«Қаһарман ұрпақ» отансүйгіштікке үндейді

0 326

Осыдан екі жыл бұрын елордамызда «Қаһарман ұрпақ» атты қоғамдық қор құрылған еді. Өскелең ұрпақтың бойына әскери-патриоттық сезімді сіңіруге үлес қосып, тарихи тұлғаларымыз бен рухани құндылықтарымызды ұлықтауды басты мақсат еткен «Қаһарман ұрпақтың» бүгінгі атқарған жұмыстары аз емес. Осы жөнінде қоғамдық қор төрағасы Қайрат Елубаевпен әңгімелескен едік. 

Ерлік – ұрпаққа өнеге

– Қайрат Меңдібайұлы, қо­ғам­дық қор­дың атын «Қаһар­ман ұрпақ» ата­уы­ңызға не түрт­кі бол­ды? Оның мақсат-мін­де­ті жайында кеңірек айтып берсе­ңіз…
– Ерлік пен елдік мәселелері қай уақытта да өзекті болған. Тарихымызда Отан үшін отқа түсіп, ұлтарақтай жер үшін жан алып, жан беріскен талай батыр тұлғаларымыз өткен. Азаттық алып, өз алдына жеке мемлекет құру ата-бабамыздан арман болды. Әлмисақтан келе жатқан ата-баба аманатына да қол жеткіздік. Бұл біздің буын өкілдерінің мойнына жүктелген жауапкершілігі мол ауыр міндет еді. Бұл – жастардың еркін аңсары, ана мен сәбидің шат күлкісі-тін. Сондықтан осы бір кезеңде өмір сүріп жатқан біздер тәуелсіздік куәгері ретінде бақытты буынбыз және оның дұрыс бағыт алуына жауапты болуымыз қажет. Өмірде белгілі бір мақсатқа жету бар да, оның қаді­рін түсініп, аялау бар. Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында аянбай еңбек еткен тұлғаларды барынша қадірлей білуге тиіспіз. Біздің мақсатымыз да сол, ерлік пен елдікті, батырлық пен өжеттілікті өскелең ұрпақтың бойына дарыту. Олар тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмегенін, ол үшін қазақ даласы талай мәрте қанға боял­ғанын сезінуі тиіс. Отанға деген адалдықты ту етіп, жү­регіне пат­риоттық сезімді ұялатқан ұрпақ қана елімізді көркейтіп, оның дамуына үлес қосады. Міне, жастарымызды осы бағытта тәрбиелесек деген ниетпен «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорын құрдық. Оның атауына да айрықша мән бердік. Өскелең ұрпақ еліміздін тарихын, кешегісі мен бүгінін жадынан шығармай, даланың дара қасиетін сіңірген тұлғаларымыздың ерлігін өнеге тұтсын деген мақсатпен осылай атадық.

Ұлыларды ұлықтау – парызымыз

– Ал жастарға ерлікті, елдікті дәріптеу мақсатында іс жүзінде қандай нақты шараларды қолға алып отырсыздар?
– Қоғамдық қор көптеген жобаларды жүзеге асырып жатыр. Астананың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып, өзіміз де түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Олардың ішінде, атап айтқанда, Астана қаласы Ішкі істер басқармасының көмегімен «Тарихи атаулы күндер мен аса көр­некті тұлғаларды есте сақтау, ұлықтау бойынша кешенді шараларды ұйымдастыру және өткізу» атты ірі жобаны қолға алдық. Осы шара аясында қазақтың көрнекті тұлғалары жайында кездесулер, дөңгелек үстел жиындарын өткізіп тұрамыз. Мысалы, «Тәуелсіз Қазақстан және Мұстафа Шоқай мұраттары», «Өзбекәлі Жәнібеков және ұлт руханияты», «Тұлға және ғұлама құбылысы: кеше, бүгін және ертең», «Қазақ хандығы және тарих тағы­лымы» атты ғылыми-практикалық конфе­ренцияларды атап өтуге болады.

Бұл шараларға ҚР Парламент депутаттары, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым­­дардың өкілдері, ғалымдар мен сарап­шылар, бюджеттік сала мамандары қа­тысты. Кейін конференцияларда жасалған баян­дамалардың негізінде «Ұлт тұлғалары» атты ғылыми-танымдық жинақты жа­рыққа шы­ғардық. Құрастырған – белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы.

Жалпы ұлт тұлғалары мен отан­шылдық құн­дылықтарымызды ба­йып­таудың астарында үлкен мән бар және оның жауапкершілігі зор. Сондықтан осындай шаралар Ас­танаға ғана емес, елімізге белгілі дәрежеде ғылыми табыс әкелетініне сеніміміз мол.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы­лардың ұлағатын ұмытпау – ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы па­рызы» дейді. Ұлт тұлғаларын ұлық­тап, игі шараларға бастама болып отыр­ған­дарыңыз құптарлық іс екен. Мұндай ша­ра­лар әлі де жалғасын табатын болар?
– Астана тарихи тұлғаларды та­ны­туға және тануға мүдделі. Рухани-тағылымдық тұрғыдан ұлт тұлға­ларының еңбегіне жаңаша көзқарас қажет. Осыған байланыс­ты елордада көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. «Абылай хан тұлғасы және мемлекеттік мүдде», «Әлихан Бөкейхан және Қазақ елінің белесті жолдары», «Мұхтар Әуезов: жазушы, ғалым, қайраткер» атты дөңгелек үстел басындағы ал­қалы басқосулардың бәрі де жас буынға тағылымды тәрбие беріп жатса, мақсатымыздың орындалғаны. Бола­шақта да еліміздің рухани мәдени қазынасына қомақты үлес қосқан ұлыларымыздың ең­бегін ұлықтай беретін боламыз.

Жеңіс күні – батырлық мейрамы

– Енді өзіңіз туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз?
– «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорын құрғанға дейін мен «Ауған­стан соғысы ардагерлері мен мүге­дектері одағы» қоғам­дық бірлестігін басқардым. Осы қызметте жүргенде де қоғамдық маңызы бар іс-шара­ларды өткізуге атсалыстым. Оның барлығы әскери-патриоттық тәр­биеге бағытталды. Қазақстан Респуб­ликасы Әс­кери гарнизонының жеке құрамымен үнемі кездесулер өткізіп, олардың ерлікке толы өмірін халыққа, соның ішінде жастарға таныстырып, үлгі етіп отырдық. Айталық, 2009 жылы Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 20 жыл толуына орай еліміз бойынша Ауғанстан соғысы ардагерлері арасында автожарыс өткіздік. Біз Қазақстанның 17 қаласын жүріп өттік. Барған шаһарлардың бәрінде кездесулер өткізіп, ардагерлеріміз соғыс кезінде көрген қиындықтары мен жүріп өткен жолдары жайында сыр шертті. Олардың шерлі де сырлы әңгімесі көптеген адамға ой салғаны анық. Сол жылдары «Ардагер» атты вокалдық топ құрып, соғыс жылдарында дүниеге келген әндерді шырқата салғанымыз есімізде.

Біз салауатты өмір салтын да насихаттап, Ауған соғысы ардагерлерінен құрылған футбол, баскетбол командасын да жасақтадық және осы спорт түрлерінен өтетін жарыс­тарға да белсене атсалысып келдік. Міне, осындай азды-көпті шаралар арқылы жас­тарға үлгі-өнеге көрсетуге ты­рыстық. Осы орайда бізге үнемі қолдау білдіріп отыратын Астана қаласы әкімдігіне, Ішкі саясат басқар­масына алғысымды білдіремін.

– 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі жылда біркелкі тойланатын секілді. Ол туралы не айтар едіңіз?
– Жеңіс күні – ерлік мейрамы. Ол – Отан үшін от кешкен арда­герлеріміздің батырлығын кейінгі ұрпаққа үлгі ететін айрықша күн. Бүгінде отты жылдары жанын шүбе­рекке түйіп, елін, жерін қорғаған қарияларымыздың қатары сиреп барады. Оларға қандай құрмет көр­сетсек те жарасады. Өкінішке қарай, біз қарттарымызды тек Жеңіс күні ғана еске алып, олардың көңіліне қаяу түсіріп жүрген секілдіміз. Ме­ніңше, Жеңіс күні – бірер күн тойланатын қатардағы мереке емес. Бұл – батырлық мейрамы. Жеңіс күніне байланысты шараларды жыл бойы өткізсек те артықтық етпейді. Есе­сіне, жастарымызды ерлікке, жүрек­тілікке үндейміз. 9 мамыр – өр рух­тың, намыс пен өжеттіліктің, пат­риоттықтың ерен үлгісі ретінде жадымызда мәңгі сақталуы керек. Осы бағыттағы жұмыстарды көптеп қолға алғанымыз жөн.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + eighteen =