«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайраткер қаламгер

0 250

«Астана» концерт залында көрнекті қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қоғам қайраткері Софы Сматаевтың «Сөз зергері, ой заңғары» атты шығармашылық кеші өтті. Кеште поэзия, проза, драматургия сынды әдебиеттің барлығы дерлік жанрларын қатар алып келе жатқан қаламгердің өмірі мен шығармашылығы театрландырылған қойылым арқылы жарқырай көрінді.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім айтпақшы, бұл кеш елордада өтіп тұратын әдеттегі кештерден өзгеше болып, басынан аяғына дейін Софы Сматаевтың өлеңдері, дастандары, драмалық шығармаларымен көркемделді. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер
театрының әртістері шығарма кейіпкерлерін әсерлі сомдай білді. Соның ішінде «Көгілдір такси», «Бәйбіше-тоқал» спектакльдерінен үзінділер көрсетілді.
Астаналық филармонияның қазақ оркестрі күйлермен әрлендірді. Ұлтымыздың басынан өткен ауыр күндерді поэтикалық сипатта сахна арқылы көрсеткен қаламгердің өзі де Абылай хан сияқты тарихи тұлғалармен, Қасым Аманжолов сынды өршіл ақындармен поэзия тілінде тілдесіп, өзіне ақылшы аға болған Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Евней Бөкетов, Нұрғиса Тілен­диев рухтарымен сырласты.
Кештің ерекше форматта өткенін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та өз сөзінде атап өтіп, тамаша кеш сыйлағаны үшін қаламгерге алғыс айтып, қазақ салтымен иығына шапан жапты.
Софы Сматаев өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мәскеудің Болат және қорытпалар институтын бітірді. Осы жолды қуса, қазір белгілі ғалымдардың бірі болып отырар ма еді?! Алайда кандидаттық диссертацияны қорғап тұрған жерінен техникалық саланы тәрк етіп, әдебиетке ойысты. Мұнда да жеміссіз болған жоқ, басқасын айтпағанда «Елім-ай» трилогиясымен ұлтымызға рух берді. Жоғары қызмет атқарып, елдік іске келгенде де бұғып қалған жері болмады. Кеш иесінің қаламгерлік және қайраткерлік қырын теледраматург,
публицист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы жақсы ашты.
«Софы әдебиетке алдымен ақын болып келді. Одан кейін «Елім-ай» романы арқылы тарихи санамызды оятуға барынша ықпал етті. Софы қоғамдық өмірімізге де белсенді араласып келе жатыр. 1986 жыл менің көз алдымда, Орталық комитетте бірге жұмыс істедік. Колбиннің жөнсіз саясатына, әсіресе өз ішімізден шыққандардың шовинистік пиғылына қарсы шықты. Партбилетінен айырылудан қорыққан жоқ, айырылмады да. Бұл – кез келгеннің қолынан келмейтін батырлық» деді С.Оразалы.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, Қарағанды облысы
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, Жазушылар одағының осы облыстағы филиалының төрағасы Серік Сағынтай, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сабыр Саламат кеш иесіне тілектерін жеткізді. Көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы арнау өлеңін оқып берді. Кешті Софы Сматаевтың өзі жырымен түйіндеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды