«Қайта түлеген қыранмын»

Оймақтай оқиғалар

0 323

…Бала күнімде әкемнің айт­қан әңгімесінің мына бір қиығы құлағымда қалыпты: «…ертеректе аңшы жігіттің әкесі түн ортасы ауа арғы дүниеге аттанса керек. Түні бойы қылаумен өскен қалың қар айнала-төңіректі ақ мамықпен қымтапты. Таң алакеуімде саятшы кіріп-шығып, атын ерттеп, томағалы бүркітін қамдап, тазысын сылап-сипап жүргенін көрген келіншегі: «Отағасы-ау, қайда барасыз? Атамды оң жаққа салғанымыз – анау, қанша күннен бері нәр сызбай қалжырап жатқан атан анау – енді ол өліп қалса не істейміз?» дегенде атына ырғып мінген саятшы мойнын бір бұрып: «Атаң өлсе – қойылар, атан өлсе – сойылар. Бүгінгідей қансонар күнде қайдан табылар!» деп тазысын ертіп ауыл сыртына жөней беріпті…«Жақсы әйел, жүйрік ат, құмай тазы, қыран құс – ер қайраты». Желтоқсан, қаңтар менен сол бір екі ай – құсбегіліктің, саятшылықтың хан базары. Абай айтпақшы, «Қансонарда бүркітші шығады аңға», күре тамырдан қылтамырына дейін қансонар сіңген қазақ баласы қағушылықтан бастап шырға тартып, құс салып қасқыр, қарсақ, түлкі алады. Сал-серілік, саятшылық салтына айналған азамат күнделікті күйбең тіршілікті серпіп тастап, сонарға сапар шегеді. Сонарға бет алған саятшыны «көкелесең» де райынан қайтара алмайсың.
Академик Әлкей Марғұлан қазақ тілінде бүркітке қатысты 1,5 мыңдай ұғым бар екенін айтады. Бүркіт қанатын жайғанда ауқымы 2,5 метрге жетеді. Солардың ішінде қырандар – ең күшті, ірі, дене бітімі мығым және жылдам ұшатын құс. Күніне шамамен 1,5 келі жемтік жейді, 1 айдан астам уақытқа дейін нәр татпауға құс та болса жігері жетеді. Шеңгелдеп салғанда 5 келі жемтікті еркін көтереді. Және бір қасиеті осынау текті құс аққу секілді адал келеді. Тек бір рет қана жұптасады. Жанарының өткірлігі соншалық, 3 шақырым биіктіктен тышқанды да аңдап қалады. Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болған деседі. Қыранның көргіштік қасиетін ертеден білетін қазақ баласы шың, құзға салынған бүркіттің ұясынан балапан алуға барғанда көзінің арғы жағынан ми қатпарлары көрініп тұрмаса, алмайды екен. Бүркіт бір сілкінгенде отбасындағы бір пәле кетеді деп сенген. Құсбегілік қонған қазақ әлдекімге өкпе-назын білдіргенде: «Тәйірі, босағасына құс саңғымаған пәтшағар!» дейтін көрінеді.
Жігіттің жігітіне ғана серік бола алатын қыранның да қыраны бар. Қырқында қамал алатын азаматтың жасындай қыран құс та 40 жылдың кемеліне келгенде шау тарта бастайды. Тырнақтары тым ұзарып, иіліп, жұмсарып кетеді. Құс жарықтық бұрынғыдай түз тағысына қаншеңгелін сала алмайды. Көктен құйылып, сорғалап келіп дөп түскен қыран түлкінің көзіне тырнағын бұрынғыдай көк сүңгідей кірш қадап, аппақ қарда қырмызы түлкіні қырық бұратылдырып, бұлқынтуға қауқары қалмайды. Төмен иілген тұмсығы да сорайып, имиіп, тамақ асыраудан қалады. Қанатындағы қауырсындары, төс ұлпа жүні қалыңдап, баяғыдай қалықтап ұшуға мұрша бермей, денесін ауырлата береді. Міне, осы кезде қыранның алдында екі түрлі таңдау тұрады. Не өлімге мойынсұнып өзін құздан тастайды немесе ғұмырын одан әрі ұзартуға болатынын құс та болса түйсініп, ауыр да азапты жаңғыруға, яғни жасаңғырауға бет бұрады. Осынау жанкешті өзгеріс анау-мынау емес, аттай 150 күнге созылады. Құз басындағы ұясына ұшып келіп орнығады да, жаны көзіне көрінгенше қыранға ғана тән қайсарлықпен түбінен босап түскенінше тұмсығын күн демей, түн демей тасқа соға береді, соға береді… Оның орнына жаңа, берік тұмсық өсіп шыққанынша күтеді. Жас тұмсық әбден бекігеннен кейін ұзарып, жұмсарып, имиіп кеткен тырнақтарын өз жанын өзі шырқыратып, көбесінен сөгіп суырып, суырып алып тастайды. Уақыт өте келе жаңа өскен жас тырнақ қатайып, қармауға келген кезде қанатындағы қатты қауырсындары мен төсіндегі салмағын ауырлатқан ұлпа жүнін ұйысқан қалпында шеңгелдеп жұлмалап жұлып-жұлып тастайды. Сөйтіп, қыран қайта түлейді. Солайша, адамға ғана тән деп білетін өршілдікпен, қайсарлықпен, ерік-жігермен, күш-қайратпен қайыспай 5 ай бойы ас-судан қала отырып, асқан төзімділікпен жаңа тұмсық, жас тырнақ оны қайтадан өмірге әкеледі. Міне, осыдан кейін әлі де 30 жыл тіршілік етуге өзіне-өзі тағы да жол ашады…

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =