Қағаз құжаттармен қош айтысамыз!

0 24

Қазіргі кезде елорда әкімдігі халыққа 158 мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынады. Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет түрлерінің 87 пайыздан астамы электрондық форматта көрсетілген, автоматтандырылған қызметтердің саны 132-ден 154-ке дейін ұлғайыпты. Қала басшылығы осы қарқынды сақтап, 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыруды 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Иә, иә көп ұзамай-ақ қағаз құжаттарға қош айтатын күн туады. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызмет түрлері тізіміндегі 698 қызметтің 85,5 пайызы (!) электрондық форматта көрсетіледі екен. Үкіметтегі шенділер бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 90 пайызға жеткіземіз деп уәде етті.

Қағаз анықтамалардан құтыламыз

Шыны керек, бұрын сатып алған автокөлігіңді тіркеуге бірнеше күн жұмсайтын болсаң, қазір бір банктің қосымшасына кіріп, жұмысыңды 10 минутта (!) бітіресің! Цифрландыру ғасыры деген осы! Кеше ғана Үкімет үйіндегі мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру мәселелеріне арналған жиында Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Халыққа жұмыстың нақты нәтижесі керек. 2021 жылы «қағаз» анықтамалардың қажеттілігін толық жойып, барлық онлайн-қызметтер мен сервистердің қолжетімділігін 100 пайызға дейін жеткізуге тиіспіз» деп мәлімдеді.
Премьер-министр екі құзырлы минис­трлікке нақты тапсырма берді. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға қажетті электрондық медициналық мәліметтерді беруді дұрыс жолға қоюы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнет­ақы және жәрдемақы беру үдерісін цифрландыру үшін қажетті деректерді енгізеді. Бұл, негізінен, халықтың басым бөлігіне әр уақытта керекті ақпараттардың бірі.

Мемқызметтерді цифрландыру 100 пайызға жетеді

Үкіметтегі жиында баяндама жасаған елорда әкімі Алтай Көлгінов жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру 100 пайызға жеткізілетінін мәлім етті.
Қазіргі кезде қала әкімдігі халыққа 158 мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынады. Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет түрлерінің 87 пайыздан астамы электрондық форматпен көрсетілген. Атап айтарлығы, жыл басынан бері автоматтандырылған қызметтердің саны 132-ден 154-ке дейін ұлғайыпты. Өткен жылы мемлекеттік қызмет түрлерін автоматтандыру деңгейі 73 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 97,5 пайызды құраған. Демек, елорда – цифр­ландыру жөнінен көш басында келеді деген сөз. Бұған бір дәлел: қазір «iQala» орталығы «бір терезе» қағидатымен тікелей 134 қызмет түрін ұсынады. Қала басшысы жария еткендей, жыл соңына дейін бұған 16 қызмет түрі қосылып, барлығы 150-ге көбейеді. Бүгінге дейін бас қалада 55 мыңнан аса қызмет түрі көрсетілсе, соның ішінде 13 мыңы – онлайн, 42,5 мыңы офлайн тәртібімен ұсынылған.

Жемқорлық тәуекелін азайтады 

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру тұрғындардың уақытын үнемдеуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Қала басшысы осы түйткілдерге нақты мысалдар келтірді. «Бұрын инженерлік желілерге жалғану үшін кәсіпкерлер әр монополиске барып, көп уақыты мен қыруар қаржысын шығындауға мәжбүр болатын. Мысалы, пәтер сатып алса, құжаттарды қайта тіркеу үшін «Астана су арнасы», «Астанаэнерготұтыну» және өзге мекемелердің кеңсесіне баруы керек еді. Қазір оны «iQala»-да немесе веб-сайтта бір қосымшамен жасауға болады. Өтініш берушіге құжаттары дайын болғаны жөнінде 3 күнде СМС-хабарлама келеді, жеке бөлмеден қол қойылған келісімшартты алады» деп түсіндірді А.Көлгінов.
Сондай-ақ елордада «Мектептерде тамақтануды қолма-қол ақшасыз жүйеге көшіру» жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде ата-аналар балаларының тамақтануын онлайн-тәсілмен бақылай алады. Атап айтарлығы, бас қаладағы қоғамдық көліктердің барлығы электронды төлем жүйесімен жабдықталды. Автопарктердің қаржылық кірісінің ашықтығы деген мәселе болған. Қала басшысы автоматтандыру нәтижесінде көлеңкелі айналымнан түскен қаражаттың 40 пайыздан астамы немее 6,5 млрд теңге үнемделгенін мысалға келтірді. Бұдан бөлек, жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін FACE PAY қанатқақты жобасы әзірленді. Соның шеңберінде төлем төлеудің 6 түрі (көлік картасы, SMS-төлем, QR-код, банк картасы, биометриялық мәліметтер, қолма-қол ақшамен төлеу) қолданысқа енгізілді.
Автоматтандыру үдерісі жылдам жүргізіліп жатқан саланың бірі – сәулет және жер қатынастары. Бұл салада 17 қызмет түрін автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұрын жер учаскесін алу, оның нысаналы мақсатын өзгерту сияқты іс-шаралар 2-3 айға созылса, енді оның мерзімі 5-10 күнге дейін қысқарады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =