Қадиша ЕРМЕКБАЙҚЫЗЫ: БИ ӨНЕРІ ДЕ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

0 439

yfp30

Кәсіби би ұжымдарының ішінде алдыңғы қатардағы орынды алып, елімізде өтіп жатқан барлық мәдени-бұқаралық, мерекелік іс-шаралардың белсенді қатысушысы, өнер майталмандары «Наз» мемлекеттік би театрына биыл он бес жыл толып отыр. Аталмыш би театры – Түркия, Мәскеу, Қытай, Оңтүстік Корея, Болгария, Греция, Катар, Бельгия, Голландия, Франция, Араб және Норвегия мемлекеттерінде ұлттық би өнерін насихаттап, қазақ биінің сұлулығы мен сымбатын танытып, тұғырын биік ұстап келе жатқан ұжым. Қажырлы еңбекпен жеткен он бес жылда ұжымның атқарған ісі өте көп. Осыған орай шығармашылық топ есеп беру концертін өткізбек екен. Мерекелік кеш жайында театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Қадиша Ермекбайқызынан сұрауды жөн көрдік.

– Айтулы мерекеге қандай жоспарларыңыз бар? Арнайы атап өтетін боларсыздар?

– Міндетті түрде. Біз осы мерекемізге қызу дайындық үстіндеміз. Репертуарымызды толықтай жаңартып, халық көрмеген ерекше би қойылымдарын қоямыз. Елде болмаған шоу жасаймыз.

– Кештеріңіз қашан және қайда өтеді? Қонақтардан кімдер қатысады?

– Нақты күні белгіленген жоқ. Айтып өткенімдей, қызу дайындық үстіндеміз. Ал, қонақтарға келер болсақ, ол – құпия. Қандай шоу қоятынымыз да құпия. Алла жазса, шығармашылық кеште бәрін көретін боларсыздар.

– Биыл сіздерге он бес жыл толып отыр. Осынау айтулы күнге қиындық пен қуанышты бірге көріп, біршама белеске жеткендеріңіз бәрімізге аян. Осы уақыт ішінде «Наз» мемлекеттік би театры не істей алды?

– Алғашында «Наз» халық би ансамблі болып 1999 жылы Астана қаласы мемлекеттік филорманиясы жанынан құрылып, 2007 жылы 1 наурыздан бастап қала әкімшілігінің шешімімен «Наз» мемлекеттік би театры» МКҚК болып өз алдына бөлек шаңырақ құрғанбыз. Бастапқы жылдары өте қиын болды. Бишілер жетіспеді. Сол себептен, тіпті, жақын шет елдерден бишілер іздеген күніміз де болған. Шынын айтқанда, он бес жылда көп нәрсені көрген екенбіз. Биші деген мамандық бір адамдарға оңай жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл мамандық өзіне тән қажырлы еңбекті талап ететін шығарма ортасы десем, артық айтқаным емес. Осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтардай жетістіктерге жете білдік. Айта кететін болсам, 2001 жылы ІІ республикалық Ш.Жиенқұлова атындағы қазақ би конкурсының лау­реты, 2001 жылы Халықаралық ІV «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің бас жүлдегері атандық. 2002 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 2004 жылы Қытайда өткен сайыста «Алтын мүсін» иегері атанып, 2008 жылы Голландияда өткен «Worldfestival Parad Brunssum» фестивалінің сертификатымен марапатталдық. Дәл осы жылы нидерландтар елінде өткен интернационалдық фольклор фестивалінің дипломын, 2010 жылы еліміздегі Египет Араб Республикасының өзара ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіміз үшін алғыс хат алдық. Сонымен қатар, қалааралық және республикалық біршама байқауларға қатысып, мадақтау қағаздарына ие болған жайымыз бар. Әр жыл сайын Астана қаласы әкімдігінің алғыс хатымен және Мәдениет басқармасының құрмет громаталарымен марапатталып жүрміз. Міне, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерміз осы.

– Театрдың меншігінде неше қойылым бар? Репертуарларыңыз қаншалықты жаңарып тұрады?

– Репертуарымызда алпысқа жуық хореографиялық қойылым бар. Оның ішінде 30-дан аса қазақ биі мен көптеген әлем халықтарының билері өз меншігімізде. Мақтанышпен айта алатын билеріміз жетерлік. Соның ішінде, «Тұйғындар» тарихи би спектаклі, фламенго стилінде «Балеро», хореографиялық спектакль – «Нұрғиса», жасөспірімдерге арналған тақырыптық спектакль – «Ақ пен қара». Сонымен бірге, мерекелік күндерге де арнайы қойылымдар қойып жататын кезіміз болады. Үнемі ізденіс үстіндеміз. Репертуарымызды үнемі жаңартып, толықтырып отырамыз.

– Театр құрамымен таныстыра кетсеңіз.

– Біздің ұжымда 18 жастан бас­тап 42 жас аралығындағы мықты майталман қызметкерлер қызмет етеді. Мақтан тұтар бишілеріміз өте көп. Соның ішінде 12 ұл баладан құралған бишілеріміз біршама жетістіктерге жетіп, әрдайым бізді қуантып жүреді.

– Сізді «театрдың анасы» деп жатады. Уақытыңыздың көп бөлігін би өнеріне арнайсыз. Қиын емес пе? Өз шығармашылығыңыз жайында не айтар едіңіз?

– «Қиналмадым, бәрі керемет болды» десем, бекер болар. Әрине, қиындық та, қуаныш та мол. Алғашында жұбайым Еркебұлан Ағымбаев екеуміз Астанаға келіп, осы театрды құрған болатынбыз. Бастапқыда жоқтан бар жасадық. Бірінші, Алланың арқасында осындай биік дәрежеге көтеріліп отырмыз. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас балетмейстері ретінде жұмыс атқарып келе жатқаныма, міне, бақандай он бес жыл. Жеткен жетістіктер көп. Оның бәрі – ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі.

– Әйел адамына отбасымен бірге жұмысты алып жүру қиын емес пе?

– Жоқ, қиын емес. Себебі, отағасы да, жаңа айтып өткенімдей, осы театрдың іргесін қаласқан биші. Қазіргі таңда Қарағанды облысы мәдениет басқармасының басшысы. Ол кісі бәріне түсіністікпен қарайды. Өзі де өнер адамы болғандықтан, бәрін біледі.

«Әйел – қырық жанды» деп бекер айтпаса керек. Заман талабына сай отбасын да, шығармашылық жұмысты да қатар алып жүремін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлжәмилә ЗАЙЫРОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =