Қайта айналып келгенше

0 108

Өткен сандардың бірінде ақпанның аяғында әлемнің ең басты геосаяси мәселелерінің бірі – Иранның атомдық бағдарламасы қаралатынын, әрі алаң ретінде Алматының таңдалғанын айтқан болатынбыз. Ендеше, ақпанның 26-27 күндері осы айтулы күндер болып өтті. Келіссөздер аяқталған 27 ақпан күнгі қорытынды мәслихаттар мен жылы шырайлы тарап өкілдері – келіссөздерге еліміздің бейбіт рухын сіңіргендей әсер қалдырды.

Кімге күйбең, ал кімге – емтихан

Иран өкілдері «біздің бүйткен бұл істе» әбден әккіленіп алған де­се де болады. Оның мүшелері, тіп­ті, бірнеше «саяси толқын» бойы осы мәселе бойынша халық­ара­лық қауым­дастықпен келіссөздер жүргізіп жүрген мамандар. Ал қарсы тарапқа келсек, оларға бұл кездесуді емтихан деп қарастыруға әбден болады. Айталық, бұл – АҚШ Мемлекеттік Хатшысы Джон Кер­ридің алғашқы дерлік сыртқы сая­саттағы қадамы. Билік ықпалы рей­тингке тікелей қатысты АҚШ үшін Алматыда Иранға өз шартын таңып кетуі керек-ақ. Әрі АҚШ ықпалындағы Иранмен көршілес араб елдері де мазасыздануда, олар­дың АҚШ қазыналық облигацияларын сатып алуы да – Керридің ба­тыл шешім қабылдауына тікелей бай­ланысты болатын сияқты.

26 ақпанда Иран өкілдері күні бойы тараптардың шарттарын тыңдаумен өтті. Кешке қарай АҚШ бастаған алты ел қойған шарты бұрынғы келіссөздерден бәлендей айырмашылығы жоқ екені белгілі болды.

Үстемдік райы

«Көп қорқытып, терең баты­ра­тыны» рас болса, Иран­ның тай­сақтауын әлем қауымдастығынан бұрын, қатардағы азаматтың өзі бірінші түсінер еді. Алматы­ға Иранға қарсы әлем экономика­сының 80 пайызы келіп отыр десек те болады: Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлы­бри­тания, Франция мен Германия. Ре­сей мен Қытайды тек жалпы алаң­дау­шылық білдіруге қосыла кет­кен­дері болмаса, Иранға қандай да бір қысым құралында үлесі болар деп айта алмаймыз. АҚШ, Ұлы­бри­тания, Франция мен Германия – міне, Иранның басты аузыбір қарсыластары. Тек қана эконо­микалық қысымның өзі Иран халқын күйзелтіп келе жатыр, ал бұл төрт ел – сол қысымның басты орын­даушылары. Бұған, аталмыш елдер өзінің ықпалы бар араб елдерін де Иранға қарсы қойып отыр деуге әбден болады. Ендеше, Иран­ның әлдебір позицияларда шегін­шектеуі әбден мүмкін.
Алматы келіссөздеріне 5+1 тарапынан қандай жаңа «ынталандыру» құралы келгені ақыры құпия боп қалды, бірақ, кездесу алдындағы әр тараптың өз елде­­рінде жасап кеткен баспасөз мә­­лім­­де­ме­ле­рі­не қарап, жаңа еште­ңе жоғын бажайлауға болады. Мінеки, Джон Керридің сөзі: «Дип­ломатиялық шешім терезесі әзірге ашық тұр, бірақ үнемі ашық тұра беруі мүмкін емес. Иранның шын ниетпен келіссөзге келуіне әлі мүмкіндіктер бар». Бауыржан Момышұлы айтқандай, «газет пен бұйрықтан – оған басылмаған сөзді де оқи білу керегі» рас болса, дипломатиялық раймен асталған бұл сөздерден үстемдік райын тану аса қиын емес. Тоқетері, Иран үшін алтылық тарапынан бұ­­рын­­ғыдан мықты өзге дерлік ұсы­ныс бол­маған сияқты. Әрі кет­кенде ше­телдік есеп­шот­тардың кей­­бірінен құр­сау­ларды алып тас­тау, Ормуз бұғазы арқылы Иран­ға келе­тін тауар­дың квотасын үлкейту, тыйым салынған тауар­лардың кей­бі­рінен шектеулерді алып тастау, аз-мұз қаржылай көмек болар. Бірақ бұлардың бар­лығы Иранға Стамбулда да, Бағдадта да, Мәскеуде де ұсыныл­ды ғой?

Парсылардың парқы

Алпауыт елдердің альянсы әлі күнге дейін санасып келе жатқан Иран бұл жолы да шегіншектеген жоқ. Атомдық технологияларды бейбіт мақсатта дамыту – ұлттың, халықтың таңдауы дегенінен әлі танбай отыр. Батыс сипаттап жүргендей, бұл биліктің ғана таңдауы болса, олар әлдеқашан – экономикалық блокададан босау үшін барлығын жауып тастап, елдің ырзалығына бөленер еді.

Иран келіссөздер басталмас­тан-ақ, Алматыдағы кездесуде қаншалықты «сыпайы» болатынын бірден түсіндірген сияқты. Осы келіссөздерге оншақты күн қалғанда (16-17 ақпан күндері) Иран өзінің атомдық нысандары орналасқан Натанз қаласында, уран байытатын қазандықтардың жаңа үлгілері қойылып жатқанын, олар ендігәрі байыту процестерін екі-үш есеге арттыратынын мәлімдеді. Ендеше, бұл хабарламадан да Бау­кең айтқандай, жазылмаған жаз­баны оқитын болсақ, «біздің ұста­нымымыз да баяғы» деген ымды түсінесіз.

Алаң иесінің еркі

Айтпақшы, келіссөз алдында парсылардың сыртқы әлемге тастаған тағы бір ымы бар. Иранның бейресми қожайыны болып есептелетін, ұлттың рухани көш­басшысы Аятолла Әли Хаменеи ақпанның басында… «Атом қаруын жасау – харам» деген пәтуа шығарған болатын! Иран СІМ баспасөз хатшысы Рамин Мехманпараст «Батысқа бейбіт екеніміздің басқа қандай дәлелі керек?» деген еді. Имам ая­тол­ланың мұндай шешімі шын мәнінде Батысқа ишара болғанын сіз бен біз жақсы түсініп отырмыз. Дегенмен Батысқа «рухани» кепілдік емес, қолмен ұстап, көзбен көретін кепілдік керек. Дәлірегі, Ирандағы барлық зерттеу нысандары МАГАТЭ инспекторларын кіргізіп қойып, камера орнатып қойғысы келеді.

Қазақстанның бұл мәселеде тек қана және жалғыз ғана бейбіт шешімді көздейтіні белгілі. Яд­ро­лық сынақтың зардабынан тіке­лей зардап шеккен, өз қолымен атомдық штольняларды бітеп, бейбітшілікті о бастан әлемдік қауымдастықтағы басты ұстаным етіп алған еліміздің бұл саяси көпсайыс та айтары да бар, айтарын айтуға хақысы да бар. «Яд­ролық қару қауіпсіздіктің ке­пі­лі бола алмайды» деген «Назарбаев орталығының» өкілі ар­қылы, ұста­ным­да­ры­мыз­ды әлден айқындап қойдық. Әрі бұл саяси ұпай әлде әлемдік қауымдастық алдын­дағы мәймөңке емес, өз бол­мы­сы­мыз бен басымыздан өткізіп барып айтқан сөзіміз.

Келіссөздердің екінші күні Иран тарапынан ешқандай ұсы­ныс түспеді. Бірақ алтылықтың ірі мүшесі Қытайдың өкілі Чжаосюй­дың мәлім­демесінен Алматы кез­десуінде оң өзгерістерге қадам барын долбарлағандай болдық. «Ке­ліс­сөз­дер­дің же­місті болуына бар­лық негіз­демелер қалып­тасты» деді ол жиын аяғындағы баспасөз мәс­ли­хатында. Келесі кездесу тағы да біздің Алматыда 5-7 сәуір күнінен деп белгіленді. Ал осы нау­рызда Стам­булда аталмыш Алма­тыдағы екінші кездесудің жай-жап­сары сарапшылар деңгейінде айқындалмақ.

Қатысушы елдерді баспасөз «5+1» деп жүр, яғни бұрынғы, тұрақты келіссөз жүргізіп жүрген бес елге бұл жолы Германияның да қосылғанын жеткізген кейпі. Бі­рақ, қа­был­даушы шаңырақ – Қазақ­станның тәжірибесі мен бейбіт ұстанымы қосқан үлесін ескеріп, бұл қосынды 7-ге тең болатыны сөзсіз.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =