Қайта жұқтыру қаупі

Дәрігер кеңесі

0 11

Індетті қайта жұқтыру адам ағзасында оңай немесе ауыр өте ме, ол жағы әлі мамандар үшін де белгісіз. Сондықтан жазылған адамдар шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс. Карантин кезінде азаматтардың басқа қандай сақтық шараларын жасауы керектігі туралы Назарбаев университетінің түлегі, медицина ғылымдарының докторы Ботагөз КӘУКЕНОВА кеңес береді.

Оқшауланғанда неніескеру керек?

Пандемия өршіген жаз кезеңіндегі ахуал адамдардың психологиялық жағдайына теріс әсер етті. Оқшаулану және қашықтан жұмыс істеу қалыпты тұрмыс салтын бұзып, үйде қамалуға тура келді. Ал үнемі үйде болғанда күн тәртібіндегі шаруалар реті де бұзылады. Сондықтан сыртқа шықпасаңыз да, үйде бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұруды қайта қалыптастырыңыз. Таңғы, түскі, кешкі асты дастарқан басында ішіңіз. Яғни бұрынғы қалыпты тірлікті бұзбауға тырысу керек. Сондай-ақ зиянды тамақтардан аулақ болыңыз. Достарыңыз және жақындарыңызбен бейнебайланыс арқылы болса да сөйлесіп тұрыңыз. Локдаун басталып, отбасыңызбен оңаша сәттер көбейсе, үйдегі белсенділікті арттырып, караоке, үстел ойындары, би, кітап оқу және киноклуб ұйымдастырыңыз. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар адамдар өз дертінің асқынбауын бақылауға алуы керек. Белгілі бір ауру бойынша тіркелмеген болсаңыз, жылдам дәрігерге барып, жазылыңыз. Себебі статистикаға сүйенсек, коронавируспен ауырғандардың көбі созылмалы аурулары бар адамдар арасынан шыққан.

Үйде ұстайтын дәрілер

Егер сіз базалық терапия қабылдайтын болсаңыз, өзіңізді жақсы сезінсеңіз де, оларды іше беріңіз. Оған қоса үйдегі дәрі қобдишасын да бір тексеріп қою артықтық етпейді. Бірақ барлық дәріні көтеріп сатып алудың қажеті жоқ. Үй дәріханасында мына дәрілер міндетті түрде болса жақсы: парацетамол немесе ибупрофеннің бірнеше блистері, тамақ ауырғанға пастилкалар, мұрынды шаюға арналған тұзды тұнба, термометр немесе градусник, болмаса пульсоксиметр, ішек аурулары мен жүрек айнуға да дайын болу үшін метоклопрамид немесе ондан­сетрон. Алайда қай-қайсысын да пайдаланар алдында дәрігермен ақылдасып алу керек.
Иммунитет көтеруде орны зор
Өкінішке қарай, бойыңыздағы иммунитетті көтеру оңай емес, тек оны тұрақты деңгейде ұстап тұруға көмектесуге болады. Мықты иммунитеттің негізі – дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану және қанық ұйқы. Фастфудтарды, майлы, қуырылған және тәтті тағамдарды жеуді азайтыңыз. Спортпен шұғылдану да әбден діңкең құрығанша жаттығу деген сөз емес. Бастысы – күніне 10-15 минут бой жазуға арналған жеңіл жаттығулар жасап отыру керек. Түнде уақытылы ұйықтап, күндіз сергек жүру қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =