©2020 Астана Ақшамы
Пушкиннің «Мысыр түндері»
А.С.Пушкин 1824 жылдың күзінде Михайловское селосында «Клеопатра» атты өлеңнің нобайын жазған. Араға 11 жыл салып, 1835 жылы ол осы өлеңнің шағын, фрагментті повеске айналған түрін «Мысыр түндері» деген атаумен қайта өңдеген. Екеуі де Пушкиннің көзі тірісінде жарияланбаған, ал аяқталмай қалған «Мысыр түндері» ақын өлген соң 1837 жылы «Современник» журналында жарық көрді. Өлеңнің негізіне б.д.д. І ғ. Мысырдың билеуші әйелі Клеопатра туралы рим жазушысы Аврелий Виктордың әңгімесі алынған. «Орыс поэзиясының күні» атанған ұлы ақын қос жанрдың аражігін анық біле тұра, поэзия-дан прозаға ойысқан, өлеңнен қара сөзге іш тартқан. Пушкиннің көркемдік әлемінде оның уақыт озған сайын үдей түскен, архаикадан үзілмеген поэзия жанрынан неоромантизмге құстай ұшқан прозаны жатсынбаған рухы айқын. Жердің тартылыс күшіндей қоғами сипат, оның қазақ топырағындағы бір нышаны данышпан Абайдың поэзиямен бастап, ғұмырының соңында ғұламалық ақырғы аманатын «Қара сөздерімен» бекітуі. Бұл не сонда? Шарасыз дағдарыс па, әлде шығармашылық қалыптың өзіне тән құбылысы ма! Бұл сауал беті ашық қала берсе де болады. «Поэзия – проза» антитезалық текетіресте ақиқат шындық өмірдің суреткерді мәжбүр етіп, өз дегеніне еріксіз көндіруі бек мүмкін. Өмір – өлең бағы, бірақ сайрап жатқан мінсіз жол емес.
«Мысыр түндері» композициясы бойынша – «әңгіме ішіндегі әңгіме», бір тақырыпты екінші бір тақырыптың жарып өтуі арқылы берілетін тәсіл («сквозные сюжеты»). Мұнда ақынның образын оның лирикалық кейіпкері туралы толғау жиектеп, қоршап беріліп, әдемі көмкеріп тұрады («обрамляющий рассказ», «рассказ в рассказе»). Бұл таңғажайып тәсіл сонау атам заманғы грек-римдік классикалық әдебиетінен бастау алады, Апулейден Гогольге дейінгі әдебиеттің бал татыған сырлы дүниесін ашады.
Бұл повесте ақын, шабыт, импровизатор, Клеопатра, той, түн, әйелдің еркекке үстемдігі, құмарлық, жеребе, зинақорлық, өлім тақырыптары қайран қалдырарлық қуатпен беріледі. Повестің сюжеті қысқа: орыс ақынына жатжерлік импровизатор келіп, ақсүйек қауымды театрдағыдай жыр әлемін тамашалауға шақыруға көмектесуін сұрайды. Оның таңдап алған жыры – «Клеопатра».
Ақын образы. Үш тараудан тұратын повесть «Чарский Петербордың байырғы тұрғындарының бірі еді» деп басталады. Ол – ақын. Ақынның өмірдегі пендешілігі мен өнердегі таңдамалығы Пушкин поэзиясының ішкі мазмұны болып табылады. Шабыт қысқан кездері ақын өзінің нағыз бақытына ие. Чарский шабытты «дрянь» – түкке алғысыз нәрсе, көр-жөр деп атай салады, мұнысы шын пейілі емес, алдарқату, евфемизмнен айнымайды, көз тимесін деген ырымшылдық. Шынтуайтында, Чарский үшін өмірдің күллі асыл мағынасы – осы шабыт, поэзия.
Кельт мифологиясында сиқыршы Мерлин – ақын және көріпкел. Ал «Мысыр түндеріндегі» Пушкиннің кейіпкерлері – қос ақынның есімдерінде осы сиқыршылық, адам жанын баурап алатын сүйкімділік бары тағы рас. Дәуіт патшаның өзі әуелде әнші, гусли тартқан. Тіпті ертегідегі жарымес Иванушканың өзі ерекше «поэтикалық сөздің» иесі. Мұсылман мифологиясында ақындар мен сәуегейлер шайтан сыбырлаған сөздерді қайталайды деген сенім болған. Бұл ескі қазақтың дүниетанымында баласы ақын болып туса жылаған, шалық шалды деп қайғырған жұртты еске салады, мысалы, Ақан серінің өмірі.
Поэзия, как ангел утешитель, Спасла меня, и я воскрес душой, – деп мойындағанда Пушкин 1824 жылы Михайловское селосында өзіне өлеңнен қымбат ештеңе жоқ екенін түйсінеді. Жарық дүниедегі қиянатшылдық, күншілдік, екіжүзділік пен сатқындықтан өнері арашалап қалар асқақ болмысын сезіну
Пушкиннің құсалы жанын күйініштен тазалады. Мынау «Мысыр түндері» атты романтикалық повесінің алтын кілті – «Ақын» атты өлеңі.
Поэзияның құдайшыл жаратылысы Ақынды жер бетіндегі лас тіршіліктен арашалап, құтқарып қалғаны туралы асау ой мұнда көзге көрінбес, ақ айдынның иіріміндегі ағым тәрізді.
Чарскийге жасы өзімен шамалас, 30 шамасындағы, (яғни, екеуі түйдей жасты, мұны неге Пушкин қасақана дөп келтіргені артынан белгілі болады) киімі тозыңқы, құс мұрын, қара сақалды итальяндық келеді. Шетелдік «Сеньор, – дейді Чарскийге итальян тілінде, – мен неапольдық суретшімін. Жағдайға байланысты елімді тастап кетуге мәжбүр болдым. Талантыма сеніп Ресейге келдім». Осы арада екеуінің арасында әңгіме өрбиді. А.С.Пушкин өзінің 1825 жылы А.А.Бестужевке жазған хатында келтірілген қағидасын жүзеге асырады. Ол «Проза көп сөзділікті қажетсінеді» деген ұғым («Роман требует болтовни»). Чарскийді Пушкиннің суреттеуінде кекесін де, жеңіл юмор, іштарту да, мұң мен сүйіспеншілік тұтас бар. Жатжерлік бейтаныс петерборлық әріптесіне «Мен кедей импровизатормын» деп ашық айтқанда Чарский құстай ұшып кете жаздайды да, нәпақа іздеп қаңғып келген итальяндықтың жұртшылық алдында жыр оқуына септігін тигізеді.
Итальяндық жыршыны Пушкин «заезжий фигляр» – қазақша «қонақ сиқыршы» деп атайды, бірақ импровизатордың аты-жөні беймәлім болып қала береді.
Фигляр – фокусник, яғни арбаушы, көз байлаушы, масқарапаз деген сөз, ауыспалы мағынасы күлдіргі, қылжақбас, ендеше көне сөз чаровник мұның да дөп мағынасы көз байлауыш; түптеп үңілсек екі сөздің де шығу тегі бір сөз екенін ұғыну қиын емес. Сөйтіп, Чарский мен фигляр – омонимдік сөз ойнатудан түзілген атаулар екен. Сонда Чарский, ол да ақын және жолаушы итальяндық, ол да ақын, бұл екеудің бір ғана адам екені әбден ашылып қалмай ма! Үлкен әдебиетте осы тектес құпия сәйкес мезеттер, псевдонимге, бүркемешілік пен астарлауға, ишарашылыққа құштарлық аз емес. Повестің қос кейіпкері, дәлірек айтқанда Александр Сергеевич Пушкиннің өз двойниктері, яғни, қос тамшыдай ұқсас жандар, егіздері, пішін, келбеті айнымай қалған әлгі екеуге өзін қосса үш ақын – оның үш ипастасы.
Александр Сергеевичтің күллі әлемге тарап кеткен Пушкин деген фамилиясының өзінде дыбысқа байланысты ой жатыр. Пушкин, Пушка орыстың дворян тегі арғы түбі Пруссиядан шыққан Рачи деген кісіден тарайды. Бұл есімнің артиллериялық қаруға еш қатысы жоқ. Ол «пухать», көне русь тілінде «шуметь», «грохотать» деген сөзден туындаған. «Так остался в памяти истории шумный и громогласный боярин Григорий Пушка», – деп жазады зерттеуші қауым (Г.Каменская). «Мысыр түндерінде» А.С.Пушкин өзінің бір емес, екі бірдей прототипін неғып берген?! Бұл шығармашылық сарынды ашатын, Ақынның жалғыздығын баса білдіретін (Мағжанда: «Ақында адамзаттан дос болмайды») содан бір от, бір мұз жан сарайындағы жарық шырақ – ерен нарцисстік бейненің метаморфозалық бұла келбетін көрсету үшін керек болғаны ғой. Ақындық Тәңірден, Құдайдан берілетін құдірет екенін Пушкин: «Импровизация басталды. Ол Құдайдың жақындағанын сезінді» деп түйіндейді.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы
(жалғасы бар)