«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚАЙРАТКЕР

0 247

Пилон ДПП_1 Пилон ДПП_1

Елімізде саналы ғұмырын мемлекетті құраушы ұлттың мүддесін қолдап, намысын қорғап, жанкештілік танытып жүрген азаматтар қатары аз емес. Олардың бірі – қоғам қайраткері, бірі – ұстаз, бірі – ғалым. Ондай болмысы бөтен, өзіндік терең танымы бар, қоғам дамуына айтарлықтай үлесін қосқан, ұлттық сана мен ұлттық рухты барынша молынан сіңіруге ыждағаттылық танытып жүрген зиялы тұлғалар бүгін баршылық. Міне, сондай мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 1995 және 1999 жылдарғы шақырылымдарының депутаты, бүгінгі күні Қазақ гуманитарлық заң университетінің ұстазы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір 75 жасқа толып отыр.

Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы 1940 жылы 23 қаңтарда Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы «Айдарлы» елді мекенінде дүниеге келген. 1956 жылы Қызылорда қаласындағы 1-Май (қазіргі Қалтай Мұхамеджанов) атындағы орта мектепті, 1963 жылы Н.В. Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) педагогикалық инс­титутының Әдебиет факультетін үздік дипломмен бітірді.

Ә.Бәкір еңбек жолын   мұғалімдіктен бастап, 1965 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінде жалғастырды. Одан әрі Мәскеуде БЛЖКО Орталық комитеті жанындағы Жоғары комсомол мектебін бітірді. Одан кейін Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды.

Кеңестік кезеңдегі комсомол жұ­мысын орындауда жауапкершілігі жоғары жас маман өзінің іскерлігімен танылып,  Қызылорда облыстық партия комитеті Саяси ағарту үйінің кеңесшісі қызметіне ауысады. Мұнда Ағарту үйі меңгерушісінің орынбасары, облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, содан идеология бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.

Өткен ғасырдың 80-жылдары тоқырауға ұшыраған Кеңестік қоғамда саяси және экономикалық салаларда реформа жасалмай, бірте-бірте тарауға бет алған болатын. Ком­мунистік партия өзінің қоғамдағы рөлінен айырыла бастады. Партиялық аппаратта он жеті жарым жылдай қызмет еткен Ә.Бәкір 1991жылдары Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы қызметіне ауысады. Саяси және идеологиялық көп жылдық тәжірибе телеарнаның тіршілігіне де соны серпін әкелді. Жаңа басшы жаңа ұжымның шығармашылық жұмысын ізденіс үстінде ұйымдастыруға және қалыптастыруға үлкен үлесін қосты. Сол кезіндегі тікелей эфирдегі «Жүздесу» және «Көкейкесті» хабарлар облыс көрермендерінің жүрегіне жол тапты. Тыңдармандарына рухани құндылықтарды  дәріптеуге  арналған «Сыр елі – жыр елі» ұстанымы бо­йынша телеарнаның шығармашылық кредосы өңір таланттарының өнерін халық арасында кеңінен насихаттауды мақсат тұтты.

Ә.Бәкір жаңадан ұйымдасқан ұжым ретінде телеарнаның жас мамандарын тұрақтандыру бағытында олардың материалдық жағдайларын жақсартуда, әлеуметтік мәселелерін  шешуде  батыл қадамдар жасады. Ақылы хабарлар есебінен несие беріліп, 22 қызметкер пәтерлі болды. Бұл жаңа басшының тікелей өз бастамасымен жүзеге асқан тірліктері болатын.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің жаңа, кәсіби кезеңі бас­талды. Жыл аяғында өткен Мәжілістің сайлауында басқалардан көп дауыстың басымдылығымен Ә.Бәкір заң шыға­рушы органының мүшесі болды. Комсомол, партия органдарында лауазымды қызметтер атқарып, қоғамдағы саяси, әлеуметтік жағдайларды және ұлттық қатынастарды біршама жақсы білудің арқасында Мәжіліс мін­бе­сінен халықтың тілі, діні мен ділі туралы тұрақты мәселелер көтеріп, заң шығарушылық жұмысқа белсене араласты. «Мәдениет туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы» және т.б. заң жобалары жөніндегі жұмыс топтарын басқарды. Ол – «Тіл туралы» Заңның 18-бабының екінші бөлігіндегі: «Қажетті тілдік ортаны жасау және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншік нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берілетін мемлекеттік тілдегі хабарлардың көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс», – деген құқықтық норманың авторы. Сондай-ақ, Мәжіліс депутатының нақты ұсынысымен «Жарнама туралы» Заңдағы ішімдік ішу мен темекі шегуді бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалауға тыйым салу жөнінде құқықтық норма қабылдаған болатын.

Парламент Астанаға қоныс аудар­ғанда, еліміздің бас қаласында бір ғана қазақ мектебі болғаны мәлім. Бұл мәселені Ә.Бәкір Мәжіліс отырысында арнайы мәселе етіп көтеріп, бұл туралы сол кездегі Астана қаласының әкімі Т.Досмағамбетовтің есебін қойды. Бұл елордадағы қазақ мектептерінің санының арта түсуіне бағытталған алғашқы қозғаулардың бірі еді. Бүгінгі күні Астанада 30-ға жуық қазақ мектебі шаңырақ көтеріп, мектеп оқу­шыларына есігін айқара ашса, мұнда ұлт жанашырының елеулі үлесі бар деуге болады.

Ә.Бәкір Мәжілісте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова және профессор Амангелді Айталымен бір бағытта, бір мүддені көздей отырып, мемлекеттік тұрғыда және ұлттық мәселеде бірлесе отырып, көптеген өзекті мәселелердің шешімін табуға өз үлестерін қосып отырды.

Ә.Бәкірдің Парламент мәжілісінде атқарған тоғыз жылдық қызметі жемісті болды. Отырыстарда сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары, заңдар туралы жазғандары, депутаттық сауалдары мен сайлаушылармен жазысқан хаттары «Ел сенімі» (1999), «Ана тілім – абыройым менің» (2004), «Депутат әлемі» (2004) атты еңбектерін  жазуына  арқау болды.

2004 жылы депутаттық мерзім аяқталғаннан кейін Ә.Бәкір Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің Ақпараттық-талдау бөлі­мінде бас сарапшылық қызметке ша­қырылды.  Бүгінгі студент  – ертеңгі жас маман­дардың ел болашағы ретінде ұстаздық ету мақсатында 2005-2006 оқу жылынан бастап Қазақ гуманитарлық заң университетінде қызмет етіп келеді. Қазіргі жаһандану заманында студент жастардың ой-танымын дамытып, көкірек көзін ашуға бар күшін жұмсауда. Ұстаздың әрбір дәрісінен ұлтымыздың құн­дылықтарының жанға жайлы лебі айқын сезіліп тұрады. Қандай тақы­рыпты әңгіме етпесін оны тәуелсіздік мұраттарымен тығыз байланыстырып отырады. Осылармен сабақтары тартымды, осылармен студенттер көңіліне қонымды.

Ұстаздық қызметті атқара жүріп,  Мәжілісте басталған ғылыми жұмы­сын аяқтады. Сөйтіп 2006 жылы «Қазақстан Республикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясат­танулық талдау» деген тақы­рыпта
диссертация қорғап, саяси ғылым­дарының докторы дәрежесіне ие болды. 2011 жылы әлеуметтану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын алды.

Соңғы жылдары Ә.Бәкір ХХ ға­сырдың басындағы қазақтың қоғам­дық санасының дамуына орасан зор әсер еткен Алаш қозғалысын зерттеп, 2008 жылы он баспа табақтай «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік  көзқарастары» атты жо­ғары оқу орындарына арналған оқу құралын дайындады.

Бүгінгі әлемдік жаһандану жағ­дайындағы тәуелсіздігіміздің тұғырлы дүниелері – ұлттық мемлекетімізді жетілдіре түсу, ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтарды сақтау және дамыту, әсіресе, ана тілімізді дамыту мәсе­лелері жайында толғануды Әбді­жәлел Қошқарұлы азаматтық парызым деп біледі. Ол Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ профессорларымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасын дайындауға белсенді ат салысты. Бұл жоба студенттер мен университет оқытушылары арасында талқылаулар жасалып, өзектілігі атап айтылды.

Ғалым өзінің докторлық диссертациясы негізінде жазылған «Қазақ Республикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау» атты монографияның (2009. 346 б,),  «Тарихы да, тағылымы да мол мектеп» (2009. 392 б.), «Тәуелсіздік тағдыры» (2009. 356 б.), «Халқым, деп соққан жүрегі. М.Ә.Сужиков. Ғұмырнама, мақалалары және естеліктер» (2010. 336 б.), «Тәуелсіздік түйіндері: ұлттық мұрат, елдік мүдде» (2013. 440 б.), «Тіл тағдыры. Мақалалар жинағы» (2013. 64 б.) т.б. бірнеше кітаптардың авторы, монографияның авторы. Ғалым қаламынан 200-ден астам ғылыми-публицистикалық және басқа тақырыптағы  еңбектері жарияланып, жарық көрген еңбектері отандық ғылым саласын дамытуда орын алды.

Ә.Бәкірдің атқарған қызметі мен сіңірген еңбегі 1968 және 1971 жылдары екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, 1982 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2001 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған.

Әбдіжәлел Қошқарұлы жарты ғасырдай отасқан жары, ҚР білім беру ісінің үздігі, жоғары санаттағы математика пәнінің мұғалімі Туғанай Мұханқызымен ұл-қыз өсіріп, немере-шөберенің ата-әжесі болып отыр. Үлкен қызы Ақсәуле Мәскеудің бұрынғы Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын қызыл дипломмен бітіріп, қазір «Самұрық қазына» әл-ауқат ұлттық қорында қызмет етеді. Төрт ұл-қыз, немере сүйіп отыр. Кіші қызы Айгүл екі ұлдың анасы, жоғары білімді, Мәскеуде мұнай саласында жұмыс істейді.

Бүгінде қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз, тіл жанашыры торқалы той иесі Әбдіжәлел ағамыз – университет ұжымы арасында абырой-беделі өте жоғары,  білікті ұстаз, ұлт алдында  адал  азамат, қоғамда танымал ғалым ретінде баршамызға үлкен өнеге, мол қазына екенін зор мақтанышпен айта келіп, ағамызға зор денсаулық тілегіміз келеді.

 

Рақымбек Жолаев,

Қазақ гуманитарлық заң университеті Жалпы білім беру пәндері
және  тілдік даярлық жоғары мектебінің директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды