Қайта дабыл қағылды

0 113

Жаңа жылдың алдында ғана коронавирусқа байланысты біздегі эпидахуал шетелдерге қарағанда шүкір деп отырғанбыз. Айналдырған 10 күннің ішінде, әсіресе сайлау өткеннен кейін індет екі есе жылдамдықпен өсіп, науқастардың ауруханаларды толтыруы 40-тан 70 пайызға бірден көтеріліпті. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда індеттің екінші толқыны басталды деп дабыл қақты. Елорда болса «сары» мен «қызыл» аймақтардың түйісер тұсында тұр. Жағдайды ушықтырып алмау үшін елімізде қосымша карантин шараларын енгізу туралы жаңа қаулы дайындалып жатыр.

Медицина мамандары жаңа жыл мерекесі кезіндегі отырыстар мен жасырын болса да жасалған корпоративтер кесірінен ахуалдың осылай асқынарын алдын ала шамалап болжаған. Бірақ дәл бұлай тез қарқынмен өршиді деп күтпеген. Ахуал қалыпты кезде астанада ауруханаларға күніне вирус жұқтырған 10 нау­қастан түссе, қазір ол 30 адамға жеткен, алда 100 адамнан асып жығылуы мүмкін. Мамандар ауру көрсеткішінің өсуіне тағы бір себеп тәулігіне тапсырылатын тест санының артуы деп отыр. Бұрын тәулігіне 2-2,5 мың адам тест тапсырса, қазір ол 4,5 мыңға дейін жеткен. Елімізде осыған орай коронавирустың таралуын азайтуға күш жұмсалмақ. Ол үшін қосымша карантиндік шектеу шаралары енгізіледі. Бұл дерттің таралу ошақтарын оқшаулауға көмектеседі.

Екпе салуды өздерінен бастады

Былтыр 19 желтоқсанда соңғы клиникалық сынақ кезеңі басталған QazCovid-in отандық вакцинасы 3 мың адамға салынып жатыр. Олардың көшін ерікті түрде медицина өкілдері, педагогтар, созылмалы аурулары бар адамдар бастайтыны айтылған. Ал кейбір шетелдерде вирусқа қарсы вакцинаны билік басындағылар бірінші болып салдырып, өзгелерге үлгі болып отыр. Осыны сөз еткен қазақстандықтар: «Солар сияқты неге біздің биліктегілер де вакцинаны өздері алдымен салдырмайды? Сонда халықтың сенімі артар еді. Әй, бірақ олар шынымен вирусқа қарсы вакцина салдырып жатыр ма, әлде басқа бір витамин егіп жүр ме, кім біліпті?!» деп сынады. Сол сөз өтті ме, әлде өздері сеніп жол көрсетті ме, Қазақстанның билік өкілдері ішінде де осы «ерлікті» қайталағандар шықты. Олардың қатарында Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та бар. Отандық екпені сынаудың бірінші, екінші кезеңдерінде клиникалық зерттеуге өз еріктерімен атсалысқан 244 адамның ішінде де біршама ғылыми ұйым басшылары болған еді. Сонымен әзірге QazCovid-in вакцинасын салдырғандардың денсаулығына екпенің кері әсер бергені туралы еш хабар тарамады. Осылайша алдағы наурызда өз екпемізбен жаппай егу басталады және оны әркім жеке қалауымен ғана салдырады. Жақында ДСМ барлық вакцина қолжетімді болу үшін туындаған мәселелерді пысықтап, отандық вакцинаны 31 желтоқсаннан бастап 9 айға уақытша тіркеуге алды.
Оған қосымша Ресейдің «Спутник-V» екпесі де келесі айда салына бастайды. Бірақ өз вакцинасына ресейліктердің өздерінің де сенімі аздау. Былтыр вакцинациялау басталған желтоқсанның басында елде 9 пайыз ресейлік оны салдыруға дайын болса, жыл соңында ол 13 пайызға көбейген. Ал биыл 13-14 қаңтарда екпеге қарсы еместер көрсеткіші 16 пайызға өсіпті. Superjob дерегіне қарағанда, COVID-19 дертіне қарсы екпе салдырғысы келмейтіндер вакцина сапасына сенбейтінін, сынақтар нәтижелері туралы ақпараттар жетіспейтінін алға тартқан. Алайда 13 қаңтарда Үкімет мүшелерімен отырыста ел президенті В.Путин Ресей вакцинасы әлемдегі ең үздік екпе деп, тіпті ол вирустың жаңа штамына төтеп беретінін айтты.

Sars-Cov-2 – жығылғанға жұдырық

Елордалық реаниматолог Ғабит Нұрханұлының айтуынша, коронавирустың Sars-Cov-2 деген жаңа түрі балалар арасында кең тарауда және оның қауіптілігі COVID-19-ға қарағанда 0,4 пайызға артық, сонымен қатар ол КВИ-ден гөрі 70 есе тез таралады. Балалардың және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдердің бойында жиі кездесетін жаңа мутациядан қайтыс болды деген деректер әзірге тіркелмеді. Оның біз үшін тағы бір қаупі – әлемде 50 елге тарап, соның ішінде көрші Ресейге де жеткені.
Express таратқан мәліметтерге сүйенсек, балаларда жиі кездесіп отыр­ған Sars-Cov-2 жаңа штамының ең бас­ты белгілері – шаршаңқылық, кейбірінің мінезі тұйықтала бастауы және есірігі ұстап, жылай беруі. Тағы бір симптомы – қызуының 37 градустан жоғары болуы. Бұл белгі індеттің жаңа түріне шалдыққан британдықтардың жартысында кездесті. Бала тамағының ауыруы да ағзаға осы инфекцияның түскендігін білдіреді. Науқастардың 35 па­йызға жуығында тамаққа тәбеті төмендеген.
Қазір тарау ошағы Ұлыбританияда дәрігерлер жалпы індетпен күресуге шамалары келмей жатыр. Елде соңғы тәулікте коронавирус­тан 1564 адам көз жұмды. Бұл – пандемия басталғалы бергі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш. Ел билігі дерттің жаңа түрі анықталғанын былтыр желтоқсанның ортасында хабарлады. Артынан Sars-Cov-2 АҚШ, Қытай, Канада, Түркия, Таиланд, Грекия, Словакия, ­Вьетнам және Кипрден де шықты. 10 қаңтарда бұл түрі Ресейден шығып қорқытты. Жаңа ауру Біріккен Корольдіктерден оралған ресейлік әйелден анықталған.
Вирустың ауада еркін тарайтындығын ескерсек, оның елімізге келуі де қиын емес. Қазір мемлекеттік шекара арқылы өткізу қосындарында алдын алу үшін шеттен келетіндерді бақылау күшейтілді. ДСМ елдегі ведомстволық бағынышты зертханалар вирусты анықтау үшін ресейлік коммерциялық жиынтықтарды пайдаланып отырғанын жеткізді. Қолданыстағы бұл коммерциялық жинақтар тек «британдық» штамды ғана емес, соған қоса Sars-Cov-2 вирусының өзге де генотиптерін анықтай алатындай дәрежеде.Орын жетпей, дәлізде жатыр

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша әлемде COVID-19 вирусын бүгінге дейін 93 млн адам жұқтырып, 2 млн адам қайтыс болды. АҚШ-та өлім-жітім одан сайын көбейіп, сейсенбіде коронавирустан 4470 адам қайтыс болған. Пандемия басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіштің бірі – осы. Елдің көптеген ауруханаларында орын тапшылығынан науқастар дәліздерде де жатыр. Медициналық қызметкерлер тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуде. Сол себепті АҚШ-қа келушілер үшін жаңа ережелер енгізілді.
Вирустан көз жұмғандардың көптігінен Германияда мәйітханаларда жерлеуге орын жетпей жатыр. Оның үстіне елде дертке қарсы Pfizer/BioNTech екпесін салдырған 10 адам қайтыс болды деген ақпарат тарады. Былтыр 27 желтоқсанда осы препаратпен алдымен 80 жастан жоғары және Қарттар үйлеріндегі адамдарды вакцинациялай бастаған елде бүгінге дейін 842 адамға екпе салыныпты. Алайда вакцинаны өндірушілер әлгі егілген 10 адамның осы екпеден өлгенін жоққа шығарды. BioNTech компаниясы бөлім басшысы ­Келлер-Станиславскидің айтуынша, қайтыс болғандар – бір бойында бірнеше созылмалы ауруы бар, ауыр жағдайдағы науқастар. «Қолымыздағы деректерге сүйене келе, олардың асқынған ауруынан келген өлім сағаты екпе салдырған мерзімге сәйкес кеп қалғанын ғана айтамыз, сол себепті олар нақты осы екпеден өлген жоқ» деді ол. Екпе салдырғаннан кейін өлгендердің жасы 79-93 аралығында болған, оларға коронавируспен ауырып, тәуекел тобында болған соң екпе салынған. Вакцина салған уақыт пен өлген сәт арасындағы интервал бірнеше сағаттар мен 4 күнге дейінгі аралықты құраған.

Дәрігерге құрмет – отандық сериалда

Отандық медицина мамандарына деген елдің ілтипаты алдағы 19 қаңтардан бастап «Қазақстан» ұлттық арнасынан берілетін «Инелік» телехикаясы арқылы жеткізілмек. Былтыр карантин саябырсыған кезде Текелі қаласында түсірілген сериал медицина саласы мамандарының жанкештілігін, мамандығына адалдығын, өмір мен өлім арасындағы күреске толы күнделікті ауыр жұмысын бейнелейді. Жеке бас қызығушылығын екінші орынға ысырып, «дәрігердің инеліктей жылдам, төзімді, мұхитты ұшып өтетіндей қасиеті болуы керек» деген қағиданы ұстанған ақ халаттылардың адам тағдырын бәрінен жоғары қоятыны кинотуынды барысында көрерменге паш етіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + eighteen =