ҚАБЫРҒАМЫЗ ҚАТАЙМАЙ ҚАРУ АСЫНДЫҚ

0 127

IMG_0315Жарты әлемді шарпыған соғыс өртін көзімен көргендердің қатары сиреп бара жатқанын айтып жүрміз. Сол сирек жауынгерлердің бірі – менмін. Бұғанамыз қатпай, батысқа бет алдық. Қабырғамыз қатаймай қару асындық. Жалғанның жарығының қадіріне жетпей, қып-қызыл жалынның бел ортасына бір-ақ түстік. Әйтеуір, еліміз бен жерімізге баса-көктеп енген жаудың бетін қайтаруға, көзін жоюға күш салдық, тарыдай болса да үлес қостық. Айтуға оңай-ақ! Әйтпесе, мұз жастанып, қар төсенген, өмір мен өлім тайталасқан, өзің қан кешіп, досың жер жастанған күндерді еске алудың өзі… тым қорқынышты. Осындай қырғынды бас­тан өткерген, талайды көрген ақсақал ретінде көкейдегіні бүгінге қал-қадірімше жеткізіп жүр едім. Бүгін де бір ойдың шетін тарқатқым келді…

Біздің қазақ – ұлы халық. Ұлылық – халықтың санымен емес, оның тарих сахнасында қалдырған ізімен, адамзат тыныштығына қосқан өзіндік үлесімен өлшенеді. Өткенге үңілсек, көптеген халықтар адамзаттың ұлы көшіне іліге алмай, жолда қалғанын көреміз. Кейбіреулері мүлде жойылып кетті. Жорытқанда жолы болып, жолдасы Қыдыр болып, аман-есен, өсіп-өніп, өзгелермен иық тіресіп келе жатқан қазақ не көрмеді?.. Жұбанша айтқанда, «мың өліп, мың тірілді» ғой.

Самодержавиялық Ресейдің жазалаушы отрядтары, моңғол, қытай, жоңғар басқыншылары елімізге дүркін-дүркін шабуыл жасап, халқымыздың мазасын талай қашырған. Жайшылықта, ел ішінде суға, жерге, тіпті, жесірге таласып, дауласып жататын қазақтың бір жақсы қасиеті – сырттан келген жауға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», төтеп бере алады. Әлгіндей аласапырандарда да осындай бірлігіміз мызғыған жоқ. Арқасында Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Жетісудың арасын дін аман алып қалдық.

Халқымызды оңдырмай кеткен бір жағдай – отызыншы жылдардағы аштық пен Сталин жүргізген саяси қуғын-сүргін еді. Сталиннің «социализмге жақындаған сайын тап күресі күшейе түседі» деген қағидасының негізінде көзі ашық талай қандасымыз «халық жауы» деген жалған жалаға қалып, түрмеге жабылды, атылды, итжеккенге айдалды. Солардың бірі, көрнекті қаламгер Ахмет Байтұрсынов өзінің ақырғы сөзінде «Қиын емес абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асып, атқаны, қиын екен өз аулыңның иттерінің қапқаны» депті. Иә, осындай жағдайлар да, өзімізді өзіміз құртқан оқиғалар да болған.

Тарихтың сарғайған беттерінде қатталған дүрбелеңдердің бірі – Ұлы Отан соғысы. Кәдімгі, мен секілді көзі тірі куәгерлері бар қақтығыс. Ел үшін, жер үшін болған бұл айқаста миллиондаған азаматтарымыз жат топырақта жер жас­танды. Миллиондаған бала жетім қалды, миллиондаған ана көкжиекке сіңген соқпаққа қарап телмірді, етегін жасқа толтырды, жарын күтті, ұлын сағынды, жесір қалды… Бұл сызаттың орны еш дәуірде де толмақ емес. Адамзат баласының жартысын шарпыған соғыс өрті осылай жалмады талайымызды. Мен соғысты Украина жерінде өткіздім. Отқа жанып жатқан қалалар мен селолар, фашистер айуандықпен өлтірген кінәсіз жандарды, шал-кемпірлерді, жас балаларды көрдім. Олардың сұмдық көрінісі осы күнге дейін көз алдымда, кеудемде.

Осындай қиын-қыстау, аумалы-төкпелі замандадарда Каспийден Алтайға дейін көсіліп жатқан ұлан-байтақ жерді аман сақтап қалған осындай қазақты осал деп кім айтады? Бұл – қайсарлық пен мықтылықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің айғағы. Абайы, Шәкәрімі, Мұхтары, қазақ халқын дүниежүзіне паш еткен Қажымұқаны бар қазақ – ұлы халық.

Бостандық пен тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы болған күресте ата-бабаларымыз қаны мен терін төкті. Бірақ олар аңсаған армандарына жете алмай кетті. Оған, міне, біз – ұрпақтары жетіп отырмыз. Егемендігіміздің көк туын қолымызға ұстағалы жиырма жылдан астам уақыт өтті. Халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарды. Білім беру, денсаулық сақтау жүйелері жетілді. Бұл табыстарымызға шетел басшылары, белгілі сарапшылар өте жоғары баға беруде.

Бүгін дүниежүзінде қазақ халқын білмейтін ел жоқ. Міне, даңқымыз осылай асқақтап тұр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =