Қабылдау бөлмелері қазақша білмей ме?

0 201

Бастықтардың хатшылары көбіне орысша сөйлейді. Тек ресми тілде сөйлеуге тиіспіз деп түсінетін сияқты. Бәлкім, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені олардың құлағына жетпеген шығар? Әйтеуір қашан телефон шалсаңыз да: «Алло, здравствуйте! Слушаю вас!» деп шаңк ете қалады. Оған етіміз үйренгені сонша, қазақша амандасатын хатшыны көз алдымызға елестете алмайтын күйге жеттік бүгінде.

Хатшы өзі қызмет етіп отырған мекеменің айнасы іспетті. Әрі ол – мекемені қоғаммен байланыстыратын тұлға. Сондықтан оның киім киісінен тартып, сөйлеу мәдениеті, жұртшылықпен қарым-қатынасы жоғары деңгейде болуға тиіс. Кейде телефонның ар жағынан айтылған хатшының бірауыз сөзінен сол мекеме туралы жылы пікір түйіп немесе көңіліміз қалып жататын кездер болады.

Астана қаласының жиырмадан астам басқармасы бар. Оның қабылдау бөлмесінде отырған хатшылардың мәдениеттілігіне өз басымыз шүбә келтірмейміз. Тек қазақша сөйлеуге пейіл танытпайтынына қынжыласың. Басқарма бастықтарының хатшылары түгелі дерлік қазақтың қарагөз қыздары. Бірақ қазақша үндерін шығарғысы келмейді. Қашан көрсең орыс тілінде сөйлеп, онсыз да ресми мекемені тіптен ресмилендіріп отырғаны. Тіпті олар өзі хатшы болып отырған басқарманың қазақша атауын дұрыс айта алмайтындай көрінеді бізге. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен де, қыздардың қазақшаны қаншалықты сөйлейтінін білмекке басқармалардың қабылдау бөлмелеріне телефон шалып көрдік.

Алғашқы телефон соққан мекеменің хатшысы «Алло!» дегенше, орысша амандасып үлгерді. «Мен сізді тыңдап тұрмын!» – деді іле-шала. Біз де осы сәтті пайдаланып, басқарманың қазақша атауын айтып беріңізші деп қиылдық. «Қазір» – деді де жанталасып, бір қағаздарды іздестіргендей болды. Тапты-ау әйтеуір. Әдемілеп оқып берді. Өтірік-шынын кім білсін, Сталин бірде жұмыс кабинетінде жалғыз отырса, біреу есікті қағыпты дейді. Ол бірден алдындағы қағаздарын жанталасып ақтарыстыра бастайды. Әрең дегенде бір жапырақ қағазты тауып алып: «кім бұл?» – деп оқып берген екен. Дәл осыған ұқсас жағдай телефонның ар жағында болып жатқанын көз алдыма елестетіп, еріксіз езу тарттым. «Сіз не, басқармаңыздың Атауын жатқа білмейсіз бе?» деп едім, сөзімді елеусіз қалдырып (әлде түсінбеді ме екен не сұрағанымды?!): «Записывайте!» деп қысқа қайырды. Тағы бірнеше сұрақ қойдым да бұл хатшының қазақшаны қатыра қоймайтынын түсінген соң әңгімені аяқтадым.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында отырған хатшы қыз да сөзін бірден ресми тілмен бастады. Басқарманың атын сұрап едік, орыс тіліндегі нұсқасын айтты. Қазақшасын қайталауын өтіндік. Әйтеуір, жатқа біледі екен, тақ еткізді. Сөзімізге көбіне орысша жауап қайтарып тұрған бұған сіз қазақша жақсы сөйлейсіз бе деп күмән білдірдік. Намыстанып кетті: «сөйлеймін, жақсы сөйлеймін»,-деп нығарлап қойды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына телефон шалып едік: «Управление» – деді тұтқаны алған хатшы қыз. Мемлекеттік тілімізді жоқтай бастап едік, ол өзінің қазақшаға шорқақтау екендігін мойындап, бірақ өте жақсы түсінетінін жеткізді.

Білім, Денсаулық сақтау, Тұрғын үй сынды әлеумет көп хабарласатын басқармалардың хатшылары қазақшаға қамшы салдырмайды екен, әйтеуір. Олар тұтқаны көтергенде, адамның сөйлеу ыңғайына қарай бейімделетін секілді. Яғни сіз қандай тілде сөйлейсіз, хатшы да сол тілде жауап береді.

Қашан хабарлассаң да басқарманың атын қазақша айтып, телефонды көтеретін елордада екі-ақ басқарма бар біз білетін. Біреуі – Тілдерді дамыту басқармасы. Бұл мекеменікі түсінікті. Мемлекеттік тіліміздің шашбауын көтеріп жүрген жалғыз басқарма орысша сөйлемейтіні белгілі. Ал екіншісі Алма Алтыбаева басқарып отырған – Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Қай кезде телефон соқсаңыз да, хатшы қыздың «Жұмыспен қамту басқармасы» деп қазақша саңқ ете қалатыны құлаққа жағымды-ақ. Хатшы біткеннің «ә» дегеннен-ақ орысша сөйлейтініне үйреніп қалған қайран басымызға бұл дауыс басқалардан ерек естілетіні шын.

Әсілі, хатшысын көріп, бастығын тану керек. Өзі де қазақшаны қарық қылмайтын басшы қоластындағы қызметкеріне де ондай талапты қоймасы анық. Есесіне, бұл ұсынысты өзгелер айтады. Қалалық Тілдерді дамыту басқармасы жылына бірнеше рет мемлекеттік қызметкерлерге арнап, ақпарат айлығын өткізіп тұрады екен. Осы шара кезінде қызметкерлерге тіл туралы заңнамалар жан-жақты түсіндірілетін көрінеді.

– Біз хатшыларға қазақ тілінде амандасуды әдетке айналдырыңдар деп үнемі айтып келеміз. Жұмыс болғаннан кейін хатшылар ауысады. Олардың ішінде тілді жаңадан үйреніп жатқандары да болады. Біз қай-қайсысына да қазақ тілінде сөйлеуге тырысыңдар, тым болмаса, амандасуды үйреніп алыңдар деуден ешқашан жалыққан емеспіз, – дейді басқарманың бөлім бастығы Қаламқас Кантеева.

Бар қазақтың бас қаласы қай жағынан да өзге өңірлерге үлгі болу қажеттігін Елбасынан бастап айтып жатыр. Ендеше, басқармаларымыздың қабылдау бөлмелері қазақша сөйлеп, басқаларға өнеге көрсетсе, кәнекей. Онсыз да Астананы орыстанып кеткен деп айтып жүр жұрт. Елорданың күре тамырларына қашан қазақы қан таралады екен деп күтіп жүр күллі Алаш. Мемлекеттік кеңсенің құлағы мен көзі болып отырған хатшылар қазақша бір сәлемдесу арқылы мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне қаншама үлес қосатынын білсе ғой.

Елордаға келіп, кететін кісілер көп. Олардың бірі болмаса, бірі қандай да бір мәселемен бас қала басқармаларына телефон шалмайды дейсіз бе? Сонда білдей бір мекеменің хатшысы өз тілінде сөйлей алмай тұрса, елдордамызға сын емес пе?

Жүрегінде туған елі мен жеріне деген жылт еткен жылы сезімі, отаншылдық рухы болса, қай хатшы да алдымен мемлекеттік тілде сөйлеп, мерейін асырары анық.

Тақырыпқа тұздық:

Белгілі жазушы Әкім Тарази бір үлкен бастықтың қабылдауына кірмекші болып келеді. Қазақша білмейтін хатшы қыз:

– Бастыққа кім келді деп айтайын? – деп сұрайды орысша.

– Әкім Тарази келіп тұр деп айт, қарағым, – дейді жазушы ағамыз.

Сөйтсе, әлгі хатшы бастығына:

– К вам пришел аким Тараза, – деген екен.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − fifteen =