Қай салаға қосымша қаржы бөлінеді?

0 29

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың 2021 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Биылғы бюджеттің жалпы көлемі 662 млрд 163 млн теңгені құрады. Республикалық бюджеттен 79,7 млрд теңге трансферттер қарастырылған. Соның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыруға 68,7 млрд теңге, ағымдағы шығындарға 6,7 млрд теңге және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 4,3 млрд теңге бөлу жоспарланған. Осыны баяндаған қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев қосымша қаржыны қай салаларға бағыттау жоспарланып отырғанымен таныстырды.– Қосымша қаржыны қалалық орта сапасын жақсартуға және елорда тұрғындарының әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бағыттау жоспарланып отыр. Өткізілген талдау нәтижесінде жеке табыстар бойынша резервтер бары анықталды. Бұл жағдай жеке табыстар жоспарын 36,6 миллиард теңгеге көбейтіп, 388,2 миллиард теңгеге жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Соның ішінде әлеуметтік салаға 7,1 млрд теңге бөлінбек. Осылайша осы саланың жалпы шығыны 194 млрд теңгені немесе бюджеттің жалпы көлемінің 33 пайызын құрамақ, – деді баяндамашы.
Оның айтуынша, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына санаторлы-курортты емге баратын зейнет­керлерге, осы емге ерекше қажеттілігі бар балаларды апаратын адамдарға, жұмыс уақыты сегіз сағатқа созылуына байланысты І топ мүгедектеріне жеке көмекші қызметін ұсынуға, ерекше қажеттілігі бар балаларға инватакси қызметін күшейтуге қосымша қаржы қарастырылып отыр.
Білім басқармасына жаңа білім беру мазмұнында жұмыс істейтін мұғалімдерге үстемеақы тағайындауға, мектепалды даяр­лық ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастыруға, кезекші топтар мұғалімдері жалақысына, бірқатар білім беру ұйымдарын жөндеу жұмыстарына да қосымша қаржы бөлу жоспарланды.
– Қазір денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын күшейтіп жатырмыз. Жаңа туған сәбилерге 10 инкубатор мен 3 өкпені жасанды желдету аппараты, сәбилерді суытып, жылыту 3 аппараты, өкпе вентиляциясы аппараттары, 3 ультрадыбыстық диагностикалық медициналық жүйе сатып алынбақ. Сондай-ақ №14 қалалық емхананы күрделі жөндеуге, 2018 жылы басталған психикалық денсау­лық орталығының күрделі жөндеуін аяқтауға қосымша қаржы қарастырылып отыр, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Дене шынықтыру және спорт басқармасына жан басына қаржыландыруға, Мәдениет басқармасына шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыруға, қаланың мемлекеттік академиялық филармониясының жатақханасын ағымдағы жөндеу мен музыкалық аспаптарды сатып алуға, Жастар саясаты мәселелері басқармасына аула клубтарын материалдық-техникалық жарақтандыруға қосымша қаржы бөлінбек.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына жаңа көшелерді салуға, жолаушылар тасымалын субсидиялауға, қала жолдарын орташа жөндеуге, «Жаңа көлік жүйесі» жобасын іске асыру аясында 210 автобусты сатып алу бойынша лизингтік міндеттемелерді орындауға қосымша қаржы қарастырылған.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына қосымша қаржы 3-ЖЭО құрылысы мен Мыңжылдық аллеясы бойындағы бульварлар мен скверлерді салуды жалғастыруға, жаңа өндірістік аймақ инфрақұрылымын салуға, нөсер сулары кәріздерін дамытуға, тарату қосалқы стансалары мен трансформатор қосалқы стансалар құрылысына қарастырылып отыр. Тасқынға қарсы шаралар аясында және елорда жолдарын су басуды болдырмау үшін нөсер сулары кәріздерін күтіп ұстауға және тазартуға қосымша қаржы бөлінбек.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына жаяу жүргіншілер жолдарын қайта салу мен қоғамдық кеңістіктер құрылысына, велосипед инфрақұрылымының екінші кезеңін салуға қосымша қаржы қарастырылған. Соның аясында ұзындығы 3,7 шақырымды құрайтын веложол салынбақ. Қосымша қаржыға Мәңгілік ел және Кабанбай батыр даңғылдары, сондай-ақ, Сауран, Хусейн бен Талал көшелері квадратында саябақтарды салу жоспарланып отыр.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына қосымша қаржы Нұр-Сұлтан қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын әзірлеуге және елорданың геоақпараттық орталығын құруға қарастырылған. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына жас мамандарға жеңілдікпен несие беру бағдарламасын бастауға, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығы үшін алуға, ескі, апатты үйлерді сүруге, 40 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық сараптама өткізуге қарастырылған.
Құрылыс басқармасына инженерлік инфрақұрылым мен өрт сөндіру деполарын ретке келтіруге, қоғамдық пікірді ескере отырып, жаяу жүргіншілер мен рекреациялық аймақтарды дамытуға қосымша қаржы бөлінбек.
Аудандардың әкімдіктеріне 100-ден астам аула мен 28 қоғамдық кеңістікті абаттандыруға, орамішілік аумақтарды күтіп ұстауға, жөндеуге және көгалдандыруға, елорданың туристік әлеуетін арттыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, Полиция департаментінің жұмысын күшейтуге де қосымша қаржы бөлінеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =