©2020 Астана Ақшамы
Қадірі кеткен қонақ
Қырықтың бірі – Қыдыр.
Құт – қонақтың аяғымен келеді.
Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.
Біздің ауыл Бурабайдың етегінде болатын. Сыңсыған тоғай, сылдырай аққан бұлақ, таза ауа, жаз болса алаңқай-алаңқайы жеміске толатын тұмса табиғат. Биебауыр белдерінде қымыздық деген шөп өседі. Бір-екі жапырағын ауызға салып жіберсеңіз асау қымызды ұрт толтыра ұрттап жібергендей жағыңыз қуырылып, сілкінген аттай денеңіз бір дір етеді де еріксіз жанарыңыздан жас ытқиды. Шымырқанасыз да ширығып қаласыз. Шиесі, бүлдіргені қандай?! Бармақтай-бармақтай болып қызара бөртіп піскен шағында о жақтың аңы түгіл адамы жайылатын.
Әкеміз сол ауылдан көшер-көшкенше жылқы бақты. Арқаның қысы қандай?! Аптап ыстықта да, шыңылтыр аязда да, сүркей боранда да қылқұйрықтарын шұрқыратып ала таңнан ақ даланың қойнауына сіңіп бара жататын.
Жылқышының үйіне қонақ көп келеді: жоқ іздегендер, адасқандар. Ақ қар-көк мұзда, әсіресе, түн жарымында тереземізді бейтаныс жолаушылар қағып тұратын. Шешеміз соның біріне қабақ шытқан емес. Күн келсін, түн келсін, тікесінен тік тұрып қарсы алатын. Біздер түнгі қонақтарды «бөлісіп» алатынбыз: анау менің ағам, мынау сенің ағаң… Біздің үй ғана емес бүкіл ел осындай қонақжай болатын.
Ес біле бере сол ауылға бардым. Өскен жерің қандай ыстық! Ауылдың шетінен ентелей еніп келе жатқанымда жүрегім елжіреп, көңілім босап сала бермесі бар ма?! О, Тоба! Ұялғанымды-ай! Біреу маған «немене көз моншағың төгіліп отыр» дейтіндей күй кештім. Ауылды көріп, мауқымды басқан соң қыдыруға кірістім. Бірінші барғаным – өзіміздің көршіміз Сәлімжан ағаның үйі. Жеңгеміз сүле қарсы алды: танымай қапты. Танысқаннан кейін барып: «Ойбай, мынау пәленшенің ұлы екен ғой» деп кеп бетімнен сүйді. Мен құшақтай алар деп күткен сияқтымын, азырқанып қалдым. Бір шайдан соң келесі үйге баратынымды білдірдім. Қазір, тұра тұр,– деді де Арман ағамыздың үйіне қоңырау шалды. «Алло, Гүлжазира, үйдесің бе? Сендердікіне әлгі Жанаттың баласы бара жатыр». Солай сөйлесіп жатқан. Мен ойымды басқаға бұрып, терезеге үңіле бергенімде қасыма жетіп келді. – Арман ағаң қалаға кетіпті, ертең бар о жаққа,–деп мәймөңкелеген болды. Осыдан соң-ақ суып сала бердім. Келесі үй де мен күткендегідей қарсы алмаған. Сараң жөн сұрасып, аз сөйлеседі. Көшеден кезіктіріп қалғандарымен де жүре кеңестік. Үйге кел, қонақ бол дегені бірен-саран. Байқағаным, ауылда қыдырыс азайған. Шақырмаса бармайды.
Қазір бәрі өзгеріпті. О жер курорт аймағына енген дейді. Халықтың тұрмысы жақсы екен. Ескі үйлердің орынына кілең жаңа коттедждер салынған. Бірақ, ат шаптырымдай кең үйлерден бір тарлық сезіліп тұрды. Ауа жетпей, кеудемді қусырып тұрған бір тығыздық.
Естияр шақта Еуропада адамдар бір-бірінің үйіне ескертусіз қонаққа бармайды екен дегенді естіп, күліп едім. Қазір күлкім келмейді. Неге? Себебі, өзіміз де сондай болып бара жатырмыз ғой. Себебі, ол – «озық мәдениет». Баяғыдай қонаққа «сойса, қозы өледі, соймаса, ұяттан өзі өледі» дейтін ел жоқ. Керісінше, «қонағын сүймеген баласын ұрады немесе үйін сыпырадының» кері.
Айтпақшы, әлгі ауылдан кетерде аузы дуалы, сөзі уәлі Қоңқыш атама сәлем беріп қайттым. Байқамай ауылдың шетіндегі «Ақмөлдір» көлінің тартылып қалғанын айтып қалмасым бар ма. Атам ыңыранып барып үн қатты:
– Е-е-е…, балам…, ол да халықтың ындын-пиғылына көрінетін ырыздық қой…
Кейін де өткен-кеткеннің айтуынша, жыл сайын «Ақмөлдір» көлінің табанында тай жарыс өтеді екен.
Ербол ЖАНАТ,
erbol-kerei@mail.ru