«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайта жаңғырған «Айсұлу»

0 422

Көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы тұңғыш рет 1964 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қойылды. Араға жарты ғасыр уақыт салып аталмыш өнер ошағы бұл туындыны жаңғыртып, репертуарына енгізді. Ал жуырда Астананың мемлекеттік академиялық филармониясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында операның концерттік орындауын ұсынды.

Шығарма либреттосының авторлары – Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев. Операның негізіне аттары аталған қазақ мәдениеті мен әдебиетінің қос саңлағының кейіннен көрермендерге фильм-спектакль ретінде жол тартқан «Беу, қыздар-ай» пьесасы алынды. Бас кейіпкерінің бірі Айсұлу Асанованың прототипі – Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева.
Спектакль операға бекерден-бекер айналмады. «Беу, қыздар-айдың» музыкасын Сыдық Мұхамеджанов жазды. Мысал үшін:
Айсұлу әлде Нұрсұлу,
Жансұлу әлде Күнсұлу.
Атын білмей қор болдым.
Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу, – деген қайырмасы бар ән мен көптеген концерттерде орындалатын Серке каватинасын айтсақ та жеткілікті.
Кезінде «Айсұлуда» партиялардың бірін орындаған КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаев Сыдық Мұхамеджановты Қазақстанда опера жазатын ең үздік композитор санаған. Туындының бір ерекшелігі – ол еліміздің өнер тарихына тұңғыш комедиялық опера ретінде енді. Композитордың өзі фольклорға шығармашылықтың ең маңызды бөлшегіндей қараған. Соңынан ерген жас композиторларға да «Ұлттық қайнардан шалғай кетпеңдер» деп ақыл айтып отыратын деседі.


Астаналық филармонияның симфониялық оркестрі (көркемдік жетекшісі және дирижері – Берік Батырханұлы) музыкамен сүйемелдеп, камералық хор (көркемдік жетекші – Мәдениет қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова) қатысқан операның концерттік орындауында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Шахризада Тыныштық (Айсұлу), Алтынбек Әбілда (Серке) және классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әншілері операда айтылатын әндерді шырқады.

Мерей ДІЛДӘБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды