«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қай елдің көкөнісі сөремізде

0 347

Өткен жылы «Магнум» супермаркетінде «қазақстандық өнім» деп сатылған картоптың қытайдікі болып шыққаны есімізде. Гендік модификацияланған Қытай өнімдерінен мүмкіндігінше бойын тартып ұстайтын тұтынушы халық сауда орындарының өтірігіне кейіген еді. Мұндай жағдайлар, сөз жоқ, халықтың сатушы тарапқа деген сеніміне селкеу түсірді.

Қауын-қарбыз,жүзім,өрік секілді жеміс-жидек пісіп-жетіліп үлгермесе де, картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша сынды көкөніс молынан өсетін орталық аймақты отандық картоппен қамтамасыз ету қиын ба? Сауда орындары қазір де Қытай өнімдерін сатып тұрып, «қазақстандық» деп жұртты алдап жүрген жоқ па? Бұл жерде жауапкершілік кімде? Сатушылар көтерме сауда орындарында кез келген өнім «мынау қазақстандікі» деп сатылса, сене бере ме? Оны тексеріп, қарап отырған қандай мекеме бар? Біз қазір қай елдің көкөніс, жеміс-жидектерін жеп жүрміз?
Осы сауалдарға жауап іздеп, таяуда елорданың халық көп жүретін сауда орындарын аралап қайттық.

Бағаны тізгіндеп тұрған «Шапағат» коммуналдық базары

25 шілде күні картоп «Шапағатта» – 105 теңгеге, «Артемда» – 120-150 теңге аралығында, «Әлемде» – 140, «Әсемде» – 110-140 теңге аралығында сатылды. Қырыққабат «Шапағатта» –100 теңге, «Артемда» –90-110 теңге аралығында, «Әлемде» –120 теңге, ал «Әсемде» 100-120 теңге аралығында болды. Қаланың ішіндегі азық-түлік ең арзан сауда орындары осы орталықтар дегенмен, бұлардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мәселен, «Әсем» базарына жапсаралас «Сарыарқа» көтерме базарында көкөністер арзан болуы мүмкін де, ол баға тек 20 килограмнан асыра алғандарға арналуы кәдік. «Артем» базарында негізінен жеміс-жидек түрлері төмен бағамен сатылады. Ал отандық өнім өндіруші 55 кәсіпорынның тауарларын өзінің фирмалық бағасымен сатуды жолға қойған «Шағапат» коммуналдық базарында алма, жүзім, өрік, қара өрік, шабдалы, шие, құлпынай секілді жеміс-жидектер «Артемнан» 10-20 теңгеге жоғары болғанымен, негізінен, азық-түліктің барлық түрлері басқа сауда нүктелеріне қарағанда 15-20 пайызға арзан. Оның себебі, бұл базар қазірше «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамына тие­сілі. Елордадағы барлық сауда орындарындағы баға негізінен көтерме сауда базары – «Шарындағы» бағаға тәуелді болса, «Шапағат» базарының әкімшілігі базардағы сатушыларының әр тауар үшін көтерме орталықтағы бағаға үстемелеп 10 пайыздан асыра қоюына рұқсат бермейді. Осы тәртіпті бұзбау үшін базар әкімшілігінің өкілдері күнделікті «Шарын» базарындағы бағаны да бақылап отырады. Сонымен бірге, «Шапағат» орталығындағы төменгі бағаның сақталуын қатаң қадағалайды. Бұдан сатушылар да ұтылған емес. Өйткені, базарда орынды жалға беру құны өзге сауда орындарына қарағанда әлдеқайда төмен. Мәселен, ет сататындарға берілген орындар үшін жалға беру ақысы айына небәрі 10 мың теңге, жеміс-көкөніс сататын орындар – 17 мың, ал сүт, шұжық сататын орындар 30-35 мың теңге ғана.
Бәсекелестік заңы бойынша, тұтынушыдан айырылып қалғысы келмейтін кез келген сауда орны бағаны белгілегенде базардағы бағамен санасатыны анық. Демек, елордада қазіргі күні сауда орталықтарында бағаның тым шарықтап кетпей, шектеліп тұруына да «Шапағат» базарының үлесі мол.

Қызанағыңыз қай жердікі?

Қалалық мекеменің бақылау­ындағы базар бағаны да, тұтынушы алдындағы жауапкершілікті де жүгенсіз жібермейтіні белгілі. «Шапағат» коммуналдық базарының директоры Мұхтар Есболғановтың айтуынша, көкөніс пен жеміс-жидектердің қайсысы қазақстандық не қайсысы қытайлық я пәкістандық екенін ажыратуды қарапайым тұтынушылар білмегенімен, базардағы сатушылар жақсы біледі. Ал әкімшілік, сатушылардың әдебі мен адал қызмет етуін қадағалағанда қай өнімнің қай жердікі екенін ашық айтуды да талап етеді екен.
Көп жағдайда Астанада сәуір айының соңы мен шілде айының басына дейін шетелік картоп сатылады. Өйткені, осы уақытта еліміздегі қоймаларда сақталған көкөніс таусылады да, оның орнын импорт алмастырады. Мәселен, «Шапағат» коммуналдық базарында өткен айларда Пәкістаннан, Қытайдан, тағы басқа елдерден әкелінген картоптар сатылған екен.
Ал қазір елордадағы барлық сау­да орындарының сөрелерінде, негізінен, Қазақстанның оңтүстігінен, Өзбекстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан, сонымен бірге Беларусиядан келген жеміс-жидек пен көкөніс тұр. Өйткені, бұл елдермен шекара ашық. Тамақ өнімдері қай елде арзанырақ болса, кәсіпкерлердің сол елден тасып әкелуіне толық мүмкіндігі бар.

«Артем» мен «Сарыарқа» көтерме базарының «құпиясы»

Анықтағанымыздай, «Шарын» сауда орталығына көтерме бағамен көкөніс жеткізетін кәсіпкерлер «Сарыарқа» көтерме базарына да келіп тұрады екен. Мұнда картоп, қырыққабат, қызылша, сәбіз, пияз секілді өнімдер көбірек алса, төмен бағамен берілетіні сондықтан. Ал жұмыс уақыты ең ұзақ «Артем» сауда орталығына, негізінен, жеміс-жидек көбірек әкелінетін ұқсайды. Айта кетсек, мұнда баға да таңертеңгі уақыт пен кешкі уақытта екі түрлі болып келеді. Әсіресе, сағат 5-тен аса бере үйіне асыққан сатушылар бағаны бірден төмендетіп, қалған тауарларын сатып тауысуға асығады.
Бұл базарға кешкілік барсаңыз, таңертең 170 теңге деп тұрған қызанақты 130 теңгеге алуыңыз мүмкін. Ал таңдау мүмкіндігіңіз жоғары. Тауарына қойған бағасына базар әкімшілігі араласпайтындықтан, сатушылар әрқайсысы еркін жұмыс істейтінін айтады.
Сонымен, елорданың ең берекелі, ең арзан сауда орындары, негізінен,«Шапағат», «Артем», «Әсем», «Сарыарқа», «Әлем» және «Магнум» секілді орталықтар.
«Сауда сақал сипағанша» дегендей, олардың кез келгенінен сіз адал қызмет көрсетуді, қай өнімі қай жақтан келгенін айтуды талап ете аласыз. Осы жөнінде сұрағанымызда біз сатушылардан мынадай жауап алдық.

Гүлнұр Қосбаева,
«Шапағат» базарының сатушысы:

– Дәл қазір менің алдымда лимон мен черриден басқа Қытай өнімі жоқ. Түрлі-түсті бұрыш болған ,ол сатылып кетті. Ал мына картоп, пияз, қырыққабат – бәрі де өзіміздің елде, Сарыағашта өсірілген. Қияр болса, осы Қосшынікі. Біз өзіміз не сатып отырғанымызды жақсы білеміз және тұтынушыға қай өнім қайдан келгенін жасырмай айта аламыз.

 

 

Жандос Бұлынтаев,
«Шапағат» базарының сатушысы:

– Халықты ал­­даған – күнә ғой. Біз де көкөністеріміз, жеміс-жидектеріміз қайдан келгенін қағазға жазып қоя­мыз. Көбіне халық өз өнімдерімізді алғысы келеді. Мұнда қазір черри ғана Қытайдікі, қалған тауарларымның бәрі Сарыағаш жақтан келген.

 

 

 

Саид Валиев,
«Артем» базарының сатушысы:

-Біз көтерме бағамен әкеліп сатқан сатушылардан қай өнім қайдан келгенін міндетті түрде сұраймыз ғой. Өзіміз де көбін ажыратып білетін жағдайдамыз. Бірақ, шынын айтайық, қыс айларында Астанаға қазақстандық жеміс-жидектер әкелінбейді. Әкелінсе де өте аз болады. Сондықтан, ол кезде импорт көбейе­ді. Бірақ көптеген сау­дагерлер Қытайдың қызанағының өзін «Ташкенттікі» деп сата береді.

 

 

Елдос Сойлыбаев,
«Артем» базарының сатушысы:

– Өз басым Ресейдің, сосын Петропавл мен Макинканың картоптарын сатып көрдім, Қытайдікін сатқан емеспін. Біз бағаны айналамыз­дағы сатушылардың қойған бағасына қарап белгілейміз. Асырып жіберсең, ешкім алмай қояды. Өте төмен қойсаң, өзгелер ренжиді. Дәл қазір мен сатып отырған тауардың бәрі – оңтүстіктің өнімдері.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды