ҚАЙНАРЛЫ ҚУАТТАР

0 119

Отан-анамыздың ертегідегі Самұрық құстың шырқап ұшқанындай жыл санап қуаты артып келеді. Бұл – балаларымыздың болашағы нұрлы болады деген сенімімізді нықтай түсуде. Өз келешегіне еңбек жасаған елдің ғана бақыты баян­ды. Қазақстанның Елбасы белгілеп берген және күнделікті бары­сын қадағалап отырған үдемелі индустриалды-инновациялық стратегиясы республикадағы өнеркәсіптің жандануына, соны бір серпінмен жаңаларының да ашы­луына жол салды.

Өткен жүзжылдықтың 90-жылдарының соңындағ ы Азиядағы дағдарыс жағдайында ең алдымен экспорттық тауарлар ұстанымының коньюктурасы мен макроэкономикалық ахуалдың тұрақтануына көңіл бөлу керек болды. Сондықтан, «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асырудың екінші кезеңінде мемлекет үшін экономиканың орнықты даму­ын қамтамасыз ететін шаралар қолға алынды. Осының баршасы мұнай-газ, қаржы және құрылыс салаларының жедел дамуына жол ашты. Бұның өзі телекоммуника­ция мен ақпараттық қамту секілді салалардағы макроэкономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайтып, инновацияны алға жылжытуға қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндіктер туғызды.

Бүгінде үдемелі индустриалды-инновациялық даму стратегиясы жағдайында Қазақстан экономикасының алдында жаңғыру жолына түсіп, өнеркәсіптік-технологиялық әлеуеттерін әр тараптандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру міндеттері тұр. Бұл тұста сөз тек қана түпкі өнімдер шығаратын көптеген кәсіпорындар құрылыстары жайын­да ғана емес, жаңа технологиялар негізінде экономиканың сапалы деңгейге көтерілуін қамтамасыз ету туралы болып отыр.

Қазақстан экономикасын инду­стрияландыру негізінде жаңғырту ең алдымен отандық кәсіпорындар шығаратын тауарлар мен қызметтер көрсетудің түрлерін жаппай жаңалауды алға тартады. Бұл үшін жаңа жоғары технологияларға негізделген қосымша құны жоғары өнімдер түрлерінің өндірістерін игеруіміз қажет.

Еліміздегі жүріп жатқан үдемелі индустриалды-инновациялық стра­тегия экономика мен әлеуметтік өркендеудегі аса қуатты серпінге жалғасуы керек.

2014 жылы Қазақстан Жалпы Ішкі Өнімді 2008 жылмен салыстырғанда 50 пайызға арттыруы керек. Бұл жағдайда шикізат экспортының үлесі – 40 пайызға, инновациялық кәсіпорындар саны жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының жалпы санынан 10 пайызға дейін көбеюі тиіс. Экономиканың сапалық жағынан өсуімен қуат көздерінің төмендеуі және еңбек өндімділігінің айтарлықтай артуы қанаттаса жүруі керек.

Үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың басым бағыттарына ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп, металлургия және машина жасау, мұнай өңдеу мен энергетика, химия және фармацев­тика, құрылыс индустриясы мен көлік, ақпараттық коммуникация және уран өндірісі, сонымен бірге, туризм мен ғарыш салалары жатады. Бағдарламаны іске асыру Индустри­аландыру Картасы мен «Бизнестің Жол картасы-2020», Қазақстанның өндіріс күштерін тиімді орналасты­ру Сызбасы мен елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының Болжамды Сызбасы негізінде қатаң түрде алға бастырылуда.

Тау-кен өнеркәсібінде кейінгі жылдары өндіріс көлемі көптеген жаңа кәсіпорындардың пайдалануға берілуі нәтижесінде өсті. Олардың қатарында Ақмола облысының Ва­сильков тау-кен байыту комбинаты, Солтүстік Қазақстандағы титан-циркони кендерін қайта өңдейтін тау -кен байыту комбинаты,Ақтөбе облысындағы хромитті кен өндірісі және жез бен жез-цинк кендерін қайта өңдейтін кен байыту фабри­касы, Қарағанды облысындағы темір кенін қайта өңдейтін комбинат бар.

Павлодар электролиз зауыты екінші кезегінің, Соколов-Сарыбай тау-кен өнеркәсібі бірлестігінің металл прокаты зауытының, Ақсу ферроқорытпа зауыты агломерациялық фабрикасының іске қосылуы тау-кен базасының дамуына жол ашып қана қоймай, металлургия өнеркәсібі секілді экономика сала­сы маңызды буынының қарыштап өркендеуіне мүмкіндіктер ашты. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму шеңберіндегі аталған саланың келешектегі өркендеуі жоғары қосымша құнмен өндірілетін өнімдерді екі есеге дейін ұлғайтуды көздейді. Десек те, бұндағы шешуші мәселелердің қатарында шикізатты экспортқа шығаруды қолдаудан бас тарту, ірі инвеститциялық жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнестің базалық металдарға қолжетімділігі мен инфроқұрылымдарды дамыту істері де тұр.

Дамудың айтарлықтай серпініне отандық көлік, машина жасау сала­сы да ие болды. Бұған Астанадағы Кіндік Азия аймағындағы әлемдік танымалдықтағы локомотивтер шығаратын аса ірі «Дженерал элек­трик» пен «Тальго» жолаушылар вагондарын жасайтын зауыттардың пайдалануға берілуі, Павлодар облысындағы жүк вагондарын жасау зауытының іске қосылуы, Солтүстік Қазақстан облысындағы вагон құрылысы зауытының қайта жаңартылуы, «Востокмаш» теміржол бөлшектерін құрастыру және жөндеу зауыты және ТМД аумағында өз саласы бойынша бірден-бір өнеркәсіп санала­тын тікұшақтарды құрастырып және оларға қызмет көрсететін «Eurocopter» зауытын әртараптандыру, ауыр техникаларды құрастыратын бірлескен «КазБе­лаз» кәсіпорыны мен Қарағанды облысындағы «Сұңқар» авиа­ция зауытының және өзге де өндірістердің ашылуы дәлел. Елдегі ауыр машина жасау жөніндегі жаңа кәсіпорындардың белсенді жұмыстарының нәтижесінде жақын келешектерде Қазақстанның бо­лат жолдарында ескі жылжымалы құрамның бірде бірі қалмайтын болады. Олардың орынын отандық өндірістердің ұшқыр да, аса жайлы техникалары басады.

Бүгінде ел аймақтары экономикаларының құрылымдарында үлкен өзгерістер жүруде. Мысалға, Атырау облысының өңірлік өнеркәсібі мұнай-химия кәсіпорындары жүйелерінің дамуы­мен, Оңтүстік Қазақстан азот-фос­фор тыңайтқыштары өндірісімен, Павлодар хлор және каустік сода өндірумен ерекшеленсе, Маңғыстау облысының өнеркәсібі шыны талшықты және шыны пласти­калы тұрбалар, металлконструк­циялары, теңіз баржалары мен платформалар, сондай-ақ, ұн мен құнарландырылған жемазықтар өндіру салаларына маңыз беру­де. Бұл облыста индустриалдық бағдарлама аясында Қазақстанда тұңғыш кеме жөндеу зауыты іске қосылды.

Осы аймақта өңірлердегі бәсекелестік басымдығын дамыту мақсатында Жапония Үкіметінің халықаралық ықпалдастық Агенттігінің қатысуымен облыстың 2030 жылға дейінгі кешенді дамуы бас жоспарының негізінде жасалған «Жер-Теңіз-Аспан» танымал мега-жобасын алға бастыру ісі де белсенді қолға алынуда.

«Ақтау теңіз айлағы» еркін экономикалық аймағы да өңір эко­номикасын әртараптандырудағы басты плацдармдарың бірі. Соңғы үш жылда ғана ЕЭА аймағы 9 есеге кеңейіп, оның әрекет ету мерзімі 2028 жылға дейін ұзартылды.

Каспий теңізі секторын игерудің Мемлекеттік бағдарламасы аясында келешекте Қазақстан Каспийінің аса ірі гаваны болатын Құрық теңіз айлағы мен жұмысшылар поселкесін дамытудың бас жоспарын жүзеге асыру жұмыстары да жалғасуда.

Қазақстанның индустриалды стратегиясы шеңберінде Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпір бола­тын Орталық Азия аймағындағы аса ірі іскерлік және транзиттік хабқа айналуы керек елдің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдала­ну қадамдарына ерекше назар ау­дарылуда. Осындай жобалардың бірі – Астанада өткен шетел ин­весторлары Кеңесінің 25-отыры­сында Мемлекет басшысы ұсынған «Жаңа Жібек жолы» мега-жоба­сы. Шиыра айтсақ, Қазақстанның шешуші көлік дәліздерінде сауда-логистикалық, қаржылық-іскерлік, инновациалық-технологиялық және туристік мақсаттардағы бірегей халықаралық деңгейдегі хабтар кешендері құрылмақшы. Ал, «Жаңа Жібек Жолы» жобасының бәсекелестікке қабілетті басымдығы «5 С ұстанымы» негізіндегі жылдамдық, жақсы қызмет, оңтайлы құн, сақталу деңгейі және тұрақтылық шарттарымен қалыптаспақшы.

Елдің үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы бағдарламасын жүзеге асыруда Астана мен Алматыдағы индустриялық парктерді одан әрі дамытуға, оның ішінде Қазақстан астанасында жер үстілік ғарыш инфроқұрылымдары бар дамыған жүйелі ірі ғылыми-ғарыштық орталық салуға үлкен маңыз берілуде. Бұдан республика елордасының тек қана автокөлік машиналары құрылысының ғана ірі орталығы емес, сонымен қанаттас адамзаттың жұлдыздар әлеміне қатысты армандарын да іске асыруға күш салатынын көреміз. Аталған іс ғылыми-инженерлік озық әлеуеттерді де өзіне тартатын бола­ды. Олардың баршасы ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынақтан өткізу кешенінде, Жер ша­рын алыстан бақылау орталығында және « KazSat», «KazSat-2» және РҰКБ жер серігі байланысы мен хабар тарату жүйесі орталығында, яғни, аса ірі үш жұлдызды ғаламдар орталығында жұмыс істейтін бо­лады.

Бесінші Астана экономикалық форумының барысында елдер көшбасшылары мен әлемдік сарап­шылар және Нобель сыйлығының лауреаттары да Қазақстанның жаңа жоғары технологиялы экономи­каны жолға қоюдағы қадамдарына жоғары бағалар берді. Оның ішінде әлемдік ғылымдар көшбасшылары тарапынан индустриалдық-инновациялық серпіндер қанатын жайған Қазақстанға керемет идеяларды жүзеге асырудың мейілінше тән екендігі мәлім етілді.

Азия мен Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссияның ақпараттарына қарағанда Қазақстан әлемдегі экономикасы ырғақты да­мып келе жатқан ең үздік топтың сапында. Сондықтан, мұнан да жоғары әлеуеметтік-экономикалық тұрақтылық пен орнықты өркендеуге қол жеткізу үшін елімізде ба­рынша толық мүмкіндіктер бар. Де­ректер мен дәйектер осылай дейді.

Смағұл РАХЫМБЕК,жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =