Қайрат ЛАМА ШАРИФ, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Төрағасы: ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ – АҚИҚАТ ДІННІҢ ЖАУЫ

0 119

Бүгінгі таңда діни экстремизм — Батыс пен Шығыстың үлкенді-кішілі елдерінің басты мәселесі. Алайда, әр елдің қоғамында өзіндік ерекшеліктер бар. Қазақстандағы діни экстремизмнің шынайы келбеті қандай? Оның түп тамыры қайда жатыр және онымен күресу жолдары қайсы?
Осы және басқа сауалдарға Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Төрағасы Қайрат Лама Шариф жауап береді.

Бұл жердегі себеп — психологиялық тұрақсыздық

– Қайрат Қайырбекұлы, «Діни экстремизмнің алдын алу» және «діни экстремизмге қарсы күресу» ұғымдарының арақатысы жөнінде не айтасыз? Олар тәжірибеде қалай жүзеге асып жатыр?

– Дін істері агенттігі конфес­сияаралық келісіммен қамтамасыз ету, аза­мат­тардың діни сенім ер­­кін­дігі құқын және діни бірлестік­термен өзара байланыс сала­ла­рын, сондай-ақ, аталмыш бағытта­ғы салааралық үйлестіруде мемлекет­тік стратегияны жүзеге асырушы ор­­та­лық атқарушы орган болып та­былады.
Татулық пен тұрақтылық Қазақстанның ішкі саясаты­ның басты басымдығы және де респуб­ликамыздың өр­леп, өркендеуінің қажетті алғы­шарты болып табылады, сон­дық­тан да мемлекетте оларды қам­­тамасыз ететін тұтастай бір жүйе қалыптасқан. Осы жүйеде агенттік өзіндік орынға ие.
Бүгінгі дін секілді өте нәзік саладағы тұрақтылыққа төнген сын тегеуріндер мен қатерлер экстремизм түрінде бой көтерді. Идео­логия, теріс пиғылға үндеу, яки, лаңкестік әрекеттер арқылы діни экстремизм өзіне жол салып жатыр.
Сөз жоқ, біз Қазақстан Респуб­лика­сының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресуге тиіспіз. Осы заңға сәйкес, діни экстремизммен күресу мем­лекеттік органдардың қызметіне жа­та­ды. Яғни, адам құқылары мен азамат­тардың бостандықтарын, конституция негіздерін қорғауға ба­­ғыт­талған шараларды жүзеге асыру — көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, оның алдын алу, анықтау, жолын кесу және салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзе­ге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, ауыздықтап отыру – мемлекеттік ор­гандардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық дең­гейде экстремизмнің тамырын те­рең жаю­ына мүмкіндік бермейтін алғашқы ке­­­зеңі­нен бастап оны залалсыздандырып отыруға басым­дық беріледі.
Экстремизмнің алдын алу профи­лак­тикалық жұмыстарда көрініс табады.  Атап өтілген заң бойынша, бұл – құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихаттық және өзге де шаралардың қалыпты жүйесі.
2012 жылдың бірінші жарты­жылдығында осынау ақпараттық-насихат топтары республика дең­гейін­де 1600-ден астам іс-шара, яғни, семинарлар, отырыстар мен дөң­гелек үстелдер өткізіп, жалпы са­ны 53 мың адамды қамтыды.

Сақал мен киімді нақты бір құбылыстың белгісі деуге болмайды

– «Экстремист» десе, жұрт са­қа­лы қауғадай, балағы шолақ, соңынан хиджаб киген қыз-келін­шек ерткен жігітті ел­­ес­тететін болды. Мұны экс­тремистің әлеуметтік порт­ретін құрайтын образдарға жатқыза аламыз ба?

– Бір жағынан алып қарағанда, діни негізі бар сақал мен жамылғы мәселесі – әркімнің жеке шаруасы. Айтпақшы, бұл тек исламға ғана тән ерекшелік емес. Біз сақалды православ христиан мен басын бүркеген христиан әйелдерін де кездестіре ала­мыз. Осы себепті де сақал мен киім­ді нақты бір құбылыстың белгісі деуге болмайды.
Бұған қоса, экстремистік мақсат­тағы адам жұрт санасында қа­лып­тасқан образдан қашып, әдейілеп сыртқы кейіп-келбетін өзгерте са­­луы да мүмкін. Осылайша, за­йыр­­­лы қоғамдастыққа тастай батып, судай сіңіп, өзінің көздеген мақ­сат­тарын індетіп жүре беруі мүм­кін. Алыс-жақын шетелдердегі ради­кал­дар баяғыда-ақ осы тактиканы басшылыққа алған, бізде де олар кейінгі кезде осы әдіске көше бастады.
Киім таңдаудағы діни ауанды, айта­лық, мемлекеттік қызметте немесе жалпыға білім беру мектеп­терінде жүзеге асыруды орынды деп айту қиын. Бұл – зайырлы және көп конфессиялы болып табылатын Қазақстанның осы шақтағы шын­дығы. Сондықтан да баршаға ортақ қандай да бір бейтарап стандарт керек. Әр алуан дін өкілдерінің өзіндік діни танымдарына сәйкес жұмысқа, мысалы, әкімшілік пен емханаға әлем-жәлем болып барғанын елесте­тіп жатудың өзі қиын.

– Қазақстандағы діни радика­лизм туралы сөз қозғалса, сәлә­­­ф­изм тақырыбы баса айтылады. Сәләфизмнің Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабынан басты айыр­машылығы неде?

– Сунниттік исламдағы мазхабтарды христиандықтағы православие мен католицизммен әсте салыстыруға болмайтындығын атап өткен жөн. «Мазхаб» сөзінің өзі «бағыт, дұрыс жолға шақыру» де­ген­ді біл­діреді. Фикх бойынша мазхабтар бар, яғни, ислам құқығы бойын­ша және де ақида бойынша, былайша айтқанда, сенімге негізделген мазхаб­тар бар. Шариғаттың құқық­тық мектептері бір бөлек те, өзіндік құдайтанушылық танымдарын алға тартқан мектептер бір бөлек.
Құқықтық мектептерді – «маз­хаб­­­тар», ал, құдайтану­шылық мек­тептерді «ақидалар» деп атайды. Бұл – қалыптас­қан үрдіс. Осы екі бел­­гіге қарап-ақ, исламдағы барша бағыттарды жіктеп, саралауға бо­лады. Дегенмен де, мазхаб пен ақиданың мүлдем екі бөлек нәрсе екенін ұғып алған жөн. Мысалы, материалдық заттарды пошымы мен түсіне қарап жүйелеуге болады. Яғни, зат төрт бұрышты және қызыл, қызыл және дөңгелек, дөңгелек және жасыл болуы мүмкін. Ал осыған келіп, бұл қызыл ма, әлде, дөңгелек пе деп сұрау ағаттық.
Мәлім болғандай, дәстүрлі құқық­тық мазхабтардың саны төртеу: ханафи, шафиғи, мәлики, ханбали. Құдайтанушылық ірі мектептердің саны екеу: ашариттік және Орталық Азия үшін дәстүрлі саналатын ма­­т­ру­ди мектептері. Бұл орайда, мат­руди ақида­сы тарихи тұрғыда бел­гілі бір аймақтарда ханафи мазхабымен астасқан, ал ашариттік болса, шафиғи және мәлики мазхабтарымен және т.б. астарласып кеткен.
Сәләфизм кеңінен таралған аймақтарға Сауд Арабиясы және оны­мен іргелес Парсы шығанағы ел­­дері жатады. Оларда ханбали маз­хабы басымдыққа ие. Дегенмен, сәләфизмнің өзі бір мазхаб­ты ұстануды міндетті санамайды, ал кейбір сәләфи  ғұламалары мұндай­ды басы бүтін жоққа шығарады. Осы себепті де кеше ғана намаз үйренгеніне қарамастан, қандай да бір «мазхабтың қажеті жоқ» деп не­гіз­сіз жар салатын сәләфи қара көз жігіт­терді кездестіре аламыз.
Сәләфилер «сәләфтардың таза ақидасын ұстанамыз», яғни, «ал­дың­ғылардың жолымен жүреміз» деп даурығады. Ислам дәстүрінде алғашқы үш толқын, яғни, Мұхам­мед пайғамбардың (с.ғ.с) сахабалары және де одан кейінгі мұ­сыл­мандардың екі толқыны осылай аталады. Алайда, дәстүрлі құдай­танушылық мектептердің көптеген өкілдері мұнымен еш келіспейді.
Сонымен қатар Қазақстандағы сәләфиттердің  көпшілігі қазақтың салт-дәстүрлерін «бидғат» («рұқ­сат етілмеген жаңалық») немесе «ширк» (Алла­ға серік қосу) санай отырып, түбегейлі жоққа шығарады. Бұл ретте олар халқымыздың кей­бір ұлттық дәстүрлерінің пайда болуы­ның тарихи себептерін түсінуге тырыспайды.
Қоғамымызда орын алған та­ғы бір даулы мәселе – біздің сәлә­фи деп есептелетін діндарлар саудия­лық шейхтердің өз азаматтары – саудиялықтар үшін шығарған пәт­уа­ла­рын жиі қолданып, ойланбастан ел ішінде насихаттап жүр. Ал, ислам дәстүрінде пәтуаларды әр елде өзінің мүфтиі шығаратыны жұртқа белгілі. Бір мәселе бойын­ша үкім нақты бір қоғамдағы жағ­дайларға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Тағы да қайталап айта­мын, бұл ислам құқығының не­гіз­дері. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағаланың адамдарды әртүрлі қылып жаратқандығы туралы айтылады («Әй, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық) (49-сүре «Хужурат», 13-аят).
Мұндағы басты мәселе мынада: біздің елімізде діни әдеп-ғұрыптар мен дәстүрлер сабақтастығы  үзіліп қалған, осы себепті де бір уақытта айнадай тазаланған діни өрісте әр алуан дәстүрлі емес ағымдарға арам шөп сынды қаулады және де бұл сөзіміз исламдық ағымдарға ғана қатысты емес.
Сонымен, қазіргі ең маңызды жайт – жастарымызды, өскелең ұр­пақ­­ты осындай келеңсіз көзқарастарға ұрынудан сақтап қалу. Ал үйірінен адасқандар ер­те ме, кеш пе, ақылға келсе керек. Қазірдің өзінде сәләфилер 2000-жыл­дардағыдай емес, өздерін анағұрлым сақ ұстайды. Кейбіреулері тіпті күнделікті тұр­мыс­та дәстүрлі ханафи мазхабын қабылдауға әзір, қала берді мешітте отырғанда имамдар өтініп жатса «әм­ин» деп айғайлауын да қойып келеді.

Шешуші фактор — діни сауатсыздықты жою

– Сонда өзін-өзі жаратындар, полиция қызметкерлерін атып жатқандар кімдер?

– Мұны тәкфіршілер мен жихадшылар жасап жатыр. Шынтуайтында, бұл бір үдерістің екі сатысы, тәкфір мен жихад жариялаудың арасы бір-ақ қадам.
Өздерінің құдайтанушылық көз­қарас­тары бойынша олар сәләфилерге жатады, яғни, сәләфи ақи­да­сын ұстанады, әйтсе де саяси тұрғыда Мысыр радикалы, 1966 жы­лы өлім жазасына кесілген, кей­де бүгінгі мұсылман әлеміндегі барша экстремистік ағымдардың «өкіл әкесі» атанып жүрген Саид Кутбаның әдісіне сәйкес әрекет етеді. Сондай-ақ, ол «Мұсылман бауырлар» қозғалысының радикалды қанатының идеологтарының бірі. Сондықтан да біз тәкфиризмді діни экстремизмнің ең бір қатерлі түрі ретінде танимыз.

–  «Тәкфір» дегеніміз не?

– Бұл сөз «сенбеу», «кәпір», «дінге сенбейтін» деген мәндегі «куфр» сөзімен түбірлес. Тәкфір жасау дегеніміз дінсіз деп жариялау­ды білдіреді. Мысалы, Қазақстан­дағы тәкфіршілердің ең сүйікті әдетінің бірі – бес уақыт намазын оқымайтын мұсылман баласын кәпірге жатқызу, яғни, бұл дегеніңіз –  айналамыздағылардың басым бө­лі­гіне саусақ шошайту, күл шашу. Бұл барлық дәуірлердегі ислам ға­лым­дары ұстанған қағидаларға қайшы келеді.
Дәстүрлі фикх – ислам құқығында тәкфір жасаудың шарттары нақты көрсетілген және де олардың бәрі біздің басынан бақайшығына дейін радикалданғандар тарапы­нан барынша бұзылуда. Міне, осы се­бепті де мұсылмандардың діни сауаттылығын арттыру аса маңызды, қысқасы, кез келген кісі тәк­фір­шіге айқын қателіктерін көзге шұқып тұрып көрсете білу керек.
Сондықтан да тағы бір рет қайталап айтамын, теріс пиғылды ағымдармен күрестегі шешуші фактор надандықты, діни сауатсыз­дықты жою болып табылады. Осы шартты орындағанда ғана экстремизм мен терроризмге қарсы күрес шаралары нәтижелі болады.

– Соңғы кездері сәләфилер­мен қатар «Таблиғи жамағат» атауын ал­ған қозғалыс туралы әң­гімелерді де құлағымыз жиі шалып қалып жатады. Осы жөнінде айтсаңыз?

– «Таблиғи жамағат» – сөзбе-сөз берер болсақ, «Уағыз қауымы», 1926 жылы Үндістанда Маулана Мұ­хам­мад Ильияс тарапынан ұйымдастырылған саяси, пацифи­стік діни қозғалыс.
Қозғалыстың ерекшелігі бағдар­ламасының, жарғысының, мүшелік институтының жоқтығы. Осығ­ан бай­ланыс­ты, сырт көзге бұл топ жоқ та сияқты. Бұл ұйым көзге кө­рі­не бермейді, тиісінше, көптеген жылдар бойы сарапшылардың назары­нан тыс қалып келді.

– Оларға қатысты қандай түйт­кілдер бар?

– Таблиғшылар жүйелі практика мен үй аралап, есіктен есікке жал­ғас­қан белсенді уағызды ең бас­ты құндылық деп біледі. Дегенмен, олар терең діни білім ал­ған­ды құптай бермейді, оған нем­құрайлы қарайды, арзымайтын нәрсе деп есептейді. Ал, бізде сауат­сыз уағызшылар онсыз да жеткілікті. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Үндістанға лайық болған нәрсе XXI ғасырдағы Қазақстанға мүлде үйлеспейді.
Бұдан бөлек, бұл қозғалыстың өкілдері жұмыс істеу, отбасын бағу секілді міндеттерді мүлде ескере бермейді. Мысалы, олар әйел, бала-шағасын тастап, алыс сапарға кете береді. Ел аумағын адақтап кетсе мақұл, шетелдерге тартып кетуі де ықтимал.

– Арнайы операциялар ке­зін­де тер­рористер түгелдей дерлік жо­йы­лып отырады. Бұл әдетке ай­нал­ды. Қоғамда осыған байланысты сұрақтар көбейіп тұр. Күш қолдану әдісі өзін-өзі ақтап жатыр ма, бұл қаншалықты орынды нәрсе?

– Қоғамда терроризм және экстремизм көріністерімен белсенді күрес жүргізіліп жатыр. Соңғы контртеррористік операциялар құқық қорғау органдарының осы салада тәжірибе жинақтағанын көрсетеді. Олар радикалдарды анық­тап, қоғамға қарсы жасалғалы жатқан қылмыстың алдын алады.
Рас, Алматы, Атырау және өзге де өңірлерде жүргізілген бірнеше антитеррористік операциялар барысында террористік топтардың барлық мүшелерінің көзі жойылды. Тәжірибе барысы террористердің аса қатыгез, өз өмірлерін де, өзге­лер­­дің өмірін де бұйым құрлы көр­мейтінін дәлелдеп отыр.
Ара-арасында криминалдық элементтер мен діни радикалдардың мидай араласып кетуі көрініс беруде. Шындығына келсек, тіптен діни идеологияны жамылғы еткен қылмыскерлерді құқық қорғау органдары залалсыздандырып жатыр.

– Ислам туралы айтқанда заманауи өмір салты, білім мен мәдениетті дінмен ұштастыру мәселесі де қылаң береді. Бас­қа­ша айтқанда, ислам мен модер­низацияның астасуы мүмкін бе?

– Ханафи мазхабының рухани практикасы ұлттық мәдениет пен жалпы адамзаттық құндылықтарға құрметпен қарап келді. Бұл түсі­ніктің өзегінде ертеден исламға тән болған толеранттылық пен ашықтық ұғымдары жатыр. Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық ке­лі­сім­нің дүниетанымдық кешені ша­ма­мен бір жарым мың жылға со­зыл­ған ислами өрнек арқылы қалыптасты.
Заманауи қоғам өскелең дінилік пен модернизацияның үйлесе алатынын күн тәртібіне қойып отыр. Біздің еліміздегі жаңғырту мұраты әділ­дік, адалдық, руханилық, білім, еңбек, сенім және құқық басымдығы секілді құндылықтардың қоғамда қалыптасуына байланысты. Бұл құндылықтардың бәрі де ислам құн­ды­лықтары болып табылады. Бірақ бұл үшін имамдармен тізе қоса отырып әрекет ету керек. Мешіттердегі уағыздарда дінге шақыру ғана емес, жастарды рухани дамуға, білімге, кемелденуге, қоғам игілігі үшін тер төгуге шақыратын насихаттар да айтылуы керек.
Мұсылман ренессансы дәуірін­де дін мәдениеттің жоғары дең­гейі­не көтеріліп, ғылымның, фило­софияның, білімнің дамуына себеп­ші болды. Бүкіл әлемге ислам аясында қызмет еткен  ғұлама ғалымдар мен ойшылдардың есімдері етене таныс.
Өкінішке қарай, біздің заманымызда дін мен зайырлы тұрмысты қарсы қоюшылар да кездеседі. Шындығында, дін азаматтарымызды, бірінші кезекте жастарымызды білім алудан, отбасынан, халықтық ғұрыптар мен дәстүрлерден айыр­мауы керек. Мешітке бару жас­тар­дың сапалы білім алуына кедергі болмауға тиіс, олар интеллектуалдық тұрғыда да, бой түзеу жағынан да тең өсіп дамуы керек. Ислам – оқшаулану мен рухани кем­бағалдықты қабыл алмайтын дін, ол дінге сенушілерді жалпыға түсінікті гуманистік құндылықтарға баулиды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Айна САРЫБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 5 =