«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайраткер жырды қолдаймыз

0 276

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, талантты ақын, кезінде жастар басылымы – «Лениншіл жас» газетінде бірге қызмет атқарған әріптесіміз Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫНЫҢ «Шуақты шақ» атты жыр жинағының негізгі идеялық арқауы – Туған елге деген перзенттік құрмет, Тәуелсіздікке деген қайраткерлік еңбек, мемлекетке деген шынайы азаматтық көзқарас екенін және поэтикалық шығармалары мәртебелі сыйлыққа лайықты екенін айта отырып, астаналық басылым арқылы хат-мақала жолдап отырмыз.

Ақынның аталмыш жыр жинағына соңғы жылдары жазылған, ағымдағы мерзімді баспасөзде соңғы кезеңде жарияланған және әлі де баспасөз бетін көрмеген жаңа өлеңдері мен дастандары топтастырылған. Қаламгер бұл жинағында тәу етер киеміз Тәуелсіздік, ел бүгіні мен болашағы туралы, ұлттың ұлы салты мен салауаты, жаңа замандық өрлеу жолындағы кезеңдік қадамдары, ел мен жердің ұлы қасиеті мен құндылығы, азаматтық адами қасиеттер, жақсылық пен жамандық, қоғамдық өмірдің дамуы мен өркендеуі, рухани жаңғырудың ұлттық сипаты мен сыры, баба тарихымыз бен дана дәстүріміз жөнінде ой тербеп, сыршыл да шыншыл ойын азаматтық-ақындық көзқараспен бедерлейді.
Өзі де ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болғандықтан, оның поэзиясына – шынайы елшілдік, адал Отаншылдық, патриотшыл мемлекетшілдік тән. Ел дамуының елеулі кезеңдері, Елбасының сындарлы саясатының халықшыл пейілде қанат жаюы, әлемдік қауымдас­тықтағы қазақ жұртының мерейі мен мәртебелі болуы жолында перзенттік парызды сезіне жырлауы – жыр жинағының алтын арқауы. Кітаптың атауы айтып тұрғандай, ақын егемендіктің елге берген ұлы сыбағасы – бейбіт күндер мен берекелі жылдардың шуақты шағы туралы поэтикалық парасатпен тіл қатады.
Кітап бір-біріне рухы жағынан үндескен, тақырыптық жағынан бір-бірін толықтырып тұратын: «Бақытым, бағым – ел менің», «Өлеңнің тердім өрмегін» және «Сазына салдым терменің» деген 3 бөлімнен тұрады. Тақырыптық үндестік кітаптың көркем кестесін құрап, композиция­лық-көркемдік тұтастығын айқын көрсетеді. «Тәуелсіздікке тағзым» деген жалғыз жыр – бір бөлім. Бұл да – бұрын көп қолданылмаған әдеби тәсіл. Осы бір өлеңнің мазмұны күллі дастанға жүк боларлық десек, асыра айтқандық емес. Толғаудың түйініндегі тұжырымды тіркестер ақынның қайраткерлік болмысын толық ашып бергендей:

Есік аштық алыс
пенен досқа сан,
Жетім күнмен күліп тұрып қоштасам.
Байлық,
барлық, билік, бақыт, бағың да,
Азаттықтан артық емес ешқашан.
Еліміздің әрбір азаматының көкірегінде осы сөз жүрсе, тәуел­сіздіктің де тұғыры мықты болатыны даусыз. Бұл жырдың да ғұмыры ұзақ болмақ.
Жинақтың үшінші бөліміндегі «Соғыс балалары» атты патетикалық дастаны Отан соғысы кезіндегі тылдағы қазақ балаларының ерен ерлігі мен еңбегін, қайсарлық пен қаһармандық үлгінің қандай болғанын көрсетеді. Біз – ерлікті еншілеген елдің ұрпағымыз. Елбасымыздың сөзі осы дастанда келтірілгендей «Біз, жеңімпаз әкелердің жалғасымыз». «Соғыс балалары» дастаны осыған анық мысал бола алады.


Ал бейбіт күннің байрағы – «Нығмет айы – Наурыз» дастаны жанрлық жағынан тарихи-этнографиялық туынды. Кең-байтақ қазақ елінің Наурыз күнгі тіршілігін толық қамтыған бұл дастанды қазір ел көлемінде мерекелік сценарий ретінде жаппай жүзеге асырып келеді. Мұның да әдеби пішімі өзгеше, мазмұны терең, айтар ойы мен идеясы ұлттық ұлы дәстүрлеріміздің жаңа заманда түлеген қырынан көрінуіне негіз қалайтын поэтикалық парасат, азаматтық ұстаныммен түзілген.
Ал «Ұлт ұраны – Ұлытау» тарихи дастаны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау бөктеріндегі тарихи сұхбатын публицистикалық рухта талдап-тарата отырып, ұлы тарихымыздың ұлағатты сабақтарын ұлтқа ұғынықты ділмен жеткізуімен құнды. Бұл дастан – өзінің тарихи-саяси деңгейімен бүгінгі күнге үн қосу, ел алдында тұрған еңселі міндеттерді ерен қайратпен еңсеру идеясын айтқан алғыр да айқын пікірлі еңбек. Жазылу форматындағы ерекшелік, өткен мен бүгінді шендестірудегі шеберлік, ой анықтығы мен сөз қанықтығы жоғары дәрежеде орындалған.
Әріптесіміз, қазіргі қазақ поэзиясының белгілі өкілі, танымал ақын, талантты пуб­лицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, мәдениет және қоғам қайраткері Өтеген Оралбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» 1978 жылы шығып, кезінде әдеби сын тарапынан жақсы аталып өтілді.
Одан бергі жылдарда ол 14 жыр жинағын шығарып, қазақ жырының көшіне өзінің елеулі үлесін қосты. 1978 жылы елімізде тұңғыш рет өткен «Жігер» фестивалінің және 1980 жылғы Бүкілодақтық поэзия фестивалінің лауреаты атанып, 1986 жылы КСРО жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. 1978 жылдан КСРО журналистер одағының мүшесі. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Біздер бірге қызмет атқарған жылдарда ақынның әдеби-мәдени саладағы тапқан табыстары мен жеткен жетістіктеріне талай рет куә болып, бірге қуанғанбыз.
Ө.Оралбайұлы «Лениншіл жас» газетінде қызмет атқарған жылдарда басылымның жетекші қаламгері, ұтымды ұйымдастырушысы, әсіресе, арнаулы нөмірлерді шығаруда үнемі топ жетекшісі болып еселі еңбек етті. «Егемен Қазақстан», «Дала дидары» республикалық газеттерінде қызмет жасап, осы басылымдардың мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдерінің меңгерушісі болды. Осы жылдарда қазақ әдебиетінің дамуы мен өркендеуі бағытында көптеген мақалалар мен эсселер жазып, жас таланттарға қамқорлық жасаудың үлгісін көрсетті.
Жастар газетіндегі әдебиет және өнер бөлімінде меңгеруші болған жылдарында елімізге танымал, талай мәртебелі бәйгелер мен байқауларда топ жарған таланттардың тұсауын кесті, халыққа танытып жазды әрі жаздырды, туындыларын жариялады.
Ақынның алғысөзімен кезінде «Лениншіл жас» газетінде жас ақындардың 30-дан астам газет-кітапшасы жарық көрді. Олардың бәрі қазір туған әдебиеттің туын көтеріп жүр. Ел әдебиеті мен өнерінің көрнекті тұлғалары туралы әлемдік әдебиеттің ұлы тұлғасы Шыңғыс Айтматов жөнінде «Жолға шықты жүрегім», «Жылдар мен жолдар», «Серпер сезім» атты эсселер кітаптарын жариялады. Халыққа кең тарап, көпшілікке көзайым болған 30-дан астам ән мәтіндерін жазды. Әлемнің 40-тан астам ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударды. Өлеңдері 10 елдің тіліне аударылды.
Оның қаламынан поэзия, проза жанры бойынша жалпы саны 22 кітап дүниеге келді. Ақын әркез қоғам дамуының тарихи кезеңдері жөнінде де публицистикалық ой толғаулар мен арнаулы мақалалар жазумен келеді. Қоғамдық қызметі белсенді, қаламгерлік позициясы айқын, азаматтық кредосы тұрақты ақын. Оның поэзиясы туралы әр жылдары 30-дан астам мақала республикалық басылымдарды үзбей жарық көргенін осы хат-мақалада қоса айта кеткіміз келеді.
Ақын шығармашылығының негізгі бағыты – азаматтық лирика, сыршыл да сыншыл көзқарас, елшіл, мемлекетшіл, отаншыл ұстаным. Әдебиет саласы бойынша 2018 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Шуақты шақ» жыр жинағы осы талаптан толық көрінеді. Оның өлеңдері туралы кеңінен тоқтап айтуды бұл мақаланың көлемі көтермейтін болғандықтан, негізінен ақынның қоғамдағы орны мен кісілік келбеті, қайраткерлік қарымы мен азаматтық болмысы, қаламгерлік қарымы мен дарыны, «Шуақты шақ» жыр жинағының табысы мен шабысы туралы тұжырымдап айтуды мақсат тұттық. Қазір біздер әр жерде қызметте жүргенмен досымыз, әріптесіміз, ағамыз бәйгеге түскенде ортақ тілектестікпен қолдау білдіріп, оның ақындық еңбегі жоғары сыйлыққа лайықты екенін айтуды парыз санадық.
Мазмұндық жағынан үш бөлімнен тұратын жинақтың басты шығармашылық табысы – көркемдік, шыншылдық, сыршылдық, заман мен адам арасындағы, уақыт пен оқырман арасындағы шынайы сырласу, парасатты пайым. Кітаптағы жырлардың тақырыбы әр алуан, бірақ құйылар тоғысы, айтар ойы – елге деген құрмет пен сүйіспеншілік, мемлекет мәртебесіне деген адал сезім, халқына деген қалтқысыз тағзым. Қазақ қоғамы мен мәдениетінің танымал қайраткері болып қалыптасқан Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» атты жыр жинағы Мемлекеттік сыйлықпен аталып өтуге толық тұрады деп санаймыз және Комиссия алқасы бұл еңбекке лайықты бағасын береді деп сенеміз.

Құрметпен,
бұрынғы «Лениншіл жас» газетінің қызметкерлері:

Айғалиев Ертай – «Қазақстан – Заман» газетінің бас редакторы,
Әбдіғазиев Балтабай –Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті филология факультетінің деканы, профессор,
Әзімханов Қасым – «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы,
Әмірқұлов Оңласын – «Ауыл» газетінің бас редакторы,
Балмағамбетов Исатай –«Атырау» газетінің  бас редакторы,
Ботбаев Қонысбек – «Қазақпарат» баспа корпорациясының президенті,
Дүйсебаев Дүрәлі – «Спорт» газетінің  бас редакторы,
Қойтанов Әділ – «Сардар» баспа үйінің  бас директоры,
Парманқұлов Сапарбай – «Егемен Қазақстан»  газетінің қызметкері,
Сәрсенбаев Қали –  «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды