«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайғылы оқиға қайдан шығады?

0 144

Астана қаласында жыл басынан бері өндіріс орындарында 32 қайғылы жағдай тіркелген. Салдарынан 13 адам қайтыс болды. Көбі құрылыс жұмыстарында еңбек қауіпсіздігін сақта­мау­дың кесірінен және оған жауапты тұлғалардың бақылаусыздығынан болып отыр.

IMG_3516

Дәл қазіргі таңда елордада құрылыс қарқынды жүруде. «Астана EXPO 2017» объектілерінде шамамен 7 мың­ға жуық жұмысшы бар. Қысқа мерзімде нысанды тапсыру, әрине, жоғары қарқынды еңбек өнімділігін талап етеді. Сондықтан, «Астана EXPO 2017» құрылыс нысаны елорда аумағындағы жарақат алу қаупі тым жоғары объектілердің қатарына кіреді.
Өндіріс орындарында кездесетін қайғылы оқиғалардың негізгі себе­бі – жұмыс өндірісінің нашар ұйымдас­тырылуы. Көлік құралдарын пайдалануда қауіпсіздік талаптары сақтала бермейді. Еңбек құралдарының жарамсыздығы да кездеседі. Кейбір кәсіпорындарда жұмыс орнын ұйымдастырудағы кемшілік, жұмыс күні кестесі мен еңбек тәртібін бұзу жиі орын алады. Сондықтан елордада жарақат алу деңгейінің алдын алу жұмыстарының маңызы артып отыр.
– Еңбек кодексіне 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгерістер енгізілгені белгілі. Сол өзгерістерге орай аталған заңның 197-бабында еңбек заңын сақтауды қадағалаудың басқа түрі – бақылау объектісіне бару аталған. Мысалы, белгілі бір бұзылымды анықтау мақсатымен объектіге барған қызметкерлер бұзылым анықталған жағдайда айып сакцияларын салмастан, ақаулықты жою туралы ұйғарым шығара алады. Яғни, ескерту мен ұсыныс сипатындағы әдіс арқылы алдын алуға жұмыс істейміз. Ол үшін қызметкерлердің қауіпсіздік техникасының нормаларын білуі тексеріледі, – дейді Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы Құрылыс саласында еңбек заңнамасын бақылау бөлімінің басшысы Мұрат Шәкенов.
Оның айтуынша, өндірісте жарақат алу деңгейін төмендету мақсатында апта сайын қала кәсіпорындары мен ұйымдарын аралап, жұмысшылар ұжымымен түсіндіру шаралары өткізіледі. Олардың құқықтары мен міндеттері, жұмыс кезінде пайда болатын белгілі бір мәселелерге қатысты нақты түсінік беріледі. Жалпы, осы уақытқа дейін 3145 адам қатысқан 85 кездесу ұйымдастырылған екен.
Мамандардың пікірінше, құрылыс­шылардың көбі техникалық қауіпсіздік ережелерін елемейді. Өздерінше уақытты үнемдеу үшін батылсынып қауіп тудыратын қадамға қорықпай барады. Мәселен, строп арқанды тақпай-ақ немесе келесі қабатқа көтерілу үшін терезе арқылы шығып, тіпті, ішетін суларын жоғарыдан төмен лақтырып, оны қағып алу үшін жанталасады. Соңы абайсызда құлап немесе дене жарақатына әкеледі. Әрине, мұның бәрі – бақылаудың жоқтығынан. Өйткені, құрылыс саласындағы жұмысшылардың бәрі сол саланың мамандары деп айту өте қиын.
Бұл ретте батыстың тәжірибесін айта кетсек. Ол жақта әрбір құрылысшының өмірі, денсаулығы, қауіпсіздігі тіке­лей қатаң бақылауда. Қауіпсіздік техникасының бұзылуы олар үшін өте тиімсіз. Жұмыс беруші жұмыскердің өміріне жалғыз өзі-ақ жауаптылық танытады. Оның өмірін сақтау бәрінен құнды екенін жақсы біледі. Сондықтан ережені елемеген жұмысшыны жай ғана жұмыстан босата салатын көрінеді.
Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және басқарма сайтында жұмысшы мен жұмыс берушіге еңбек заңының жекелеген нормалары туралы кеңінен ақпарат беруде. Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырыстарында да еңбек қауіпсіздігін жақсарту мәселелері қарастырылып келеді. Мүдделі мемлекеттік органдар мен құрылыс компанияларының басшылары еңбек қауіпсіздігі мәселесіне байланысты 6 кеңес өткізген. Осы уақытқа дейін жұмыс беруші және кәсіподақтармен ынтымақтастық туралы 18 156 меморандум жасалған.
Тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын аталмыш басқармаға жеке және заңды тұлғалардан 2000-ға жуық өтініш келіп түседі. Еңбек заңдылықтары мен еңбек қорғау мәселелері ойынша оларға мамандар тарапынан әрдайым кеңес беріледі.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды