©2020 Астана Ақшамы
ҚАЙ ЖОЛДАР ЖАБЫЛАДЫ?
Кеше елорда әкімдігінің ғимаратында кей көшелердің уақытша жабылатынына байланысты брифинг өтті.
– Бүгінде Астана қалалық Автомобиль жолдары басқармасы «Найза-Құрылыс» концернімен бірлесіп, Қабанбай батыр көшесінің №26 көшеден әуежай айналма жолына дейінгі бөлігін қайта қалпына келтіру жұмысымен айналысуда. Соның шеңберінде Қабанбай батыр көшесінің Хусейн бен Талал көшесінен №31 көшеге дейінгі бөлігін уақытша жабу қажеттілігі туындады. Бұл жерде жылу беретін және су тартатын инженерлік желілерді төсеуге арналған жұмыстар жүргізіледі. Олар 10 қазанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, – деді аталмыш басқарманың басшысы Сымбат Мырзағұлов.
Бұдан соң Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжан Чупеков жоғарыда айтылған өзгерістер жайлы елорда тұрғындарының алдын ала хабардар болып, өз істерін ертерек жоспарлауы керектігін ескертті:
– Қабанбай батыр көшесі жабылса, шаһарда тек екі ірі магистраль ғана қалады. Олар – Орынбор және Тұран даңғылдары. Оның үстіне, 4 қыркүйекте «Астана марафоны» атты үлкен шара ұйымдастырылмақ. Соған орай, дәл осы күні сағат 7.30-14.00 аралығында Тұран, Орынбор, Сарайшық, Байтұрсынұлы, Тәуелсіздік, Қалдаяқов, Нәжімеденов, Аманжолов, Қошқарбаев, Айнакөл, Абылайхан, Пушкин, Сейфуллин, Сарыарқа көшелерінің, сағат 7.30-12.00 аралығында Тұран, Орынбор, Қонаев, Түркістан, Достық, Ақмешіт көшелерінің, ал сағат 7.30-11.00 аралығында Тұран, Достық, Нұрлыжол және Қонаев көшелерінің кей тұстарында қозғалыс шектеледі.
Астана қалалық Жолаушылар көлігі басқармасы бөлімінің басшысы Тұрсынғали Жәкенов марафон кезінде кей автобустардың қозғалысы тоқтатылып, кейбіреуінің бағыты өзгеретінін жеткізді. Ол туралы толық ақпаратты елорда әкімдігінің ресми сайтынан немесе 57-47-77 телефоны арқылы алуға болады.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ