Қайта даярланып, қатарға қосылды

0 76

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша жан-жақты жоспарлы шаруа тындырылып жатқаны туралы кеңiнен айтылып та, жазылып та жүр. Бұл бағдарлама қазiргi кезде жұмыссыздар қатарын азайтуда зор рөл атқара бастады. Мемлекеттiң өзi бас болып ел iшiндегi жұмыссыздықпен күресуге мол қаржы бөлiп, бос жүрген әлеуметтi қажеттi мамандыққа оқытып, соның несiбесiн көруге насихат жүргiзуде.
Әсiресе, тәжiрибесi жоқ жас мамандарға мұндай бағдарлама кең көкжиек ашқандай. Тек пәлен жылдық тәжiрибесi бар сақа кадр­ларды қажетсiнетiн ұйымдар ендi Жұмыспен қамту мекемесiнiң қай­та даярлаудан өткiзген маман­дарына сұраныс тудыра бастады. Өзiнiң бiр жерден үйрене алма­ғанын жас маман Жұмыспен қамту мекемесiне келiп, қайта оқытуға ден қоя жүрiп, игередi. Осындай қадам арқылы тәжiрибе жинап, кез келген мекемеге жұмысқа тұруға мүмкiндiк алып жатқан жастар легi аз емес.
Соның бiр ғана мысалы ретiнде редакциямызға келiп, жақсы жұ­мысқа тұру мүмкiндiгiне ие бол­ған қуанышымен бөлiскен астаналық Динара Нәлiбаеваны айтсақ болады.
Динара мектеп бiтiрiсiмен Эко­номика, технология және тағам өндiрiсiн стандарттау кол­леджiне оқуға түседi. Бухгалтерлiк маман­дықты таңдаған екен. Оқуын тәмамдаған соң бiрден жұмыс табу мақсатында Жұ­мыспен қамту меке­месiнiң есiгiн қағады. Мұндағы мамандар оны «Зодиак» ПИК-не тағылымдамадан өтуге жiбередi. Сол жерде бес айдай iстiң анық-қанығына көзiн үйретiп, көңiлiне тоқыған салмақты қыз осында жұмысқа қалғысы келетiнiн бiл­дiредi. Ондағы басшылық та Динараның қабiлетiн айрықша бағалап, жұмысқа қабылдауға әзiрлiктерiн көрсетедi. Тек ол үшiн оған өзiнiң бухгалтерлiк мамандығы бойынша 1С бағдар­ламасын үйрену қажеттiлiгi туындайды. Жұмыспен қамту мекемесi Динараның сұранысына орай оған 1С бағдарла­масын жетiк меңгеруiне мүм­кiндiк жасайды. Ол бiр ай бойы Ақмола оқыту-курстық комби­натында 1С бағдарламасын үй­ренiп шығады. Қайта даярлықтан өте салысымен өзi тәжiрибе жи­нақтаған «Зодиакқа» тұрақты жұмысқа орналасқан Динараның ендiгi қуанышында шек жоқ.
Қазiргi таңда осындай мы­салдар көбейiп келе жатыр. Қала­мыздағы Жұмыспен қамту меке­месi өз кезегiнде сұранысқа ие мамандықтарды қажетiне сай даярлықтан өткiзудi тұрақты жал­ғастыра беретiндiгiн хабарлайды

Шынар ӘБIЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + four =