©2020 Астана Ақшамы
Қай кезде ғайбат айтуға болады?
Ислам ғалымдары, айтып жеткізудің басқаша жолдары болмағанда, яки адамды түзету мақсатында айтылуға рұқсат берілген ғайбаттың мына алты жағдайда болатынына ортақ пікірлерін білдірген: 1. Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне зұлымдық жасаған адамға арызданып, «ол маған мынаны-мынаны істеді» деп мемлекет басшысына, сотқа немесе сол залым адамнан ақысын алып беруге шамасы келетін адамға сыртынан сөз айта алады. 2. Жаңылыс бір әрекетті түзету және күнә жасаған кісіні дұрыс жолға салу мақсатында жәрдем сұрап, ол жайлы сөз айтуға болады. Оның ниеті тек жамандықты түзету жағында болу керек, әйтпесе, басқа мақсатта болса, онда ол харам болмақ. 3. Пәтуа сұраған кезде ғайбатқа рұқсат етіледі. Пәтуа сұраушы кісі «Әкем, бауырым, жолдасым немесе пәленше маған былай әділетсіздік жасады. Бұлай жасауы дұрыс па? Одан ақымды алып, жасаған зұлымдығынан құтылу үшін не істеуге болады?» деп айта алады. Асылы, адамдардың аттарын атамай-ақ «былайша әрекет еткен бір кісі жайлы не айта аласыз?» деуі жөн болса да, мұндай жағдайда атын атау да күнә емес. 4. Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатымен мұсылман бауырын ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса немесе оған аманат табыс еткісі келсе не онымен көрші болғысы келсе, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады. 5. Іштей еш дұшпандық ойлап кемсітпестен тек таныту мақсатында «ана ақсақ кісі ше» немесе «ана соқыр кісі бар еді ғой» деп айтуға болады. Басқа сыпайы сипаттарымен таныту мүмкін болса, сол сипаттарын қолданып танытқан абзал. 6. Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады. Пайғамбарымыз «пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін (мужаһир) адамдардың сыртынан айтылған сөз ғайбат болмайды» (Муслим, Зуһд, 52) десе, тағы бір хадисінде «ұяттан жұрдай болған адамның ғайбаты жоқ» (Бәйхақи, Сунән, Х, 10; ән-Науауий, Нузһатуль-муттақин шарху Риядус-салихин, Бейрут, 1991, 2/271-273) дейді.
Ербол ЖАНАТ