Қайрат ҮМБЕТОВ, Халық Қаһарманы: Мен оны ерлік емес, әскери борыш санаймын

0 169

Батыр болу үшін білек қана емес, жүрек те керек. Ал біреу үшін өз өміріңді қиюға дейін бару кез келген адамның қолынан келмейді. Біздің кейіпкеріміз осындай қатерлі сағатта басын бәйгеге тігіп, жас сарбаздың өмірін қорғап қалды. Міне, оны нағыз ерлік деп айтуға болады. Қазір ол – елордадан қызмет бабымен оңтүстік өңірге ауысып, ҚР Ұлттық ұланының Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің командирі, полковник, былтырғы «Қазақстанның жүз есімі» жобасының жеңімпазы. Біз мереке қарсаңында Халық Қаһарманы, «Отан» орденінің кавалері Қайрат Үмбетовті сөзге тартқан едік.

– Қайрат Жарылқасынұлы, әңгімені бірден өміріңізде ізі қалған сол бір оқиғадан бастайықшы. Ол өзі қалай болды?
– 2016 жылы 7 сәуірде Қарағанды облысындағы Қарабас елді мекенінде 6505 әскери бөлімінің кезекті оқу-жаттығуы өтіп жатты. Бұған әскерге он ай бұрын шақырылған жауынгерлер қатысты. Жас сарбаздар оған дейін автомат пен тапаншадан оқ атып, жауынгерге керекті машықтарды меңгерген болатын. Енді олар жарылғыш граната лақтырып үйренуге келген еді. Маған сол кезде оқу-дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеттелді.
Сонымен жаттығу басталды. Алғашқы болып Тараздан келген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. Оған пәрмен берілгеннен ке­йін ол гранатасын құлаштап лақтыр­ды. Алайда гранатаның салмағы ауыр болғандықтан алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне, үйілген топыраққа түсті. Содан ол домалап сарбаз екеуміз тұрған тұсқа жетті. Тәртіп бойынша граната лақтырғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалу керек. Абзал болса қаруын ұстап, отыра қалды. Жауынгер өзі лақтырған гранатаның табанының астына түскенін білмеді. Енді шалт қимылдасаңыз, ол 3-4 секунд ішінде жарылады. Сол сәтте бойымды қандай сезім билегенін білмеймін, оны аман алып қалам деп соған қарай ұмтылдым.
– Сондай кезде өзіме қауіп төнеді деген қорқыныш ой болған жоқ па?
– Жоқ, ондай ой болған емес. Бәрі қас пен көздің арасында болды. Алдымен өзіме жүктелген жауапкершілікті ойладым. Мен үшін қалай болғанда да оның өмірін сақтап қалу маңызды болды. Негізі, сарбаз бәрін дұрыс істеді. Гранатаны алғаш қолға алғаннан кейін қобалжыған болу керек. Содан есімді ауруханада жидым. Есімді жиғанда жанымда тұрғандардан «жауынгер аман ба?» деп сұраппын. Олар «аман» дегенде ғана жүрегім тынышталды. Ауруханада ұзақ емделдім. Денемде гранатаның біраз жарықшағы бар еді, дәрігерлер оның жартысына жуығын алып тастады. Тек аяғым мен желке тұсымдағы жарықшақтар ағзаның күрделі тұстарында болғандықтан кейінге қалдырылды. Кейін Абзалдың әке-шешесі келіп, баласын аман алып қалғаны үшін алғысын айтты. Ол кісілермен де жақын араласып кеттім. Алайда мен бұл жағдайды ерлік деп емес, әскери борышым деп санадым. Менің орнымда басқа әскери адам болса, ол да сондай әрекетке барады.
– Басқа мамандыққа қарағанда әскери саланың қыры мен сыры көп. Бала күніңізде әскери маман болуды армандадыңыз ба, әлде әкеңіз берген тәрбиенің ықпалы тиді ме?
– Адам балалық шағында арманшыл болады ғой. Мен де қиялшыл баланың бірі болдым. Жастайымнан Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов секілді ержүрек аталарымның соғыс туралы жазған кітаптарын қызығып оқыдым. Әкем Жарылқасын ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет істеп, содан зейнеткерлікке шықты. Милиция майоры. Жұмыс бабымен Ресейдің қазіргі Санкт-Петербург қаласында еңбек етті. Одан Өзбекстанның Ташкент облысындағы Шыршық қаласына ауысты. Мен осы жерде өмірге келдім. Әкем темірдей тәртіптің адамы еді. Бізді де осы тәртіпке үйретті. Өз ісіне ұқыпты, антқа берік жан. Сондықтан әкемнің өмір жолы бізге үлгі болды. Айтпақшы, бауырым Азамат та әскери саланы таңдады. Қысқасы, екеуміз де әкеміз салған соқпақпен жүруді парыз санадық.
– Қандай әскери оқуды бітірдіңіз?
– Сол өзім дүние есігін ашқан Шыршықтағы Жоғары танк командирлерінің инженерлік училищесін тәмамдап, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Бұл бөлімде батальон командиріне дейін көтерілдім. Одан кейін Щучьедегі Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға түстім. Кейін Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында қызмет істедім. 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің Бас штаб академиясы факультетіне магистратураға қабылдандым. Енді алғаш еңбек жолымды бастаған әскери бөлімге командир болып оралып отырмын.
– Қазір жастарға отансүйгіштік рух туралы көп айтамыз. Осы бағытта өзіңіз атқарып отырған жұмысқа тоқталасыз ба?
– Отанды қорғау – әрбір азаматтың міндеті, перзенттік парызы. Сондықтан оны әрбір адам білуі тиіс. Бабаларымыз «Отанды сүю – иманнан» деп бекер айтпаған. Қазіргі жастар иманды, білімді. Олар тәуелсіздіктің қадірін жақсы біледі. Бойларында отансүйгіштік рух та атойлап тұр. Оны Отан алдындағы міндетін өтеуге келген жас сарбаздардан көремін. Өзіміз осы бағытта түрлі іс-шараларды жиі өткіземіз. Отан қорғауда ерлік көрсеткен азаматтармен кездесулер болады. Спорттық шаралар екібастан. Жуырда біздің әскери бөлімнің ұйытқы болуымен Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін әскери спортшылар арасында жекпе-жек ұрысынан біріншілік өтті. Бұған 6 команда қатысып, әскери міндетін өтеп жүрген 54 спортшы сынға түсті. Сондай-ақ 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған кеш ұйымдастырып, оған осы шекарада ерлікпен қаза тапқан старшина Қалмахан Бақбаевтың анасы Ұрқия Бақбаева апамызды шақырдық. Міне, осындай тағылымды шаралардың сарбаздарға берері мол.
– Мереке күні бір тілегіңізді айтсаңыз…
– Мен үшін бұл мерекенің жөні бөлек. Ұлы жеңіс күні де жақындап қалды. Сондықтан барлық майдангер аталарым мен Қарулы күштер және Ұлттық ұланда қызмет атқарып жүрген әскери азаматтарды, қатардағы сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =