ҚАЙНАР БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЛАСЫ

0 118
Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде елімізде жүргізілген экономикалық, саяси, әлеуметтік мәдени реформалар, мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау, мемлекеттің мәртебесін көтеру, осының барлығы – тарихта бұрын-соңды болмаған үлкен жетістіктеріміз. Ең басты жетістіктеріміздің бірі – еліміздің бас қаласы Астананың бой көтеруі жаңа тарих бастауындағы ерекше оқиға деп айта аламыз.

 Астана – ұлттық тарихымыздың жаңа шынайы шежіресі, мақтанышы, тәуелсіздіктің символы. Жаңа Астана халықтың рухани серпілісін оятып, қазақтың еңсесін көтерді. Жалпы, жаңа астана қалыптастыру мемлекеттік мұраттардан, ұлт мүддесінен туған ұлы идея екендігін естен шығармауымыз керек. Бұл – Елбасының елдік мұраттарды көздеген көреген шешімі. Астананың болашағы тек құрылыс салумен, сол құрылыс салу арқылы іргесін кеңейтумен ғана өлшенбейді. Астананың болашағы халықаралық, тіпті, әлемдік деңгейдегі басқосулардың алаңы болуымен дараланбақ. Қазіргі әлемдік қауымдастық XXI ғасырдағы дүбірлі жиындарда Астана декларациясы, Астана құрылтайының шешімі, Астана конференциясының ұйғарымы деген сияқты саяси мазмұнға сүйенуде.

Кешегі ЕҚЫҰ Саммиті 11 жылғы дағдарыстан соң, Астана декларациясымен түйінделді. БҰҰ-дан кейінгі ең ірі саналатын Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастық ұйымы болып Астанадағы басқосу барысында өзгертілді. Бұл Астананың әлемдік саясатта шешім шығаратын беделді аренаға айналғанын көрсетіп отыр.

Ендеше, Астананың болашағы дүниежүзілік салиқалы саясатты дамытуымен тікелей байланысты болмақ.

Дегенмен, жаңа қаланың көркейіп дамуымен бірге, өзіне ғана тән әлеуметтік-экономикалық проблемалары туындағаны да белгілі. Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сияқты салалардың қай-қайсысында болмасын қиыншылықтар туындады. Астана – жаңа болашақтың қаласы, сондықтан мұнда жаңа жұмыс орындарын іздеп жас мамандар, шағын және орта бизнестің жаңа көздерін іздеп кәсіпкерлер, т.с.с. көптеп келуде.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жаһандық қаржылық дағдарыс пен құрылыс объектілерінің тоқтап тұруына қарамастан ағылып келіп жатқан адам саны толассыз. Бүгінгі Астана мен бұрынғы Ақмоланың арасы жер мен көктей. Халқы 300 мыңға жетпейтін Астана бүгінде 800 мыңға жуық қазаққа шұрайлы мекен болып отыр.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, «Астанаға жылына 40 мың адам көшіп келеді екен. Кез келген елде халық санының өсуі немесе азаюы, көші-қон, сәбидің дүниеге келуі немесе шетінеу тенденциялары әлеуметтік трансформацияларға, экономикалық өзгерістерге елеулі әсер етеді.

Мәселен, жоғарыда көрсетілген тұрақты демографиялық өсу жағымды жаңалық болғанымен, астаналықтардың ең өзекті де өткір мәселелерінің бірі – жұмыссыздық, мектептер, балабақшалар, баспана жетіспеушілігін тудырды.

Астана тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету проблемасы бүгінгі таңдағы еңбек нарығында өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Сондықтан Елбасы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Жолдауында еліміздегі халықтың әлеуметтік проблемаларын белсенді түрде шешу үшін Үкіметте жұмыссыздықпен күресті бірінші орынға қойып отыр. Әлемнің әртүрлі елдерінде болып жатқан жағдайларға назар аударатын болсақ, қаржылық дағдарыстың салдарынан дүние жүзінде жұмыссыздықтың белең алып отырғанына көз жеткіземіз.

Сондықтан жұмыссыздық мәселесі үлкен әлеуметтік экономикалық қатерге айналып кету қаупі жойылған жоқ.

Астана қаласының халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дәйектеріне сәйкес 2008 жылы жұмыспен қамтуға көмек сұрай тіркелгендердің саны 11 130 адам болса, 2011 жылы жұмыспен қамту органына тіркелгендердің саны 14 855 адам, соның ішінде 8 мыңы жастар болып отыр.

Яғни, бұл дегеніміз – жалпы жұмыссыздардың 50%-ын құрайды деген сөз. Осы фактіні есепке ала отырып, қала әкімшілігі тарапынан жұмыссыздардың әртүрлі дәрежедегі есебіне орай, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізуді, қала мекемелері мен өндіріс орындарындағы бос жұмыс орындарының деректер қорларын құрастыруды, жұмыс беруші мен жұмыссыздар арасындағы тікелей байланысты қоса отырып, бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Жұмыс іздегендердің бастапқы алынған білімі мен жұмыс тәжірибесі әрдайым бос жұмыс орындарындағы қызметтің талабына сәйкес келмегендіктен, кәсіби бағдарлау, мамандарды қайта даярлау курсынан өткізу тиянақты қолға алынуда.

Жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдап, еңбек өтілін жинап үлгермеген студенттер мен колледж оқушылары үшін оқудан бос уақытында жұмысқа орналастыру үшін «Жастар тәжірибесі» қарастырылған. Жастар тәжірибесі кешегі студенттерге мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Жолдама бітірушінің келісімімен бюджет есебінен еңбекақысы төленетін 6 ай мерзімге беріледі. Бұл бағдарламаның неғұрлым тиімді екенін төмендегі көрсеткіштен көруге болады: 2008 жылы Астанадағы ЖОО – 7940 маман бітіріп шыққан, осы жылы жұмысқа орналасқандар саны – 6975 (87,8%), – 109 маман «Жастар тәжірибесіне» ж ол да ма а лд ы. 2009 ж ыл ы бұл көрсеткіш 8083 мыңға жетті, жұмысқа орналасқандар саны – 7006 (86,7%), жолдама алғандар – 1337.

2010 жылы – 8425 маман бітірсе, жұмысқа орналасқандар – 6943 (82,4%), жолдама алғандар саны – 1948. 2011 жылы – 9614 маман бітірді, жұмысқа орналасқандар – 7823 (81,4%) және жолдама алғандар – 783 [8].

Бүгінде қала әкімшілігі жастарымызға нақты жәрдем беру үшін кәсіптік даярлау, қайта даярлау және қабілеттілігін арттыруды 57 мамандық бойынша қолға алған. Екінші өзекті проблема – тұрғындарды балабақшамен қамту мәселесі. 2012 жылдың 9 ақпанында Астана қаласының әкімі елорда тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізіп, өз сөзінде, жалпы, Астанада өте қызық жағдай қалыптасып отыр: бiр жағынан, бұл, әрине, көңiл қуантады, екiншi жағынан, тиiстi қиындықтар туындатады. 2006 жылы балабақша кезегiнде – 8 мың бала, 2008 жылы – 28 мың, ал, 2012 жылдың 1 қаңтарында 52 мың бала тұр. Мұндай бала санының көптiгi мен кезектiң өсiп кетуi, бiрiншiден, миграциялық ағының әсерінен. Екiншiден, соңғы жылдары бiзде бала туу көрсеткiшi күрт көтерiлiп, өсiм жоғарылады. Өткен жылы бiздiң қалада 19000 сәби дүниеге келдi. Әрине, бұл – жас отбасының болашаққа нық сенiмдiлiгiн көрсетедi әрi қаламыз үшiн де, мемлекетiмiз үшiн өте жақсы көрсеткiш. Ал, екiншi жағынан, бала туу көрсеткiшiнiң күрт өсуiне байланысты проблемаларды ұсынықты шешудi талап етедi.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған «Балапан» бағдарламасының аясында 2010 жылы тек Астананың өзiнде – 50, 2011 жылы 33 әртүрлi үлгiдегi мектепке дейiнгi мекемелер ашылды. Осылайша екi жылдың iшiнде 83 балабақша iске қосылып, 20 мыңнан аса қосымша орын жасақталды. Осы жылы тек мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен 10 балабақша салынуда. Бұл – жеке балабақшалар мен мини-орталықтарды есепке алмағанда, қосымша 3 мың орын ашылады деген сөз.

Елордасы Астана қаласында жалпы елімізге тән, сонымен қатар өзіндік ерекшеліктері бар әлеуметтік-экономикалық проблемалар жетерлік.

Елбасының сындарлы саясаты бұл мәселелерді өршітпей, дер кезінде шешімін табуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Елордамыз Астананың дамуына қарап бүкіл мемлекетіміздің дамуы туралы ой түюге болады. Демек, алда атқарылар істер көп. Мұндай ауқымды шаралардың үдесінен шығу үшін бізге қоғамның тұрақты және ауызбірліктің болуы қажет деп ойлаймын.

Олай болса, әрқайсысымыз өзімізге жүктелген міндеттерге аса жауапкершілікпен қарап, бас қаламыздың, демек, еліміздің көркеюіне өз үлесімізді қосу – азаматтық парызымыз.

 

Айтбала ӘБЕНОВА,

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =