«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қабан жыраудан жыр толғады

0 308

Елімізде жыршы, жыраулар шығармашылығына арналған байқаулар саусақпен санарлық. Осындай өнер додаларының қатары толығып отыр. Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жыр атасы – Қабан жырау» атты І республикалық жыршылар байқауы бес күн бойы дүрілдеді.

 

Қалалық Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен байқауды ұйымдастырған Аста­на қаласы мемлекеттік акаде­миялық филармониясының ди­ректоры – көркемдік жетек­шісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Әбді­рахмановтың айтуынша, бұл са­йыс бұдан былай екі жылда бір рет өтетін болады.
Өр мінезімен, от ауыз, орақ ті­лі­­мен Қабан атанып кеткен Қабылиса жырау ХVІІІ ғасырдың екінші ширегінде Жетісу жерінде дүниеге келіп, сол өлкеде жырау­лық, жыршылық, ақындық мек­тептің қалыптасуына үлкен әсе­рін тигізді. Сүйінбай Аронұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы, Қал­қа Жапсарбаев сынды жыр жүй­ріктері Қабан жырауды ұстаз тұтты.
Байқау шартына сәйкес 20-45 жас аралығындағы 13 үміткер үш кезеңде екі шығармадан орындап, міндетті түрде Қабан жыраудың «Аларда ажал жанымды жаңыл­дырар», «Кетесің оқымасаң жолдан тайып», «Қарын бай» сынды жыр, бәйіт, қиссаларын толғау тиіс болды.
Қазылар алқасының мүшесі, әнші-жыршы, республикалық байқаулардың лауреаты Жеткіз­ген Сейітовтің сөзінше, бұл байқауда Сыр елі – жыр елі атынан додаға түскен жыршылардың мектеп көргендігі байқалды. Алайда қатысушылардың көбі жаттаған жырын бойға сіңірмеген. Осы өнер түрін өрістететін бір ұйым да керек екен. «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі бар болса да, айтысты ғана насихаттаудан ары аса алмай жатқан секілді.
Тағы бір қазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов жырдың өлеңмен емес, қара сөзбен айтылатын тұстарында қатысушылар кібіртіктегенін, көркемдікпен толғау жетіспегенін, өткен замандарда жыраулар халықтың рухани көсемі болғанын атап өтті.
Аттары аталған музыка біл­гірлерімен қатар байқауға қазы­лық еткен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов, Мәдениет саласының үздігі Бидас Рүстембеков, жыраулық өнерді зерттеп жүрген ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Қосанова, астаналық филар­мониясының жетекшісі Сәкен Әбдірахманов көш жүре түзелетінін, байқау жалпы жаман өтпегенін айтты.
Байқау қорытындысына ар­нал­ған мерекелік концертте жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарды марапаттау рәсімі өтті. Фархат Оразов (Орал), Хасенхан Кішкенеев (Қызылорда), Темірбек Асқамбаев (Ақтау) дипломанттар қатарынан көрінсе, Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының арнайы дипломы Жұлдыз Ысқақовқа (Алматы), Асан қайғы атындағы арнайы диплом Аманжол Дауылбаевқа (Атырау) тапсырылды. Үшінші орын жүлдесі Мақпал Тоқтағановаға (Алматы), екінші орын Марат Сүгірбайға (Қызылорда) берілді. Бірінші орынды астаналық Ерболат Шалдыбеков қанжығалады. Ал бас жүлде белгілі жыршы Елмұра Жаңабергенованың шәкірті Айнұр Қонысбаеваға (Астана) бұйырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды