Қайсарлық қағидасы

0 131

Нүркен-Есхожин

 Ұлы жеңістің 70 жылдық торқалы тойы мерекеленіп жатқанда бұл күнде дүниеден өтіп кетсе де, тағылымды ғұмырымен ұрпаққа үлгі болған  Нүркен Есхожин атамды жиі есіме аламын. Мен  оның шөбересімін. Егер де, ол кісінің бүгінде көзі тірі болса, өзі қатарлас майдангерлер сапында кеудесі орден-медальға толы атам да жарқырап  жүрер еді.

Атамыз Қорғалжында 1925 жылы дүниеге келген. 1943 жылы отызыншы қаңтарда біздің үйден, менің әжемнің, яғни, жеңгесінің қолынан әскерге алынып, майданға кетеді. Ленинград және Беларусь майдандарында, 219-полктың атқыш-минометшісі, кейін зенитші болады. Взвод командирінің орынбасарлығына тағайындалады.
Сұрапыл соғыстан 1948 жылы аман-есен туған жері Қорғалжынға оралып, отбасын құрады. Бала сүйіп, соғыс зардабынан жан-жаққа тарап кеткен туыстарын жинайды, оларды қанатының астына алады. Атам бейбіт заманда да көпке үлгі болатындай өмір сүрді. Әсіресе, тың көтеру кезеңінде, шаруашылықтың бас агрономы болып, туған жерінің дамуына айтарлықтай еңбек сіңіреді. Ауданның тұқым инспекциясын көп жыл басқарып, астық өнімдерінің артуына еселі үлес қосты. 1997 жылы 28 мамырда дүниеден өтті.
Қанды майданды көзімен көрген атам балалары мен немерелеріне соғыста алған орден, медальдарын, суреттерін, хаттарын көрсетіп, қайсысын қай жерде алғанын, не үшін бергенін әңгімелеп отыратын.

Таяуда Ресейлік «Подвиг народа» деген интернет сайтта, атамның біз білмейтін ерен ерліктерін оқып, қатты тебіреністе болдым. Тіпті, соғыс кезінде марапатқа ұсынылған қағазы да сақталған. Онда былай жазылған:
«Аты-жөні – Есхожин Нүркен, шені – сержант, ұлты – қазақ, әскерге шақырылған жері Қарағанды облысы, Нұра ауданы. 1943 жылы 29 сәуірде ауыр жараланған. Марапаттары 15.02.1943 жылы «Ерлігі үшін» медалін алған. Неміс-фашистік басқыншыларымен соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады: 1945 жылы 6-7 сәуір күні, жаңбырша жауып тұрған жау оғы астынан 13 жаралы жауынгерді, 7 сәуір күні ауыр жарақат алған взвод командирін жау оғы астынан алып, госпитальге жеткізгені үшін және сол күні, тағы 17 жараланған жауынгерді құтқарғаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне лайық деп санаймыз». 219-минометшілер полкінің командирі: Максименко. 10.04.1945 ж
Ауылдан 18 жасында аттанып, сұрапыл соғыста ауыр жарақат алса да, 20 жасында қайта сапқа тұрып, жауып тұрған оқтың астынан екі күн ішінде 31 жаралы жауынгерді құтқарып, ерлік көрсеткен. Не деген – ержүректілік, қайтпас табандылық! Атамның қызыл әскер кітапшасына бас қолбасшының жеті марапаттау хаты тіркелген. Оған қоса «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері, медальдары бар. Біз атамыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз!

Димаш ЕСХОЖИН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =