Қайрат Ералиев – әлем чемпионы!

0 97

Жексенбі күні Германияның Гамбург қаласында бокстан әлемнің 29-шы чемпионаты өзінің мәресіне жетті. Сегіз күнге созылған жаһандық жарысқа әлемнің 85 елінен 279 боксшы қатысты. Оның қорытындысы бойынша 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальға қол жеткізген Қазақстан құрамасы командалық есепте үшінші орынға шықты.

Бірінші орынды 5 алтын, 2 күміс медалі бар Куба, екінші орынды 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жинаған Өзбекстан боксшылары жеңіп алды.Турнирде қазақстандықтар сапынан шымкенттік Қайрат Ералиев (56 кг) алтын тұғырдан көрінді. Биылғы қараша айында 27-ге толатын тәжірибелі былғары қолғап шебері чемпиондыққа жету жолында мексикалық Кристофер Флоресті (5:0), өзбек Муроджон Ахмадалиевті (4:1), германиялық Омар ел-Хагті (5:0), ағылшын Петер МакГрейльді (5:0) және америкалық Дюк Раганды (3:2) тізе бүктірді. Бұған дейін халықаралық ірі додаларда жартылай финалдан аса алмай келген Қайрат осылайша бұл белесті де бағындырып, бірінші рет алтын медальдің иегері атанды. Сөйтіп, құрама бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті 2013 жылғы әлем чемпионатында, 2014 жылғы Азия ойындарында, 2015 және 2017 жылдарғы құрлық біріншілігінде алған қола медальдары қатарына әлемнің алтын жүлдесін қосты. Ол – Қазақстанның 2012 және 2016 жылдарғы чемпионы.

Чемпионатта күміс медальді тараздық Әбілхан Аманқұл (75 кг) мен қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) мойындарына тақты. Бұлардың біріншісі 2016 жылы 19 жасында Қазақстанның чемпионы атанып, биылғы мамырда Ташкентте өткен Азия чемпионатында қола жүлде алған болатын. Ол жаһандық жарыста австралиялық Кэмпелл Сомервилді (5:0), германиялық Сильвио Шиерлені (5:0), кубалық Арлен Лопесті (3:2), әзербайжан Камран Шахсуварлыны (5:0) жеңіп, финалда украин Александр Хижнякқа жол беріп алды – 0:5. Әбілханның ширек финалда әлемнің 2015 жылғы, Олимпиадалық ойындардың 2016 жылғы чемпионы Лопесті жолдан шығарып тастауы нағыз сенсация болды.

Турнирді 1/8 іріктеу жарыстарынан бастаған 25 жасар Қамшыбек бұларға қарағанда бір ұрысты кем өткізді. Ол тұғырға жетер жолда неміс Макс Келлерді (5:0), өзбек Баходир Жалоловты (3:2), камерундық Арсене Фокоуды (5:0) тізе бүктіріп, финалдық жекпе-жекте азербайжандық Магомедрасул Меджидовтан 1:4 есебімен ұтылды. Осымен ол бұл боксшыға үшінші мәрте есе жіберіп қойды.

Біздің командадан шымкенттік Ержан Жомарт (49 кг), қарағандылық Абылайхан Жүсіпов (69 кг) және астаналық Василий Левит чемпионаттың қола медаліне қол созды. Бұлардың үшеуі де жартылай финалда болашақ чемпиондарға жол беріп алды. Соның ішінде Ержан мен Василий кубалықтар – тиісінше Йоханис Аргилагодан (0:5), Василий Эрисланди Савоннан (2:3), ал Абылайхан өзбек Шахрам Гиясовтан (1:4) ұтылды. Қалған салмақ дәрежелері бойынша кубалықтар Йосбани Вейтиа (52 кг), Энди Крус Гомес (64 кг), Хулио ла Крус (81 кг), француз Софьян Умиа (60 кг) чемпион атанды.

Серік  ПІРНАЗАР

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + seventeen =