«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайрақбайдың күй мұрасы

0 395

Биыл Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің көрнекті өкілі Қайрақбай Шәлекенұлының туғанына 190 жыл толды. Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Сарыарқа» халық музыка ансамблі аты аталған күйшіге арналған концертпен өзінің кезекті ХХI маусымын ашты. Концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында өтті.

Қайрақбай Шәлекенұлы XIX ғасырдың орта шенінде Алтай-Тарбағатай аймағындағы күйшілік мектептің орнығып, қалыптасуына ықпал еткен айтулы күйші ғана емес, елдік істерге араласқан би ретінде тарихта қалды. Бұл кісі сол аймақта би болып төрт рет сайланған. Шығыс Түркістандағы қазақтардың саяси-әлеуметтік өміріне сергек қарап, Бейсенбі Дөненбайұлы, Қожеке Назарұлы сынды күйшілермен сыйлас, қадірлес болған.
Домбырамен сыбызғыны бірдей меңгерген күйші осы аспаптарда күй шығарған. Оның мұрасын зерттеген жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік артында 140-тан астам күйі қалғаны туралы дерек жазып қалдырды. Қайрақбайдың мұрасы баласы Әнжан, заманында дәулескер күйші болған немересі Заманбек, Жұмажан дейтін күйші арқылы жетіп, «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағына енді. Жасы ұлғайып, 1946 жылы өмірден өткен Заманбек атасына «Қайрақбай» атты күй арнады.
Қайрақбайдың күйлерін зерттеу­ші Мұқаш Таңғытұлы Астанада өткен кештің құрметті қонағы болды. Бұл кеште күйшінің «Ақсақ марал», «Мергеннің мұңы», «Майда қоңыр», «Бұтабайға кеңес», «Мерген күйі» «Дайын көл», «Мол қоңыр», «Телқоңыр», «Майда қоңыр», «Ел тұтқа», «Еміл толқыны», «Ой тербеу», «Беташар», «Өрелі кер» күйлерімен қатар Заманбек Әнжанұлының «Қайрақбай» күйі күмбірледі.
Күйлерді «Сарыарқа» халық музыка ансамблімен қатар, Әдемі Сыз­дықбаева, Ұлан Бәкіжанов, Ардаби Мәулет, Ержан Тоқсабанов, Сандуғаш Тұрғанбекқызы орындады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды