«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайраткер азамат еді

0 438

Қоғам қайраткері, құқықтанушы ғалым, ХІІІ шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты, 2002-2008 жылдардағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі болған Қабылсаят Әзімбайұлы Әбішев дүниеден озды. Қ.Әбішев – Қарағанды облысында туған, Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі.

Телефонның ар жағынан зор дауысы гүр ете қалды. Мен бар болғаны Шортанбайдың дұғасы туралы білмек болғанымды жеткіздім. Ертесіне «Астана ақшамы» газетінің редакциясына өзі келетінін айтты. Келді. Алып тұлғалы, аршындай басқан, шағын кабинетіміздің жартысын толтырып тұрғандай келбетті – қоғам қайраткері Қабылсаят Әбішев осы екен. Сүйіншісі бар! Әулетінде сақтаулы тұрған Шортанбайдың қолымен жазылған дұғаны жақында аудартыпты. Ондағы: «Үшбу (тұмар) дұға Жұманға мүбәрак болсын. Дұғамызды Алла қабыл қылсын. Бұл дүнияда аман қылсын, Ахиретте иман үшін. Мұны жазушы – Ғали қожа. Оқығандардан иман дұға үшін. Шын атым Молла Ғали Мұхаммед» деп жазылған. Осы жолдардан тағы бір жаңалық тауып отырмын. «Шортанбай» – ақынның лақап аты» деп Қабылсаят ағамыз қарап тұр…
Екі жүз жылдан кейін Шортанбайдың шын атын тапқан Қабылсаят Әзімбайұлы тағы бірде редакциямызға соға кетті. Қолында екі сөмке базарлығы бар. Алғашқы көргенде күндей күркіреп, таудың тентек өзеніндей екпіндей сөйлеп, ойындағысын бүкпейтін, онысынан риясыз шынайылық есіп тұратын ағамыздың өр тұлғалы бейнесі қамқор ағаға айналып шыға келді. Осылай баурап алатын.
Артынша Шортанбайдың фильмін түсірдік, ағамызды шақырып сөйлеттік. Фильм­нің көрсетілімінде иығына жабуға алып келген шапанды азсынып, жүгіріп барып тағы да әдемі дұға жазылған картинаны қосып, құрметімізді көрсеттік. Ағамызға қазақы шапаны жараса кетті. Қолдан келсе, мына әлемнің жартысын да сыйлап жіберетін жан еді. Амал қанша?! Сыйлас інісінің: «Ақсораңды аласартып, Тоқырауынды толқытып, Ақтоғайыңды күңіретіп, Арқаңды жылатып, бауырымызды езіп, еліңді егілтіп бұл дүниеге қош депсің» деген жұртына естірткен жазбасы төбемізден жай түсіргендей болды. «Ақсораңдай ақиық едің, Тоқырауындай мөлдір едің, Бегазыдай кемеңгер, Желтаудай шежіре, Даладай дана едің, ағатайым» дегеннен басқа кенеттен келген ажалға қарсы тұрар қауқар жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды