын және сол үшін де «Астана ақшамына» дән ризамын.
Басылымның жеке өміріме тигізген жақсылығы да молынан болды. Осы газетте жүріп «Шабыт» халықаралық фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша жеңімпазы атандым. Осы газетте баспаналы болдым. Жан-жарыма ұзатылған кезде де құлағыма алтын сырғасын салып тұрып, тілеулестікпен шығарып салған «Астана ақшамы» болатын. Мұндай қа­йырлы қадамдарыма куә болған редакцияны ұзақ уақыт бойы қимай жүргенім де сол еді…
Жалпы, «Ақшамға» жұмысқа келген тілшілердің осы газетті қиып кетуі қиын. Газеттен үш рет кетіп, үш рет қайтып келген әріптес­теріміз де бар. Мұның өзі береке-бірлігі жарасқан ұжымның жақсылығын көрсетсе керек.
Біз қанша жыл басқа басы­лымда жұмыс істеп жүрсек те, әлі күнге «Ақшамды» сағынышпен еске аламыз. Татулығы жарасқан ұжымда қызмет еткен жылдарды алтын ғасырға балап, сол ерекше күндердің дәмін ұмытқан емеспіз. Ара-тұра төркінін сағынған қыздай «Астана ақшамына» барып тұратынымыз бар. Сонда бізді қуана қарсы алатын ұжым әлі күнге бар. Жүрегімізге соншалықты ілтипат пен махаббат сіңірген ұжымның өзімізге деген қамқорлығы, мейірімі екенін де сеземіз. Тіпті ұжымның тең жартысы ауысып кетсе де, ортаға жаңадан қосылғандардың өзі бұрыннан қалыптасқан сыйластық дәстүрін үзген емес.
Иә, «Астана ақшамы» – қандай адамды да бауырмал етіп жіберетін сиқыры бар қасиетті шаңырақ.
Қанша басшылық ауысса да татулығынан танбай, үлкені – кішісіне, бастығы қызметкеріне қамқор болу дәстүрінен жаңылмай келе жатқан «Астана ақшамын» 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бас шаһардың бас басы­лымы абырой биігінен көрініп, өсіп-өркендей бергей!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 13 =