Қаһарманның жорық жолы

0 82

Ауған соғысы ауызға алынса, аты алдымен аталатын азаматтардың бірі – Бақытжан ­Ертаев. «Отанды тілмен емес, жүрекпен сүю керек» деп есептейтін оның өмір жолы, ­жауынгерлік тарихы өскелең ұрпақ үшін өнегеге толы.2008 жылы Бақытжан Ертаев­қа еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл даңқты атақ оның басшылық қызметтегі жетістіктері мен көрсеткен еңбегі үшін ғана емес, Ауған соғысы кезінде ержүрек әскери басшы әрі ақылды әскери стратег ретінде көзге түскен ерлігі үшін де берілген еді.
Ауған соғысының ақиқаты қалай? Бұл жөнінде әртүрлі пікір айтылады. Кеңес Одағының сол кездегі идеология­лық үгіт-насихаты бойынша Ауған халқына «көмектесу» мақсатында жасалған соғыс делінгенмен, бұл шын мәнінде КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс еді. Яғни ол – «қырғиқабақ соғыс­тан» кейін КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі. 1979 жылдың 27 желтоқсан айынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасқан бұл соғысқа Қазақстаннан 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21-і хабарсыз кетіпті. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыста қарғыс атқыр қанды балақ соғыстың қасіретін тартқан Қазақстан халқы үшін тағы бір үлкен трагедия еді. Әрине, қазіргі күнде бұл соғыс туралы үстірт пікір айтатын азаматтар да бар. Бірақ сол кездегі саяси жағдай тұрғысынан алғанда, Ауған соғысына қатысқан әрбір азамат өзіне жүктелген жауынгерлік борышты адалдықпен атқарды. Елін, жерін қорғау үшін сап түзеген сарбаз ретінде берілген бұйрықты бұлжытпай орындап, жан алып, жан беріскен қанды майданда ерен ерлік көрсетті. Бұған бүгін біз тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміздің төмендегідей көшелі сөзі айғақ. «Бұл соғыстың ақиқаты әлі ашылып біткен жоқ. Бізді дайындағанда саяси жақтан, яғни ол ел қандай, халықтық болмысы қандай деген түйіндер төңірегінде өте аз мәлімет берді. Бірақ біздің қазақ жігіттері бұл соғыста батырлық қанымызда бар екенін көрсетті. Намысшыл, қаһарман халық екенімізді тағы бір рет дәлелдеді. Бұл соғыста «алға, коммунистер!» деген ұран мүлде болған жоқ, оны ұмытып та кеттік. Есесіне «аруақ» деп атой салған жауынгерлерді көзім көрді. Ол жерде біз тек бұйрықты, тапсырманы ғана орындадық. Ешкім «жасасын партия» деген жоқ» дейді Бақытжан Ертаев.
Б.Ертаев – соғыста нағыз қазақтың қайсар ұлдарына тән ерлік көрсетіп, соғыста сан түрлі әскери тәсілдерді қолдана білген қазақтан шыққан әйгілі стратегтердің бірі. Ертаев ол кезде небәрі 27 жаста болған. Өзінің жастығына әрі әскери шенінің жоғары бола қоймағандығына қарамастан, Кеңес генералдары оны біліктілігі мен тәжірибелілігі үшін батальон командирі етіп таға­йындап, жау бекіністерін көп шығынсыз алатын соғыс тактикасы үшін Кабулға шақырып, командирлерге баяндама жасатқан.
Ауғанстанда Нұристан деген жер бар. Бұрын Кафиристан деп аталатын бұл өңірде өзге дін өкілдері тұрған. Ауғандар олармен 78 жыл соғысып, ислам дінін қабылдатқан соң, Кафиристан атауы Нұристан деп өзгертілген. Бұрын ағылшындардың 18 дивизиясы кіріп, тас-талқаны шығып жеңіліп қайтқан бұл өңірдің жағдайы өте күрделі, халқы да қит етсе қару кезенетін қанкес болған деседі. Ертаевтың қарамағындағы жауынгерлер, міне, осы Нұристандағы Барканбай деген тоғайда тұрыпты. Ертаевқа «мұсылман командир» атағы да осы арада берілген. Ел аузындағы «Ертаев Ауғанстанда мешіт салдырыпты» дейтін әңгімеге арқау болған оқиға да осы Нұристанда болған.
– Батальонымыз Нұристанда тұрғанда, «Комсомольская правда» газеті біздің ­батальон мешіт салды деп жазып жіберді. Бірақ біз мешіт салған жоқпыз, соғыс кезінде біздің танкіміз байқаусызда бір мешітті бұзып кеткен еді, соны жөндеп бердік. Жергілікті тұрғындардың барлығы бізге қарсы шығып, сендерді тірі шығармаймыз дегенде, мен олардың әкімдерімен жолығып, «Анау танкте отырған жауынгерлер соғысты тілеп келген жоқ, бұлар антын, әскери борышын орындап жатыр. Сендер оқ шығарсаңдар, біз де қарап тұрмаймыз. Бірақ соның кесірінен қан төгіледі. Алла қадыр (Алланың қалауымен сайланған әкім деген мағынада), сіз елдің жағдайын ойлауыңыз керек қой» дедім. Сонда қасымызда тұрған бір молда «ендеше сен мұсылман болсаң, қандай дәлелің бар?» деді. Есіме ауылдағы ақсақалдардан естіген «Бисиммилахи рахман-ир-рахим, лә илаха-илла-алла, әшкәдән-алла, мұхаммаду расул-аллах» деген сөз түсті. Оның арғы жағын білмеймін. Соны айтып едім, «ой, сен мұсылман екенсің ғой» деп жөн сұрай бастады. Ертесінде 7 қазақ жігітін ертіп келіп, дәрет алып, мешіттің қабырғасын жөндедік. Сосын бабаларымыздан қалған дәстүр бойынша сол жердегі ақсақалдарды жинап, кеңес өткіздім. Кездесуде біздің тарапымызға қатты сөздер де айтылды. Бірақ біз өзіміздің не үшін келгенімізді шамаша түсіндіріп, аз да болса тіл табысып қайттық. Содан бастап мен сарбаздарыма, біріншіден, сол елдің тарихын сыйлауды, екіншіден, дініне құрмет етуді үйреттім. Сөйтіп жергілікті тұрғындар дінін, тарихын сыйлағанымызды білген соң, бізге де көзқарасы өзгеше болды.
«Түс – түлкінің боғы» деп білетін атамыз қазақ жаман түс көрсе, оны жақсыға айналдырып жориды немесе садақа беріп, түсін ешкімге айтпайды. Бақытжан Ер­таев та журналистерге берген сұхбатында түске қатысты мынадай бір әңгіме айтыпты:
«Батальонымда Сергей деген орыс жігіті болған. Бір күні түсінде марқұм әкесі қабырға тартып түсіргенін көреді. Сол түсін қасындағы қазақ жігіттерге айтады. Олар маған айтып, оны ұрысқа жібермеуімді сұрады. Келістім. Ертесінде сапта тұрғанда «Сергей кезекші осында қалсын» деп бұйырдым. Батальон орналасқан жерге күніне бір мина түсетін. Бірақ ешкім жарақат алған емес. Дәл сол күні мина шатырда отырған Сергейге түсіп, опат болды.
Өзім де талай түс көргем. Бір түсімде Лениннің киімін киіп алған менің ағам: «Бақытжан, мен қазір шығам, сен артымнан шықпа» деді де, есікті тарс жауып шығып кетті. Ертеңінде бригадада маршал Ахремеев кеңес өткізуі тиіс еді. Соған мен әскери колоннаны бастап бармақ болғам, көлікке отырғаным сол еді, маған «Бригадаға тез арада тік­ұшақпен жетсін» деген хабар келді. «Жоқ, мен колоннамен барамын, кетіп қалды деп айтыңыз» деймін хабаршыға. Ол «Болмайды, тез жетсін деп радиомен бұйрық берілді» дейді. Содан тікұшақпен кеттім, ал мен отырған көлікке сол күні мина түсіп, отқа оранды. Бұл кездейсоқтық па? Кейбір ғұламалардың «түсте сыр бар» дейтіні осыдан болса керек».
Ауғанның жорық жолынан өткен Ертаев КСРО-ның жалпы командалық жоғары әскери академиясына түсіп, оны бітіргеннен кейін алты жыл Германияның Потсдам қаласында полк командирі болды. Бұл полктің командирі алғаш рет орыстан басқа ұлттың өкілі болған КСРО Қарулы күштеріндегі тарихи оқиға еді.
«Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев 1952 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Кеңес ауылында дүниеге келген. 1973-1985 жылдары Алматы қаласындағы жалпы әскери командалық училище мен Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдаған ол 1998 жылы Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы, 1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2002 жылы Қазақстан Қарулы күштер әскери академиясының бастығы міндетін атқарды.
Бақытжан Ертаев 2012 жылғы қаңтардан бастап Парламент Мәжілісінің депутаты болды. «Халық қаһарманы» атағымен қатар, «Отан», «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Даңқ» және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − ten =