«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайтарымын күтпей, кәсіп ашып береді

0 79

Ел нарықтық экономикаға енді көшкен аумалы-төкпелі кезеңде кәсіп бастаған әйелдердің бірі – Дина Сырғабаева. Филология мамандығын кәсіпкерлікке амалсыз айырбастаған ол бизнес әлеміндегі талай қиын-қыстау жылдардан өтіп, бүгінде аяғынан нық тұрған кәсіпкерге айналды. Елімізде ол сияқты миллионға жуық кәсіпкер бар. Алайда Дина Ізбасарқызының ерекшелігі – өмірлік ауыр жағдайдағы жандарға қайтарымын күтпей кәсіп ашып беретіндігі.

кәсіпкер әйел

Өзі кәсіптің ең қарапайым түрі тігін бизнесінен бастаған. Мұнай компанияларына қажет қолғаптар, нарықта сұранысқа ие басқа да киімдер тігетін цех ашқан. Одан кейін түрлі салалардағы бизнес жобаларды атқарып көрді. Жылдар өте өзі енді айналып соқпайтын кішігірім дайын кәсіпкерліктерін мүгедектер, жесір, көпбалалы аналар, жағдайы төмен және т.б. өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға тегін бере бастады. Болмаса жұмыс орнын ақысыз пайдалануға мүмкіндік ұсынып, керекті құрал-жабдықтарын толық алып береді. Осылайша ол барлығы 23 отбасыға қайтарымсыз көмек көрсетті. Соның ішінде алтауы – Нұр-Сұлтан қаласының, қалғандары Ақтау мен Павлодар қалаларының тұрғындары. Елорда бойынша сондай көмек алғандардың бірі – жақында газетімізде жазылған Аягөз Шнайдер. Елордалық 6 баласы бар, мүгедек, жесір әйел көпшіліктен көмек сұрап жүретін, қазір ол Динаның арқасында тігін цехын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. 3-4 адамға тауық шығаратын шағын бизнес ашып берсе, Қосшыда тұратын бір кісінің агробизнес кәсібін бастауына ықпал етті.

– Өзімнің бизнес нысандарыма жақын орналасқандарға өндіріс және сауда орындарын тегін беремін. Ақтау қаласындағы өз меншігімдегі бизнес орындарының 1000 шаршы метрге жуығын сондай мұқтаж жандардың кәсіппен айналысуына бердім. Себебі бизнес ашуға барлық адамның бірдей қабілеті, екіншіден, қаражаты жетпейді. Басқа қалаларда тұратындарға орын керек етпейтін кішігірім бизнестер ұсынамын. Экономикалық жағынан пайдалы екеніне көз жеткен бизнестерді, мысалы, тауық шығаратын мини инкубацияны қолайлы дер едім. Себебі қазір бірінші кезекте қажет тағамдар – жұмыртқа мен тауық еті қымбат. Бір шыққанда 100-ден астам балапан шығады, ол 1-1,5 айда көбейеді, оны сатса да, өздері тойып тамақ ішсе де, жағдайы төмен адамға олжа. Әрі мұндай тауық өндіру кәсібінің көбеюі осы азық-түлік өнімдері түрлерінің арзандауына ықпал етеді. Қолымнан келген көмегімді жасап жатырмын. Қазіргі таңда «Қарекет – жақсылық жаса» қорын ашып, сол арқылы көп қайырымдылық жасаудамыз. Себебі елімізде атаулы көмек алатын 1 млн-ға жақын мұқтаж жандар бар. Оларға 20 түгілі 200 бизнес ашып беру де жеткіліксіз, – дейді Дина Сырғабаева.

Бүгінде кәсіпкер ханымның айналысатын бизнес түрлері – сан салалы, соның ішінде инвестициялық бизнестермен де шұғылданады. Өзбекстаннан отанына тәуелсіздіктің бастауында оралып, Маңғыс­тауда біраз жыл тұрып, әрі сол жақта алғаш бизнесін бастаған ол – бүгінде елорда тұрғыны.

Дина Ізбасарқызы «Ісіміз арқылы сөйлейміз» халық­аралық SOROS жүлдесінің лау­реаты атанған. 2021 жылы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін «Өзгеріс ұстазы» республикалық жүлдесінің лауреаты болды. Былтыр сонымен қатар «Қайырымдылық керуені» ІV республикалық байқауының «Мейірім жолында» аталымы бойынша жүлдегер атанды.

Жалпы бүгінде елордада бизнестің 47%-ын әйелдер басқарады. Нұр-Сұлтан қаласында 191 мыңнан астам кәсіпкерлік субъект тіркелген, оның 163 мыңы жұмыс істейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды