ПУТИН АҒЗАМ

0 106

Осы аптада Ресей «жаңа ескі» президентін ұлықтап, Конституциялық негізде тәжін кигізді. Таққа отыра сала жан-жаққа ұшқындаған, алдын ала дайындалып, әлдебір тәртіппен ұйымдастырылған жарлықтар мен бұйрықтардан бұл кісінің өзінің президент болатынына күмәні де болмағанын көрсетеді. Жалпы, ешкімнің де күмәні болмағанға ұқсайды.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРЛІКТЕН ПРЕЗИДЕТТІККЕ

1999 жылдың соңғы күнінің шаңқай түсінде Ресейдің алғашқы президенті Борис Ельцин өзінің жаңа жылдық құттықтауында «Мен кеттім» дегені, «өзім» деген саясатшылардың өзін таң қалдырып, абдыратып тастады. Дегенмен, бұлай етуге елдің қордаланған проблемалары мен сыр бере бастаған денсаулық екенін барлығымыз түсіндік. Ғайыптан пайда болған миллиардерлердің олигархтық топтары, чешен соғысы, 1998 жылғы дағдарыс, дағдарысы несі – банкроттық, «қара сейсенбі», қойшы әйтеуір, Ресейдің сол кезде ядролық бұлшық етінен басқа не қалып еді? Тіпті, АҚШ мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт, көршіміздің бұл міскінін көріп, «Сібір сияқты бай өлкенің тек Ресейге ғана тиесілі екені – әділетсіздік! Сібір – адамзаттың меншігі!» деген екіұдай сөз айтып қалғаны рас. Ресейге «жаяу әскерлетіп» кіріп келуге тек жоғарыда айтылған ядролық қарулардың кедергі болғанына бұл күндері сарапшылардың көбі келіседі.

Ендеше, Владимир Путиннің жұлдызы жанған сәт, тура жаңа ғасырдың алғашқы күні деуге болады. Көп сөзге үйірлігі жоқ, тасадағы клерк рөліндегі премьер-министр әп-сәтте президенттік орынтақты заңдастырып ала қойды. Путин тұлғасында Батыстың үрейі мен қандай да бір тәртіпті сағынған халықтың үміті ақталғаны анық. Владимир Владимировичтің алғашқы президенттік мерзіміндегі 5 көрнекті әрекетін атап өтсек.

1. Олигархиялық топтарды саясатқа ықпалынан айыру. Путин билікке келгенде, тура Кремльге ксерокстың қорабына ақша салып апарып, пара беретін күндер алаяқтардың көздерінен бұлбұл ұшып, биліктің зайырлығы қайта орнады десе болады. «Ельцинге жеке өзім арақ құятынмын» деп бөсетін олигарх Борис Березовский мен сол тектес – «приватизация» деп аталатын қанды ойында әбден байыған тұлғалар саясаттан шеттетілді. Көптеген жекешелендіру нәтижелері қайта қаралып, қажет жағдайда – түрмеге тоғытылғандары да болды. Роман Абрамович, Олег Дерипаска, Михаил Прохоров, Виктор Вексельберг сияқты «ымды» түсінген қаржы алпауыттары жөніне қалдырылып, Березовский сияқтылар шетелге қашты.

2. Чешен мәселесінің «шешілуі». Күшпен болса да, тұрпайы болса да. Қап тауы мәселесінде Батыстың, парақорлық әбден меңдеген әскерилердің және қара халықтың ортасында әрі-сәрі күйде жүрген Ельциннің батылсыздығына нүкте қойылды. Таулы аймақтардағы лаңкестердің қосындары аяусыз бомбаланып, қала ішіндегі партизандық соғыстар да «көшені түбірімен қоса жапыру» арқылы өшірілді. Әрине, бейбіт тұрғын шығындарына келсек, мұны күмәнді жеңіс деп атауға да болатын шығар. Бірақ бір нәрсе анық: чешен мәселесі күн тәртібінен түсіп қалды.

3. Лари Кингке берілген жауап. 2000 жылдың 12 тамызында Баренц теңізінде батып кеткен К-141 «Курск» атом сүңгуір қайығы, президент тұлғасындағы Путинге алғашқы ауыр сынақтардың бірі болды десе болады. Құтқару жұмыстарындағы сәтсіздіктер мен шетелден көмек сұрауға асықпауы Путинге абырой әпермегені анық. Осы күндері президенттік еңбек өтілі әлі бір жылға да толмаған Путинге, CNN-ның аузы дуалы журналисті Лари Кинг сұрақ қойды:
– Сонымен, Ресейдің бұл қайығына не болды?
Путин:
– Ол батып кетті.
Бұл аздап цинизм лебі бар жауап бір жағынан әлемдік қауымдастыққа – жаңа президенттің батыл әрекеттерден қашпайтынын, ешқандай тәсілді қолданудан аянып қалмайтынын, әлемдік саяси жыртыстан өз үлесін оңайлықпен бермейтінін аңғартты. Кейін солай болды да.

4. Еуразиялық Экономикалық Одақ. Елбасымыздың сонау тоқсаныншы жылдарда-ақ ұсынып жүрген Еуразиялық интеграция идеясын Ельцин сөзбұйдаға салып, жүріп алғаны рас. Үзіліп қалған шаруашылық-өндірістік байланыстарды қайта жаңғырту идеясына дәл осы Путиннің тұсында жан бітті. Қазір Қазақстан үшін ең болмағанда кепілді нарық аумағы қалыптасты деуге әбден болады.

5. Ішкі саясат. Путиннің билікке келуімен көптеген саяси реформалар жүзеге асырылды. Алдымен, Думадағы партиялар ірілендіріліп, оңтайландырылды. Ельцин тұсында «жергілікті кінәздерге» айнала жаздаған аймақтық губернаторларды да тұқыртты. Әйтеуір, «аргентиндік әдіс» немесе «чилилік жол» сияқты саяси-экономикалық тәжірибелерге тосқауыл қойылып, елді әкімшілік- шаруашылық басқарудың бұрыннан жақсы таныс әдісі қайта қолға алынды.

Әрине, жетістіктерге біржақты баға беруге болмас. «Мұнайдың арқасы» немесе, тіпті, «қанмен келген жетістіктер» деген бағалар да бар. Бірақ бір нәрсе анық: «Федерация бірнеше ұсақ мемлекеттерге ыдырап кетпес пе екен?» деген ельциндік дәуірдегі күдік сейілді.

ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН – ПРЕМЬЕР-МИНИСТРЛІККЕ

Ресей сияқты алып елді 8 жыл басқарған адамның мемлекеттің өзінен кейінгі саяси бейнесі мазаламауы мүмкін емес. Путин де солай. Бір жағынан, қазіргі саясат әлемі – билікті орта ғасырлардағыдай сенімді мұрагерге тапсырып, қалған өміріңді саятшылық құрып, естелік жазумен өткізуге мұрша бермейді. Дегенмен, өзінен кейін Медведевтің Президентікке келуі – ондайдың қазір де мүмкін екендігіне меңзегендей.

2007 жылдың екінші жартысынан бастап, «тақ мұрагерлігіне» жарыс басталды десе де болғандай. Жүзден жүйрік шыққандар сол кездегі Қорғаныс Министрі Сергей Иванов пен Дмитрий Медведев болды. Путин бұл екі кандидатты жарыстырып қойды десек те болады. Екеуіне де ұлттық жобалар сияқты «үй тапсырмасын» беріп, аяңдарын аңдады. Нәтижесінде бюрократиялық-аппараттық ойындарда тәжірибесі молдау Медведев озды. Дереу, тіпті, автоматизм деңгейіне жеткізілген сайлау ұйымдастырылып, Медведев әп сәтте президентке айналды.

Бірақ Путиннің «ұзын қолы» билікті Медведевке тұтастай тапсырып кетті десек, ағаттық болар. Бұл, әсіресе, Гүржістанмен 8 күндік соғыс кезінде айқын көрінді. Ресейдің барлық әрекеттерінен бұрынғы заңгер Медведевтің емес, бұрынғы КГБ полковнигі Путиннің саяси еркі есіп тұрды. Ал, «бұрынғы чекист» дегеннің болмайтынын біз тағы білеміз.

Тап кешегі Сирия бойынша БҰҰ қарарын бекітпей, АҚШ-ты ызаға булықтырған Ресейдің сыртқы саясатынан да путиндік қайсарды көрдік. Медведевтің Батыстың «Зымыранға Қарсы Қорғаныс» бағдарламасын қилы шырғалаңға салып, біресе – оқпаны бірнеше бөлікке бөлініп ұшатын зымыран жасауға пәрмен беріп, біресе Қиыр Шығыста кезекті зымыран сынағын өткізгенінен де путиндік айбынды байқадық. Украинамен «газ шайқасы», Еуропаның «NABUCCO» газ тасымалы жобасының «қазасы», барлығы, барлығы да – осы төрт жылда нағыз биліктің Премьер-министр Владимир Путиннің ықпалында болғанына меңзейді.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРЛІКТЕН – ПРЕЗИДЕНТТІККЕ. СОҢҒЫ РЕТ ПЕ?

Конституцияның «Бір адам екі реттен артық қатарынан президент бола алмайды» деген бабынан сынық тауып, Конституциялық Кеңеске: «қатарынан болмаса да, арасына бір адам салып болатын шығар?» деген сұрау салып, оң жауабын алған Путин міне, осы аптада үшінші рет Президент болып отыр.

Жалпы, кәсіби саясатшы емес, көрші елдің саяси өмірін газеттен ғана оқитын оқырманның өзінің, Путиннің қайта келетініне сол 2008 жылы-ақ күмәні болған жоқ. Бірақ бұл жәйттің мәні әйгілі «билікте тек таз бен шашты адамның алмасып отыруы» сияқты сақалды әзілден әріде жатқан сияқты. Билік Путинге неге керек? Әбден баю үшін бе? Мемлекеттік қайраткер үшін ұсақтау іс сияқты. Билікқұмарлық па? Жасалып жатқан іс-шаралар жай ғана билікқұмарлықтың мейірін қандыру үшін тым көп сияқты. Ендеше, қалатын жауабымыз – алысқа баратын әлдебір мемлекеттік стратегияны жүзеге асыру үшін сияқты. Ельцин тұсында шайқалып кеткен мемлекет негіздерін ендігәрі тек мемлекетшіл адамға тапсыратындай жүйе қалыптастыру керек. Әйтеуір, осы қызметі Путинге тек жалақысы үшін ұнамайтыны анық.

Соңғы онжылдықта антипутиндік те, путинистік те топтар әбден қалыптасып біткен еді. Батыстың медиаресурстарына «жаңа дем» беріліп, көріктер қайта үрленіп жатыр. Ел ішіндегі оппозиция да наразылықтың қарабайыр көшеде тұрып бақыру түрінен жаңа әдістерге көшкен сияқты. Тағылған кейбір айыптарға назар аударуға тұрарлық. Рейдерлік бизнес. Шикізаттық өндіріс. Православие дінін күштеп таңу. Ұнап тұрған жоқ. Бірақ бірнәрсе анық: тек осы Путин тұсында ғана посткеңестік нұсқадағы Ресейдің күрек тісі шығып, саяси саудаласуды үйренді. Ал, әлемдік саяси ахуал талап етсе, Путин төртінші мерзімге де «сылтау» таба алатын түрі бар. Ең болмағанда, оның беделі мен таланты сондай ойға жетелейді.

Қазақстан үшін де Путин өте-мөте ыңғайлы тұлға десек те болғандай. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одақ идеясын қолдаған Путин, ендігәрі интеграциялық үрдістерді жеделдетпесе, бәсеңдетіп алмайтын сияқты. Өндіріс әдісі, ең бастысы, оның рентабельдік көрсеткіші шамалас елдеріміз үшін 180 миллионға жуық халқы бар нарық көптік етпейді. Оның үстіне, әлем беймаза күйдің жаңа сатысына көшіп жатқанда, көршімізде әкімшілік басқару жүйесі сақталғаны пайда көп тәрізді: ельциндік нұсқадағы демократиялық Ресей әлсіздеу көрінді. Бұған қоса, Ресейдің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ірі құрылтайшысы екенін және Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымының біріккен штабының басшысы екенін есепке алсақ, Елбасымыздың «қауіп оңтүстіктен болуы мүмкін» деген болжамының аясында біздерге серіктес болуды тағдырдың өзі жазған сияқты.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =