Қайралдық, шыңдалдық

0 66

Біз өндірістік тәжірибеден өтуге келгенде газетіміздің аты «Астана хабары» еді. 2004 жылдың жазында сонау Түркістаннан төрт қыз келдік. Арманымыз таудай. Айтқанның бәрін қағып алып, қағазға түсіріп, бірді-екілі дүниеміз жарыққа шығып, ой әбден қуанып қайттық со жолы! Газет редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков бізді ерекше мейіріммен күтіп алды. Ақылын айтып, шығарып салды. Артынан төртеуміздің арамыздан Шынар Досан екеумізді жұмысқа шақырды. Оқу бітіруге әлі екі жылымыз бар біз үшін бұл үлкен жеңіс, ерекше қуаныш еді.

Сөйтіп, 2006 жылдың жазында «Журналист» деген дипломмен, дайын жұмысымызға келдік. Бізді жассың демеді, бірден білдей бір мәселелер шешетін мақалалар жазуға салды. Қалалық газет болғанмен бүкіл елдің жайын жазатын журналист болып қалыптаса бастадық. Барған жерімізде тілдің тазалығын талап ететін күшті едік. Мұндайда Ғалым ағамыз бізге одан сайын дем беріп, жазғанымызды еш өзгертпес­тен жариялауға күш салатын. Бұл сол кездегі жас журналистің одан әрі шыңдалуына, қайраттануына, күшеюіне оң әсер етті. Аз уақыт өтпестен бас редакторымыз болып белгілі журналист ағамыз Нұртөре Жүсіп келді. Біз қатты қуандық. Журналистердің дені «Шерханның шекпенінен», «Қалидың қайрағынан» шықтық деп жатады ғой. Біз де Нұртөре ағамыздың осындай шәкірті болатынымызды мақтан тұттық. Газеттің екінші тынысы ашылғандай болды. Кез-келген тақырыпқа қорықпай бойлайтын едік. Сөйтіп жүріп мәселе көтеру, тақырып табу, жеделдік, жауапкершілік, ынта-жігер, мойымау деген қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Бізге ақылын айтып, дем беріп отыратын Бауыржан Омаров, Талғат Батырхан, Амантай Шәріп, Мақсот Ізімұлы ағаларымыздың арқасында біз де өз қолтаңбамызды қалыптастырып, жазу стилімізді айқындадық.
Өз басымда осы басылыммен байланыстыратын естеліктер көп-ақ. Бала күтіміне байланысты демалысқа шығар болсақ та, ақ тілегін ақтарып шығарып салатын, сосын «жұмысқа шық» деп қуана қарсы алып тұратын аға-апаларымыз тек осы басылымда ғана сияқты көрінеді. Сондықтан да болар қазір бұл басылымда жұмыс істеп көпбалалы ана атанған журналист-келіншектердің қарасы көп.
Алдыңғы толқынның осындай жанашырлығы кейінгі толқынның да кең, қалыпты болуына әсерін тигізбей қоймайды екен. Әлі күнге дейін ұжымға табан тірер болсақ, осы жылылықты сезінеміз. Өз төркініміздей жайлы сезінеміз.
Сондықтан да болар мен 2017 жылы газетке қайта келдім, сағынып. Белгілі журналист Еркін Қыдыр ағам басқарып отыр екен. Әр редактордың өз ұстанымы болады, бұ жолы қалай болар екен деп алаңдаған ұжымын ағамыз алға шығарды.
Еркін аға да журналистердің алаңсыз, еркін, батыл жазуына мүмкіндік берді. Қыран өзінің балапандарын қияға ұшыру үшін қалай баптаса, сол секілді бас редактор тілшілердің де шығармашылық биіктерден көрінуі үшін дұрыс бағдар көрсетіп, олардың жақсы жақтарын мақтап, алға жетеледі. «Астана ақшамы» газеті журналистерінің түрлі сайыстарда шаршы топты жарып, жүлде алуы да бәлкім содан шығар. Сол жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсында «Үздік мақала» номинациясын жеңдім.
Бір сөзбен айтар болсам, төл газетімізге жас боп келіп, жастарға жол көрсетер жағдайға жеттік. Мұның бәрі осы басылымға әр кездері басшылық еткен мықты ағаларымыздың арқасы.
Талай жастың томағасын сыпырған «Астана ақшамын» 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бас шаһардың бас басылымы абырой биігінен көрініп, өсіп-өркендей берсін!

Гүлжан РАХМАН,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + eleven =