Қайраткерді сомдаған қойылым

0 88

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақжелең» жастар театры көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен атамызды еске алу күніне орай қаламгер Ғазиз Ештанаевтың «Жолайрық» драмасын сахналады.Қазақтың ардақты азаматы 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесіліпті. Бұл бұйрықтың түпнұсқасы Ресейдің құпия құжаттары сақталған мұрағатынан табылған. Соған орай осы күні елімізде асыл тұлғаны еске алу шаралары жиі өтеді. Қайраткердің есімімен аталатын оқу ордасындағы шара да соның бір жалғасы.
Бұл қойылымды сахнаға әзірлеген – қаладағы «Жастар» театрының әртістері Думан Омарұлы мен Нұрфат Вахитов секілді талапты жас. Олар қолдары бос уақытында осы университетке келіп, өнерге талабы бар жастарға театр әлемі мен сахна сырын үйретеді.
Спектакльдегі Сәкеннің рөлін университеттегі магистратураның 1-курсында оқитын Данияр Манарбеков сомдады. Студент күнінен театр өнеріне ынтық жас қайраткердің бейнесі мен болмысын тамаша аша білді. Басқа да жастар қо­йылымдағы кейіпкерлерді шебер ойнады.
Қойылым аяқталғаннан кейін университет ректоры Ақылбек Күрішбаев талапты жастарға алғысын айтып, алдағы таңда олардың оқу орнының ғана емес, республикалық театрлар сахнасында өнер көрсетуіне қолдау көрсетеміз деді.
Спектакльді оқытушылар, студенттер ғана емес, дауылпаз ақынның жақын туыс­тары да келіп тамашалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды