Қай тұлғалар ұлықтауға лайықты?

0 250

13 қаңтарда өткен Нұр-Сұлтан қаласы ономастика комиссиясының отырысында елордадағы бірнеше мектеппен, мәдени ошақпен қатар кейбір көшелерге атау беру мен қайта атау мәселесі қаралды. Нәтижесінде бірқатар ұсыныстар мақұлданды. Кеше бұл мәселе қалалық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Тиісті ұсыныстармен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев таныстырды.

КЕНЕСАРЫНЫ, МАҒЖАН МЕН ШОҚАНДЫ ДА ЕСКЕРУ КЕРЕК

Атап айтқанда, №74 мектеп-гимназияға Мұқағали ­Мақатаевтың, №53 мектеп-лицейге Бауыржан Момышұлының, №51 мектеп-гимназияға Мұстафа Шоқайдың, №78 мектеп-гимназия­ға Смағұл Сәдуақасұлының, №35 мектеп-лицейге Нәзір Төреқұлұлының, №49 орта мектепке Қошке Кемеңгерұлының, №67 гимназияға Ілияс Есенберлиннің, №90 гимназияға Қайым Мұхамедханұлының, №61 орта мектепке Қаныш Сәтбаевтың, «Номад сити холл» театрына Әзірбайжан Мәмбетовтің аттарын беру ұсынылды.
Қоғамдық кеңес мүшесі ­Жанат Нұрғалиев аталған тұлғалар ішінде Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы мен әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің елге сіңірген еңбегін білмей тұрып, ономастика комиссиясы шешіміне қарсы шықты. Мектептер мен өнер ордаларына атау бергенде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының, аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың есімдерін ескеру керектігін айтты.
– Әзірбайжан Мәмбетов – Қазақ­стандағы ең ұлы режиссердің бірі. Бұл кісі астанадағы қазақ театрының бас режиссері-көркемдік жетекшісі болды. Мәмбетов қаншама спектакль қойып, үлкен мектеп қалыптас­тырды. Тәуелсіз Қазақстанның Халық қаһарманы атанды. Театрға оның атын беру туралы ұсыныс шәкірттерінен келіп түсті, – деді Т.Қышқашбаев қоғамдық кеңес мүшесінің күмәнін сейілту үшін.
Ал Смағұл Сәдуақасұлы тұлғасын белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы қайта таныс­тыруға мәжбүр болды.
– Кенесары туралы дұрыс мәселені көтердіңіз. Оның есімі астанамен тікелей байланысты. Ал Смағұл Сәдуақасұлын ХХ ғасырда замандастары «Біздің заманымыз­дың Кенесарысы» деп атаған. Бұл кісі 1925-1927 жылдары Білім министрі болды. Кеңес үкіметінің ішінде жүріп, үлкен жұмыстар жасады. Голощекинге қарсы шығып: «Сіздің «кіші октябріңіз» жарамайды. Қазақтың өзінің дәстүрі бар. Осы саясатыңызбен миллиондаған қазақ қырылады» деп күреске шықты. Сол саясат ұлтқа қасірет әкелгені тарихтан белгілі. Биыл Президент те ашаршылық мәселесін зерттеу керектігін айтты. Мен тұлғаның үш томдығын берейін. Сонда көзқарасыңыз­ды 180 градусқа өзгертесіз. Смағұл ­Сәдуақасұлының сүйегі өртелген еді. Күлі астанаға жеткізіліп, Кенесары сарбаздарының жанына жерленді. Ал Мағжан Жұмабаевтың атын мектепке емес, университетке беру керек. Ономастика саласында 25-30 жылдай жұмыс істеймін. Кезінде Мағжанның атын Солтүстік Қазақ­стан университетіне сұраған, – деді ғалым.

ЕЛОРДАДА РАХМАДИЕВ ЕСІМІ БОЛА МА?

Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрдәулет Оразханов кезінде Мәдениет министрі болған көрнекті композитор, Елбасының шақыруымен елордаға келіп, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында еңбек еткен Еркеғали Рахмадиевтің есімін есте қалдыру жайын көтерді.
– Жақында бізге Айман ­Мұсақожаеваның атынан ұсыныс-хат келіп түсті. Онда Еркеғали Рахмадиев Қазақ ұлттық өнер университетінде көп жыл сабақ бергені жазылды. Оған астанаға келген соң Халық қаһарманы атағы берілді. Сондықтан қазір оның атына көше мен қалалық филармония отырған «Астана» концерт залын беру мәселесін ономастика комиссиясы қарауына шығардық, – деді Т.Қышқашбаев.
Қоғамдық кеңес көпшілік дауыспен ономастика комиссиясының мектептер мен мәдени ошаққа атау беру туралы шешімімен келісе отырып, көшелерді атау мен қайта атау мәселесінде біраз пікір таластырды.

ЕЛГЕ СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ЕСКЕРІЛСЕ…

Т.Қышқашбаевтың мәлімдеуінше, елорда көшелеріне әйгілі опера және камералық әнші, КСРО мен ҚазКСР халық әртісі, Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың, көрнекті мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің, атақты диктор, Қазақстанның халық әртісі ­Әнуарбек Байжанбаевтың, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мақтай Сағдиев пен Бәйкен Әшімовтің, Нығмет Нұрмақовтың, көрнекті жазушы Кәмен Оразалиннің, Ақмола қаласын басқарған Аманжол Бөлекбаевтың, көрнекті ақындар Жұбан Молдағалиев пен Кеңшілік Мырзабековтің, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібайдың, мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зимановтың, «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқан атақты би Әнет бабаның, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан жалғыз әйел ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Дос­панованың, әйгілі әнші, КСРО және Қазақстан халық әртісі, Еңбек Ері Роза Бағланованың, жоңғарға қарсы шайқаста қол бастаған Бердіқожа батырға, Ақмоланың қазақтан шыққан тұңғыш көпестерінің бірі Баймұхамбет Қосшығұловқа, тағы бір көпес Уәли Халфиннің, биыл Қазақ радиосына 100 жыл толуына орай осы радио атауын беру және Жұмабек Тәшенов көшесі мен орамының транскрипциясын Тәшенев көшесіне өзгерту ұсынылды.
Ономастика комиссиясы атау­лары ескірген Павлик Морозов, Ленинградский орамдарын, Новый аэропорт, Пионерский, Проезд 52, Мостопоезд 463, Тарас Шевченко көшелерін қайта атау туралы шешім шығарды. Бұл көшелерді Сейхун, Төрткөл, Талшын, Жартас, Жаңадария деп атау ұсынылды. Осындай ұсыныспен ономастика комиссия­сына аудандардың әкімдіктері шыққан.
– Қалада Тарас Шевченко атында екі көше бар. Біреуі – шағын көше, екіншісі – Сарыарқа даңғылымен қиылысатын үлкен көше. Сондықтан шағын көше атауын өзгерту шешілді. Сығанақ және жобалық атауы Е10 көшесін біріктіріп, Сығанақ көшесі деп атау, Байқоңыр ауданындағы көшелерге жер-су атауларын беру, Есіл ауданындағы «Шығыс Ильинка» тұрғын алабын «Үркер» деп атау қолдау тапты, – деді Т. Қышқашбаев.

ҚАРСЫЛЫҚ БІЛМЕСТІКТЕН ТУА МА?

Қоғамдық кеңестің кейбір мүшелерінің тарапынан ұсынылған бірнеше көшелердің атауларына қисынсыз қарсылықтар туды. Соның ішінде қазақ әдебиеті тарихынан өзінің орнын ойып тұрып алған, туғанына биыл 75 жыл толатын Кеңшілік Мырзабековтің және ежелгі Қараөткел-Ақмоланың экономикасына үлкен үлес қосқан Баймұхамбет Қосшығұловтың аттарына көше беруге қатысты қарсы пікірлер айтылды. Тіпті, «Кеңшіліктің астанаға еш қатысы жоқ» деген сылтау естідік.
Қалада ХХ ғасырдың басында Ресей думасының депутаты болған Шәймерден Қосшығұлұлы атындағы көше бар. Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов енді Баймұхамбет Қосшығұлов­тың атына көше берсек, қала тұрғындары шатаспай ма деп сұрады. Осы мәселе мен Кеңшілік ақынның аттарына көше беруді әлі де пысықтауды ұсынды.
– Баймұхамбет Қосшығұлов – Қазақстанда ең бірінші болып нан өндірісін бастаған адам. 1891 жылы кәмпит-кондитер фабрикасын салды. 1905 жылы медресе салды. Сол медресенің орны астанада қазір тұр. Одан Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан ­Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов оқып шықты. Ресейден балуандар келіп, ­Балуан Шолақты күрес сайысына жібермей қойғанда фабрикасын кепілге қойып, оны қатыстырды. Баймұхамбет Қосшығұлов соңында үлкен із қалдырған адам. «Астананың мыңжылдық тарихы» атты кітабымда соны көрсеттім, – деді тарих ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Марат Әбсеметов.
Бірақ оның уәжі қоғамдық кеңес мүшелерін сендірмеді. Осы тұрғыда Дихан Қамзабекұлы «Қазақ баспасөзін оқымайсыздар» деп шындықты айтты. Расымен, Баймұхамбет Қосшығұлов туралы «Астана ақшамы» газетінде бірталай жазылды. Сайтымыздан бұл жайлы танымал тарихшы ­Жамбыл Артықбаевтың «Қараөткелді көтерген Қосшығұловтар» атты материалын, бұған қатысты басқа да мақалаларды оқуға болады.
Жер-су атауларына келсек, кейбір қоғамдық кеңес мүшелері бірнеше көше атауларынан «жершілдіктің иісі» шығып тұр деген уәж айтты. Әсіресе, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы атауларға шүйлікті.
Осымен мәселеге нүкте қо­йылған жоқ. Бүгін елорданың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауларында да қаралады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =